Бір қап ақша

Өткен ғасырдың сексенінші жылдарында колхоздың ірі қара малын ала жаздай таудан әрі асырып бағатын. Оған өзге колхоздың малшылары қосылып, бір қауым ел болатын. Осы малшылар аптасына бір рет ауысады. Ауылдан барғандар апталық тамақтарын өздерімен ала кетеді. Таудағылар оларды күтіп алып, малын өткізіп ауылға қайтады. Бұл сол кезде болған оқиға.
Бірде ауылдан барған екі малшы тамақпен бірге «ащы су» да ала келеді. Бұрынғысы бар, кейінгісі бар арақты бөлісіп ішеді. Кезегін өткізгендер елге қайтып, ауылдан барғандар қайда асықсын, аттарын топ шеңгелге байлап қойып, қалған арақты ішіп отырғанда төбеден бір ұшақ ұшып өтпей ме?! Сонда үлкенірегі «Е-е, осы самолеттен бір қап ақша түсіп қалса ғой» деп армандап отырса, қасындағысы «дұрыс болатын еді, бөлісіп алар едік» депті. Үлкенірегі «Сен де бір нәрсе көрсең жабыса кетесің. Сұрай бергеніңді қашан қоясың? Саған қайдағы ақша?» депті. Кішісі: «Өй, менде де бала-шаға бар. Жартысы болмаса да бір қап ақшадан неге бөліспейсің? Өзің бір пес адамсың, анадайсың, мынадайсың...» деп айтыса кетеді.
Сонымен, іштегі «ақаңның» күші бар, айтыстың аяғы төбелеске ұласып, бір-біріне жіберіп ұрған бөтелкеден аттары үркіп, топ шеңгелді жұла қашады. Жұлынған шеңгел жіпке ілесіп, доңғалана ойнап аттарды одан бетер үркітеді. Аттар көзден ғайып болады. 
Екеуі көздері көгеріп, аттарын іздеп ауылға келеді. Оларды көрген жұрт алғашқыда аң-таң болып, мән-жайды білгеннен кейін күлкіден естерін жия алмай жүрді.
Пікір қалдырыңыз