«Шора батыр» жырының көркемдік кестелері

Өткен ғасырда өктемдік жасап тұрған коммунистік жүйе өгейлік танытқанымен, халық сан ғасырлар бойы өзінің көркемдік көрігінде сомдаған тарихи тұлғаларды жадынан шығармады. Шынайы өмірден алынып өрнектелген Шора Нәрікұлы туралы ел аузында жүрген аңыз-әңгімелер де, хатқа түскен жырлар да жетерлік.
Кеңес өкіметі тұсында соңғы рет «Шора батыр» жырының Ә.Диваев жинаған нұсқасы 1939 жылы С.Мұқановтың алғысөзімен жарық көрген «Батырлар жырының» І томына енгеннен кейін саясаттың дүлей дауылы эпостың басқа нұсқаларын «шаң басқан архивтерге» тығып тастады. Мұның өзі көзіқарақты, көкірегі ояу зиялы азаматтардың қамқорлығымен ғана жиналып, сақталып қалды.
 Арада жарты ғасыр өткен соң, яғни 1989 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясы М. Әуезов атындағы «Әдебиет және өнер» институтының дайындауымен баспадан шыққан «Батырлар жыры» көп томдығының бесінші томына Мұрын жыраудан жазып алынған «Қырымның қырық батыры» енді. Осылай тармақты жырдың толық нұсқасы тұңғыш рет оқырманымен табысты. Жырдың «Қарадөң батыр және оның ұрпақтары» деген екінші бөлімі «Шора батырмен» аяқталады.
1993 жылы «Жалын» баспасынан филология ғылымының докторы Қ.Саттаровтың Болатбек Есдәулетұлынан жазып алған көлемді де көркем нұсқасы жарық көрді. Осылардан басқа Қазақ КСР Ғылым академиясының қолжазба қорында «Шора батыр» жырының бес нұсқасы сақтаулы. Олар – Мұсабек Байзақұлының айтуынан М.Тоққожаев жазып алған, Сәдібек Мүсірепұлынан қарындасы Сарқыт жазып алған, Нақбек Оразбекұлы жазып алып (кімнен екені белгісіз) тапсырған және Мырзабек Байжанұлы айтуынан Әуелбек Қоңыратбаевтың жазып алған нұсқалары.
Бізге мазмұны таныс «Шора батыр» жыры нұсқаларының барлығында дерлік сюжеттік желі (шамалы өзгешеліктеріне қарамай) біркелкі дамиды. Ол:
1. Нәрік пен бәйбішесі Құлқаныстың (Ә.Диваев нұсқасында Меңсұлу, Мұрын жырау нұсқасында Меңді ару) Қазаннан өкпелеп көшуі;
2. Елден ауа көшкен қос ғаріптің көп қиыншылық көріп, Аққала деген шаһар маңына қоныс тебуі;
3. Аққаланың ханы Қарахан әділ кісі, бірақ қолында билігі жоқ болып, «ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс» Әліби деген бидің қарауындағы елге өктемдік жүргізуі;
4. Өкпе арқалап келген екі бейбақ тағдырының тағы да талауға түсуі;
5. Әлібидің тізесі қатты батқан мұңлықтардың енді Құдайдан перзент сұрап, ел кезіп, әулие-әмбиелерге түнейік деп түюі;
6. Басқа батырлар жырындағыдай Нәрік пен Құлқаныстың да түгелге жуық қасиетті әулиелерді аралап, ешбірінен қайыр болмай, Баба түкті Шашты Әзіз тілектерін қабыл етіп, Шора есімді перзент беруі;
7. Алла-тағалаға жалбарынумен дүниеге келген жалғыздың эпосқа тән шапшандықпен өсуі; 
8. Алғашқы ерлік, яғни қырық үйлі таманың қырық баласын шеттеткен түрікмендердің мың баласын жазалау; Әлібимен айқасқа түсіп, ерлік көрсетуі;
9. Батырдың Қазан шаһарына қарай бет алуы;
10. Қазанды қалмақтардан (Ә.Диваев нұсқасында орыстардан) азат етіп, жеңіске жетуі;
11. Нәрік пен Құлқаныстың қайта оралып, ұлан-асыр той жасауы.
Эпос нұсқаларының  композициялық құрылымында біркелкілік болғанымен, себеп-салдар  тұрғысынан келгенде Мұрын жырау нұсқасында жыр оқиғасы басқаларға ұқсамайды. Жырда Нәріктің  өкпелеп елден көшуі былайша баяндалады:
Бес қатынды тастады,
Бір жүрісті бастады.
Ноғайлы көзін салар деп,
Меңдіні тартып алар деп,
Бұл Қазаннан кетемін
Енді шығып далаға,
Тұрмаймын деп қалада
Көшіп алып жөнеді... 
 (Батырлар жыры. –Алматы, 1989. 5т., 313 б.)
Ал, Ә.Диваевтың нұсқасында белгісіз бір себептермен Қазаннан ауып келген Нәріктің жат елде жүрген жерінен басталады (Батырлар жыры. Алматы, 1939. 252 б.).
Бұл нұсқада Аққаланың патшасы Қарахан емес, Ақшахан. Нәрік туған елін, жерін аңсап кетпек болғанда сыйластық-достық көңілдегі Ақшахан тоқтата алмай, Меңсұлудың парасат пайымы мол сөздерінен кейін ғана көздеген ойынан бас тартады. Сөйтіп ақыл-көркіне тәнті болған Меңсұлуға үйленеді. Содан кейін жырдың сюжеттік желісі басқа нұсқалардағы арналарға тоғысады.
Эпостың осы екеуінен басқа нұсқаларындағы Нәріктің Қазаннан ауа көшуі Шұбар атқа байланысты. Нәріктің Есім деген інісінің жылқысын қалмақ шауып (кей нұсқаларда елде үлкен той болып)  Шұбар атты сұратып кісі жібереді:
Шұбар атты сұратып,
Жіберді Есім ініңіз.
Бөтен емес, бөгде емес,
О да өзіңнің біріңіз!
Шұбар атты мінуге, 
Байеке келмес күйіңіз.
Қартайғанда, байғұс шал,
Ашылмаған гүліңіз.
Есімнен басқа кімің бар,
Тілеуін тілеп жүріңіз, –
деп Нәрікке қолқа салады.Бірақ:
Тоғайда  он мың жылқым бар,
Атханада жүз тұлпар
Таңлап мін Есім біреуін, –  
деген жауапты естіген соң, мынадай сөздер айтады:
Жасың болса қартайып,
Сақал-мұртың қуарды.
Көкірегің күркілдеп,
Көзіңнің алды мұнар-ды.
Әлі де үміт қыласың
Құлқаныс перзент туар деп.
(Шора батыр. –Алматы, 1993. 18б. Болатбек Есдәулетұлы нұсқасы)    
Осыдан бастап, Нәріктің іс-әрекеті қаһармандық жырларға тән «перзентсіздік зары» деген ұлы сарынға ұласады:
Қартайсам да Шұбарды
Өзімнен туып бір бала
Міне ме деп жүр едім.
Ырым ғып жүрген бір атты,
Осынша неге сұрадың...
Тентіреп кетіп өлейін,
Бұл Қазаннан кетейін,
Көз көрмеске жетейін,
Жақсы нұсқан іс болса,
Сырттағы дұшпан табалар.
Қайықшы мен балықшы
Судың бойын жағалар.
Кетер болдым Қазаннан,
Кемшілік көрдім баладан. 
(Сонда, 22 б.).
Нәріктің өз туыстарынан да, бөтен елден де көретін қорлығы артынан ерген баланың жоқтығы екені жырда анық айтылады. «Перзент деген, жақсылар, адамзаттың шырағы» деп тұжырымдайды эпос.
Байыптап қарар болсақ, батырдың туғанына дейінгі оқиғаны суреттеу үлкен тарихи идеялық қызмет атқарады. Демек, қартайған ата-ананың Жаратқаннан перзент сұрап, мінәжат етуі тек жеке бастың тілегі ғана емес, белгілі бір ру, тайпаның шын мүддесі екені даусыз. Сол сияқты «Шора батыр» эпосының да негізгі нысанасы – жау қолында қалған Қазанды азат ету идеясына алып барады.
«Шора батыр» жырының басталуындағы қалыпты да тыныш жағдайды қозғалысқа салатын эпизод Шұбар атқа байланысты болуы жайдан-жай емес. Бұл халқымыздың жүйрік атқа деген сүйіспеншілігін анық байқатады. Ғасырлар бойы көшпелі ғұмыр кешкен ата-бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігінде жылқы малының ерекше маңызы болғаны белгілі. Ішсе – қымыз, мінсе – көлік, жесе – ет болған жылқы малы ел санасынан өшпес орын алған.
Бұған дәлел болар аңыз-әңгімелер, мақал-мәтелдер жетерлік. Соның барлығында да жүйрік, жорға, тұлпар, арғымақ тұлғасы көкке көтеріле мадақталады. Мұның түп-төркіні жылқының ұлттық тарихымызбен бірге жасасып, қызығына да, қиындығына да ортақ болып келе жатқандығына байланысты. Ал, батырдың мінген аты жүйрік болып көрсетілуі қаһармандық эпостың басты идеясына – елді сыртқы жаудан қорғау мақсатына тікелей қатысты. «Ат – ердің қанаты» деген нақыл сөз – ғасырлар бойында қалыптасқан түйінді пікір. Соғыстың, жеңістің тағдырын атты әскер шешетін кезеңде жүйрік аттың қаншалықты қадірлі болғанын көз алдымызға елестету қиын емес.
Сондықтан болар «Шора батыр» жырында да айрықша орын алып, болашақта батырдың сәйгүлігіне айналар Шұбар ат ә дегеннен ел сүйсінердей суреттеледі. Шұбар жырдың бір нұсқасында:
...Қара суды қақ жарып,
Ішінен шығып бір Шұбар
Оқыранып шауып кеп,
Көп жылқыға қосылды, –  
(ҚР ҰҒА Қолжазба қоры. П. 235.)
деп бейнеленсе, енді бір нұсқасында оның жаратылыс тумысы тіпті ерекшелендіріліп, сиырдан туған, Нәріктің бәйбішесі Құлқаныстың емшегін еміп өскен болып, адам таңқаларлықтай көркемдік дәрежесіне көтеріледі (ҚР ҰҒА Қолжазба қоры. П. 286.).
Аққалада қалағанын қармап, таңдағанын тақымға басып үйренген Әлібидің көзқұртын жейтін де – Шұбар ат. «Қазаннан қаңғып келген қубас» атанып, Әлібиден зәбір шеккен Нәрік пен Құлқаныстың енді жаратқан Аллаға жалбарынып, ел кезіп перзент (яғни, Шұбар атқа лайық ер) сұраудан басқа лажы қалмайды. Сондықтан:
Ұлсыз адам қор екен,
Қызсыз адам зар екен,
Ұлсыз, қызсыз ғаріпке,
Кең дүние тар екен.
Баласыз тойға бармағың
Басыңа қиын ар екен.
Жинаған иесіз дүниең
Далаға біткен мал екен, – 
(Болатбек Есдәулетұлы нұсқасы, 18 б.) 
деп Нәрік зар илейді.
Эпос зерттеушілері қаһармандық жырлардағы баласыздық  зары сарынының астарында рулық-патриархалдық, феодалдық дәуірдің дәстүрі жатыр деп тұжырымдайды. Бұл – заңды да. Өйткені, патриархат үстем болғалы бергі кезеңнің бәрінде атадан қалған мал-мүлік ұлға тиесілі болған. Сондай-ақ, рулық  өмірдің жалғасуы да тікелей сол рудан тараған мұрагердің бар немесе жоқтығына байланысты. Баласыздық зары «Алпамыс батыр» жырында да Байбөрі арқылы:
...Алмадың Құдай жанымды,
Бір баланың жоғынан,
Ағайын жеді малымды,
Айналайын атыңнан
Жаратқан жалғыз Құдайым,
Бір баланың жоғынан
Зорлық қылды маңайым.
Сүйегім кетті жасық боп
Аққан жасым тия алмай,
Перзенттің дағы өтеді.
Баласы жоқ адамның
Әркімге ақы кетеді.
«Байбөрі қубас» деген сөз
Сүйегімнен өтеді, –
 (Батырлар жыры. –Алматы, 1983. І т., 222 б.)
деп баяндалса, «Шора батыр» жырында да Нәріктің мұңлы шері осы сарындас. Оның Қазандағы қалың елінен кетуінің себебі «қубас» деген сөзді естіп, ең жақын туысына көңілі қалғандықтан болады. Ноғайлы-түрікмен еліне ауып келгенде де Нәрік баласыздықтың зарын тартады. Сондағы Нәріктің нала-мұңы жоғарыда келтірген Байбөрінің зарымен үндес. Салыстыру үшін үзінді келтіріп көрейік:
Айта берсем таусылмас
Ішімдегі арманым 
Арман емей немене
Бір тұяқсыз қалғаным!
Баланың жалғыз жоғынан
Хан тойына бармадым.
Шаршы топтың ішінде
Басымнан түсті зейнетім...
Бір перзентке зар қылды-ау
Жаратқан жаппар құдіретім!
Егесіз қалар мал-мүлкім
Бір күні жетсе нәубетім.
 (Болатбек Есдәулетұлы нұсқасы, 37 б.) 
Эпикалық батырдың дүниеге келуі керемет оқиғалармен өрнектелмесе, оның кейінгі ерен ерліктерін тыңдаушы қауым қабылдамас та еді. Жауға жалғыз шабатын батырдың жаратылысын ғажайып етіп суреттеу сарынының сыры осында жатқаны анық. 
Эпостық жырлар – ең алдымен ғажайып тілімен және фигура, теңеу, эпитет, метафора, кейіптеу, гипербола сияқты көркемдік құралдарымен қымбат. Бұл белгілер қаһармандық жырлардың алпыс екі тамырындай күй шертіп тұрады. Сондықтан, батырлық эпостың болмыс-бітімін тап басып, танып-білу үшін, оның көркемдік тәсілдерін зерделеу ләзім.
Батырлық  жырдағы бас кейіпкер – дүниеге ерекше келген, асқан күш иесі. Сол себепті, оның қарсыласы да өзіне лайықты болуы керек. Күші жағынан батырмен тең түсетін, кей тұста тіпті артықша айбарлы суреттелетін жау батырын қаһарман үлкен қиындықпен жеңеді. Батырлық эпостарға тән бұл көркемдік тәсіл «қарама-қарсы суреттеу» (констраст) деп аталады.
«Шора батыр» жырындағы қалмақтың батыры Қараман өте қаһарлы болып бейнеленеді:
...Есіткен соң бұл сөзді,
Қаһарланды Қараман.
Шамырқанып шамданып.
Нар бурадай жараған
Ұрыс болса майданда
Құдайдан  қайрат сұраған.
Қаһарланса, қайраты
Жауған қардай бораған.
Жаңбырдай болып оқ жауса,
Жығылмаған жарадан.
Ізденіп жүріп ұрысқан,
Табылса жауы даладан, –
(Болатбек Есдәулетұлы нұсқасы, 200 б.) 
деп, эпос жау батырының керемет күш иесі екенін байқатады. Шора батыр осындай жауды ойсырата жеңгенде еріксіз тәнті боласың. Қарама-қарсы суреттеу жау батырын көтермелеу емес, керісінше, қаһарманның теңдесі жоқ ерлігін мойындату үшін қолданылатын көркемдік тәсіл.
Қаһарманды өзгелерден бөліп, даралап көрсету үшін батырлық эпостарда кеңінен қолданылатын тәсіл – ұлғайту (гипербола).  Жырдағы батырдың бейнесі, іс-әрекеті, оның тұлпарының кескіні, шабысы тыңдаушысын елең еткізердей еселене ұлғайтылып суреттеледі. Шора «атса да мылтық өтпейді, шапса да қылыш кеспейді» деп бейнеленеді. Әсіресе, ұлғайту – ұрыс өтіп жатқан кеңістіктің бүкіл көрінісін, қан төгіп, жан берісіп жатқан жаужүрек батырлардың кейпін ашып көрсетіп, тыңдаушыны еліктіріп, қаһарманның ерлік оқиға тізбегімен ілестіре ертіп  отырар эпостағы бірден-бір тәсіл. Айналасы екі-үш ауыз сөзге көл-көсір психологиялық сәтті сыйғызып суреттеу жыршыдан асқан шеберлікті қажет етері даусыз. «Шора батыр» жырындағы құлақ құрышын қандырар жыр жолдары да осы көркемдік тәсіл арқылы берілген. Мысалы: 
...Күннің көзі көрінбей,
Жердің жүзі шаң болды.
Секілді тұман қаптаған 
( Батырлар жыры. –Алматы, 1989. 5т., 349 б.) 
...Жауатұғын бұлттай,
Мұнарланып түнерді [4,127].
 (Болатбек Есдәулетұлы нұсқасы, 127 б.) 
...Алдындағы Шораның
Оттай көзі жанады.
Үш күндік жолды бір күнде
Шабыспен қатты алады.
 (Сонда, 129 б.)
...Айналдырып ат шапты
Айналаның көлдерін.
Ат астында ін қалды,
Солқылдатып ерлерін.
Аспанға шаңын шығарды
Қарадырдың белдерін.
Қызыл ала қан қалды.
Құндыздының көлдерін.
(Сонда, 184 б.)
Қаһарманның  қайтпас қайсарлығының басты көрсеткіштерінің бірі – астындағы аты. Сондықтан, батыр мінген тұлпардың желмен жарысар жүйріктігі жырда ерекше ұлғайтылып, көркем кестеленеді. «Қобыланды батырдағы» Тайбурылдың шабысын бейнелейтін тұс тыңдаушысына таңдай қақтырып, асқақтық пен өршілдік әлеміне ендіретіні көптеген зерттеу еңбектеріне өзек болып жүр. Жырда Тайбурылдың шабысы үдемелі түрде бірінен-бірі асып түсерлік қасиеттермен беріліп, шабыстың  ең шырқау шегі қырық күншілік Қазан хан еліне бір- ақ күнде жеткені көркем  де кесек жыр жолдарымен бейнеленсе, «Шора батыр» эпосындағы Қазан шаһарына қаһарманды алып бара жатқан Шұбар ат та одан әсте кем суреттелмеген.
«Айт, жануар, шуу!» дейді,
Ескен желдей гулейді.
Жақсысы сондай Шұбардың
Тау мен тасты білмейді,
Шырақтай көзі жалтырап,
Күндіз, түні бірдей-ді...
...Төрт аяқтан ұрған балғадай,-
 (Сонда, 141 б.)
деп, тау мен тасты бір-ақ аттап, Қазанды бетке алып бара жатқан Шұбардың шабысында да ерекше шалқыған шабыт бар. 
Жалпы қаһармандық жырлардағы тұлпар бейнесін тереңдеп беруде метафоралық  әдістер кеңінен қолданылады. Троптың бұл түрі тұлпардың образын бейнелеуде оны табиғаттың әр түрлі құбылысына, басқа бір жануарларға, күнделікті  қолданылатын бұйымдарға салыстырып беріледі. «Шора батыр» жырында да бұл үрдістің таңғажайып тартымды үлгілері көрініс тапқан. Эпос Шұбардың бейнесін «соққан жел», «қызарған қызыл гүл», «күкіреген күн», «жанған жұлдыз», «сұлу сусар құндыз», «ұшқан құс», «ор теке», «атқан оқ», «төрт тұяғы тең болат», тағы басқа осыған ұқсас салыстырулар арқылы берген. Жырда Шұбар аттың образын көркем суреттеуде осыған ұқсас гиперболикалық салыстыру тіркестері кеңінен қолданылған. Мұндай тіркестер қазақтың батырлық  жырларында тұрақты формулалық стильге ие. Қаһармандық  эпостарға ортақ гиперболикалық салыстырудың бірнеше түрлерін атауға болады. Олар: тұлпардың зор келбеті – биік тауға; шабысы – соққан желге, қанатты құсқа, жебеге; тұяғы – айға, кетпенге; ал тұлпардың көзі – жұлдызға, отқа, марал немесе арқардың көзіне салыстырыла көркем нақышпен әспеттеледі.
«Шора батыр» эпосында тұлпардың фантастикалық образы сомдалған. Шұбардың жаратылыс-тумысы көркемдік тұрғыдан қазақтың басқа қаһармандық жырларындағы тұлпар бейнесінен бір саты жоғары көтерілген десек артық айтқандық болмас. «Қара суды қақ жарып», толқыны жағаға ұрған теңізден шыққан Шұбар жырдың келесі бір нұсқасында эпос тыңдаушысын тосын тумысымен есте қаларлықтай елітіп, көркемдік шыңына шығады.
Анасы  болған құмайдан,
Атасы болған сыбайдан.
Екі асылдың белінен
Пайда болып туған сиырдан.
Қызылшақа күнінде
Емшегін емізіп бәйбішем
Бала қып басты бір жайдан. 
(ҚР ҰҒА кітапханасы. П. №1., 18 б.)
Эпос Шұбар аттың жаратылысын батырдың ерекше дүниеге келуімен сабақтастыра суреттеп келіп, «қос бірлік» образының озық үлгісін жасаған. Қазақтың қаһармандық жырларында жылқыны «киелі»  етіп суреттеу сырына кезінде С.Сейфуллин де үңіліп, топшылау жасаған (Шығармалары. 6 т. –Алматы, 1964. 201 б.).
Якут олонхосында болашақ батыр мен тұлпар биені тел емсе, «Шора батыр» жырында бас қаһарман анасының сүтін одан бұрын құлын (яғни, қаһарманның келешектегі тұлпары) емген болып бейнеленеді. Айналып келгенде, қалай десек те екеуі бір емшектен қуат алған «қос бірлік»  образы ретінде – «анасының сүтімен туысу» сюжетінде түркі-моңғол эпостарына ортақ сарын бар. Башқұрттың «Бұзансы батыр» жырында эпос қаһарманы жылқыдан туған болып суреттеледі (Башқорт халық ижади. –Өфө, 1982.). Сол сияқты башқұрт батырлық  жырларында көлдерді мекендейтін су тұлпарлар жайындағы мифологиялық сюжеттер де кездеседі. Олардың көсемі – Ақбоз ат.  Қазақ халқының да боз жылқыны өзге түстілерден артық көретіні қаһармандық жырларда байқалады. Мысалы, Ер Қосай әкесі Көкшені өлтірген жаудан кек алуға аттанып бара жатқанда, жолдастарымен шөлге ұшырап қалжырайды. Сонда атының бауыры астындағы жайдың тасын алып, күн жайлатып, жаңбыр жауғызып, суға қанып, шөлден аман қалады. «Еңсегей бойлы ер Есім» жырындағы бас кейіпкердің су тұлпары дариядан шыққан, кеудесі жылқы, басы адам түріндегі жан иесінің байталға жанасуынан туады. «Шора батыр» жырындағы Шұбар аттың да «судан шығуы» түркі халықтарындағы наным-сенімге алып барады.
Қысылғанда таяныш болар желден жүйрік тұлпар мінген қаһарманның ел намысы жолындағы ерлік жорықтарын бейнелеуде ұлғайту (гипербола) мен әсірелеу (гротеск) айрықша орын алатынына  дәлел ретінде көркем де келісті жыр шумақтарын эпостан көптеп келтіруге болады. Бұл көркемдік тәсіл жырда негізінен теңеу арқылы беріліп тұрғанын да назардан тыс қалдырмауымыз керек. Жоғарыда мысалға  алынған жыр жолдарының ішіндегі «жауатұғын бұлттай», «оттай көзі жанады», «нар бурадай», «жауған қардай», «жаңбырдай болып оқ жауса», «ескен желдей», «күркіреген күндей», «жанған жұлдыздай» деген айшықты сөз тіркестерін алып тастасақ, теңеудің эпосты әрлендірер көркемдік тегеурінін анық байқаймыз. Шұбар аттың шабысын суреттеуде де теңеудің орны ерекше. Мысалы: 
Шұбар ат ағып келеді
Жұлдыздай көзі жылтылдап.
Құйындай шаңы бұрқылдап,
Мойын еті бұлтылдап,
Құс-үйректей құнтыңдап,
Аққан судай сұңқылдап,
Бұлдырықтай пырылдап,
Атқан оқтай зырылдап... 
(Болатбек Есдәулетұлы нұсқасы, 129 б.) 
Эпостың басында батырдың, оның туған-туыстарының тұлғасына сипаттама берілгендіктен мұнда да теңеу басты көркемдік қызмет атқарады. Мәселен, «Құлқаныстың ақ жүзі Үр қызындай келісті», «Алтайыдай қылаңдап, Арғымақтай сылаңдап, «піскен алма сабақтай», «піліктей парлап», «қой басындай күмістен», «киіктей өлген лағы», «жүрекке тиген мылтықтай», «құрбақадай кебеді», «азарланған кісідей», «инеліктей ілініп», «инедей жіпке сүрініп», «ақ сұңқардай талпына», «жолбарыстай тұлғасы», тағы басқа осыларға ұқсас теңеулерді «Шора батыр» жырының экспозициясынан көптеп ұшыратуға болады.
Эпостық жырларда айрықша орын алатын бейнелі сөздер – көркемдік айқындауыштар тіркесі, яғни белгілі бір ұғыммен оның анықтамалары. Мысалы, жырдағы «әулие әлем болғанда, Орманбет хан өлгенде», «он сан ноғай», «Қазан деген қала», «сазандының елі», «қырық мың үйлі тама», «төрт түлігі сай» сияқты сөз тіркестерінің көтерер көркем де сырлы салмағына қоса, астарында мезгілдік, мекендік, мөлшерлік, тағы соларға ұқсас мағлұмат берер нақышты деректер жатқаны белгілі. Батырлық жырлардың басталуында теңеудің аз кездесетіндігі және оларға ұлғайтудың тән еместігі қаһармандық эпостың тарихи ұғымға, оқиғаны шындыққа мейлінше сәйкес бейнелеуге жақындай түсетіндігіне дәлел бола алады. Жырдың экспозициясына өзек ретінде ендірілген жер-су, ру аттары, бас қаһарманның шыққан ортасы, тұрақ мекені туралы берілетін көркем дерек. Бұл мәліметтердің  шындыққа жақын болуы бүкіл эпос сюжетінің қалай қабылданатынына игі әсерін тигізері даусыз. Ал, батырдың іс-әрекетін  суреттеуде ұлғайту мен әсірелеудің көп қолданылуы шындыққа емес, олардың өз бойындағы қасиеттерін даралап ерекше етіп көрсетуге байланысты.
Жырда сюжеттің динамикалық өрбу кезеңдерін (оқиғаның дамуы, шарықтау шегі) кейіпкерлердің белсенді жүріс-тұрысын сипаттайтын тұста көркемдік бейнелеу құралдарының айрықша шоғырлануы байқалады. Эпос кейіпкерлерінің іс-әрекеті сипатына қарай эпитет, теңеу және құбылтудың (троп) түрлері ауыстыру, астарлау, алмастыру, меңзеу, кекесін, мысқыл, ұлғайту, кішірейту, әсірелеу үйлесім тауып, ретіне қарай өрнектелген.
Жыршы-жырау іс-әрекеттің тыңдаушыға әсерлі жетуі үшін оқиғаны сырттай баяндап қана  қоймай,  сол іс-әрекетті сұлу да сырлы сөз арқылы көзге елестетіп, көңіл тереңін тебірентер көркем суретін жасайды. «...Тілдің әсемдігі емес әсерлілігі үшін де орасан қажет тәсіл – құбылту, яки троп» деп жазады академик З.Қабдолов. Сондықтан, «Шора батыр» жырының көркемдік кестелерінен де құбылтудың сан түрлі бояу нақыштарын кездестіреміз.
Жырдағы кейіпкерлер бейнесін айқындап, ажарландыра түсу үшін ауыстыру (метафора) кеңінен пайдаланылған. Сөзіміз дәлелді болу үшін мысал келтірейік. 
Хан қарасын билеген,
Есім ер деген бар еді.
Қайратына мас болған
Қаңтардағы нар еді...
...Көкірегі жоғары,
Асусыз асқар бел еді...
          Алмас еді қайтпаған,
          Кетіліп жүзі қирады...
Орманбет бидің айлалы,
Он сегіз мың ноғайы
Арыстан Шора батырдың
Жүретұғын жолында...
         Азды, көпті елемес,
         Шабатұғын жолбарыс...
Жапанда тұрған боз терек
Жапырағы жайнаған
Екі талай жер болса,
Дұшпанға кегін бермеген...
Жырдағы метафоралық қолданыстарды жіпке тізіп тере берсек, әрі қарай созылып кете берері хақ.
Сөзді көркемдеп құбылтудың келесі түрі – алмастыру (метанимия), яғни өзара шектес заттар мен құбылыстардың, өзара байланысты ұғымдар мен шартты сөздердің бірінің орнына бірін қолдану. Мұның жырдағы ойды ықшамдап жеткізу үшін атқарар қызметі орасан. Мәселен:
Бұл қалмақ сені қоя ма,
Жарағы қанға тоя ма?! 
          Басымыз есен, мал аман,
          Кеткелі сіздер қорадан.
 Көрсетер Құдай бір жарық
 Көргеніңіз болса анық.
           Демей-ақ қойдым «біз әуре»,
           Көрсетті Құдай бір сәуле.
Жұдырықтың астында
Көз жылтырап өлеміз.
            Дауасы болмас кеселдің,
            Өлімнен шәрбат ішкен соң.
Осы сияқты сәтті алмастырулар жырда молынан қолданылады.
Эпос кейіпкерлерінің көркем суретін тыңдаушының көз алдына елестету үшін олардың кескін-келбетін, қимыл-әрекеттерін ұқсас бір нәрсеге, не құбылысқа құпия теліп, бүкпелей бейнелеп, ойды ашық айтпай тұспалмен жеткізеді. Құбылтудың бұл түрі – астарлау (символ). Жырда бұл тәсіл де орнын тауып, оңтайлы қолданылған. Мысалы:
Секірер арқар жерінде,
Шақырар бақа көлінде.
Сұңқар болар күйкентай
Өзінің отан жерінде...
Бөктергіге ілдірдім
Сұңқар, үйрек, қазымды.
Бір төбетке талаттым,
Айналайын биеке,
Өңшең жүйрік тазымды...
Дария тасып су алса,
Кетеді елдің құтаны
Қаһарлы тоқсан қатты аяз,
Тоңдырар тоны жұқаны...
Шаруа малдың артығы,
Жер бұйдалы нартайлақ
Жетелесең тұрмас па?
Көлдегі қаздар қайғылы,
Көктегі сұңқар шақырса.
Жапалақтан сескенген
Жалғыз қазда үн бар ма?!      
Жырда құбылтудың – кекесін (ирония), мысқыл (сарказм) түрлері сирек болса да ұшырасады. Әсіресе, ол жеңілген жаудың батырын мүсіркеу, келемеждеу тұсында қолданылады. Мүсіркеудің астарына үңілсек, мырс-мырс күлкі, келеке тұрғанын аңғарамыз. Эпостан үзінді келтірейік:
Жақындап келіп ер Шора,
Сөйледі бекті мазақтап...
Қарағаймысың, талмысың,
Шекермісің, балмысың?
...Неғылып бүйтіп жатырсың?
Аурумысың, саумысың? 
...«Қан құсқыр» деген біреудің
Алып па едің қарғысын?! 
Немесе:
Ай, Қазмамбет, Қазмамбет,
От басында отырсаң
Әжептәуір батырсың.
Білегіңді сыбанып,
Бір өзің мыңға татырсың.
Тамаларды көргенде,
Батыр емес, қатынсың.
Ойланбайсың ұятты,
Не қылып бара жатырсың.
Осы іспетті көркем де айшықты суреттеулер арасынан Шора батырдың тұлғасы ерекшеленіп, дараланып шығады. Эпостағы үлкенді-кішілі оқиғалар бас қаһарман әрекетіне бағындырылғандықтан, оның іс-қимылы оқиғаның немен бітерін шешіп береді. 
Эпостанушы ғалымдардың көптен назарына ілігіп жүрген мәселе – қаһармандық жырлардағы тұрақты эпизодтар мен мотивтер. Олардың көркемдік сипаты, шығу тегі, атқаратын қызметі, эпос сюжетінің композициясынан алатын орны әр қилы. Осы ерекшеліктеріне қарай оларды «қайталаулар», «ұқсас жерлер», «тұрақты тақырыптар», «каталогтар», «қыстырма эпизодтар», «эпикалық формулалар» деп атау қалыптасқан.
Кейбір қайталаулар эпостың өз ішінде ғана ұшырасатын болса, енді біразы бірнеше батырлық жырларға, ал, кейбірі эпостың барлық жанрлық түрлеріне тән. Қайталаулар мұнымен шектелмей эпос мәтінінің әр түрлі деңгейінде  – жекелеген сөз, сөз тіркестері, жыр тармақтарында да жиі кездесіп отырады.
Қазақтың қаһармандық жырларында ұшырасатын сөз қайталаулары мен ортақ өрнек болып табылатын формулалықтың бір тобы жеке сөз немесе сөз тіркесі түрінде келетін тұрақты эпитеттер мен теңеулер. Бұларға жырдың өне бойында еміс-еміс қайталанатын «кәміл пір», «қозыжауырын жебе», «ақ сұңқар», «ақ найза», «ақ семсер», «сары бел», «ұшқан құс», «соққан жел», «жарқыраған жұлдыз», «жанған шоқ», «жауған қар», «күркіреген күн», тағы басқа осы секілді сөздер мен сөз тіркестерін мысалға алуға болады. Мұндай жиі қайталанатын сөз оралымдары – жыршы-жырауларға жатық айтуға жеңілдік қана емес, халық құлағына да қанықты, көңіліне қонымды.
Батырлық эпостағы ауыспалы сөздер мен тіркестердің келесі түрі – қайталанып келетін жыр жолдары. Мұндай қайталаулар эпикалық стильдің  дәнекері, бір ситуация мен екінші ситуацияны байланыстырушы болып келеді. Бұл үлгідегі қайталаулар кемі бір немесе одан да көп жыр жолдарынан тұрады. Мысалы: «Әулие қоймай қыдырып, етегін шеңгел сыдырып», «қабағына қар қатып, кірпігіне мұз тоңып», «ақ сәлдесі басында, аяқ таяғы қолында», «қорамсаққа қол салды», «атса мылтық өтпейді, шапса қылыш кеспейді», тағы да басқа осы сияқты жыр жолдары.
«Шора батыр» жырының баспа бетінде жарық көрген көлемді де көркем нұсқасы – Болатбек Есдәулетұлы нұсқасында тыңдаушыны өзіне қарату мақсатында «Сол уақытта, жақсылар» немесе іс-әрекет үстіндегі кейіпкерді суреттеу сәттерінде «сол уақытта Нәрікбай (не болмаса Әліби, Садыр, Қазмамбет)» деп келетін жыр жолдарының (яғни , «сол уақытта...») эпостың өз ішінде қайталануы 56-ға жетіп жығылса, диалог сөздерге дәнекерлеуші қызмет атқаратын «Нәрікбай (Құлқаныс, Шора, Әліби, Қараман т.б.) сөйлейді» деген жолдың қайталануының ұзын саны – 99.
Эпостық жырларда айқас үстінде батырларды бейнелегенде кейде тұтас шумақтар да қайталанып отырады. Фольклортану ғылымында мұны «ұқсас жерлер» деп атайды. Ұқсас жерлер мазмұны жағынан аяқталған бір кішігірім оқиғаны суреттейді де, сюжеттегі атқаратын қызметі жағынан мотивтерге өте жақын болады. Бірақ, ұқсас жерлердің мотивтер сияқты сюжетте тұрақты формасы мен сюжеттің өрбуінде қалыптасқан орны болмайды. Мәселен, жырда қалмақ батыры Қазмамбеттің қимыл-қозғалысы:
Сол уақытта Қазмамбет
Бауырқанды, бұрсанды,
Мұздай темір құрсанды.
Қорамсаққа қол салды,
Бір салғанда мол салды,
Садағын қолға алады,
«Қақ жүректің тұсы – деп,
Өлер жерің осы» деп,
Толықсып тұрған Шораны
Толғап тартып қалады, –
деп суреттейді. Ал, Шораға кезек келгенде осы эпизод аз ғана айырмашылықпен тағы да қайталанады:
Енді Шора құрсанды,
Бауырқанды, бұрсанды,
Мұздай темір құрсанды.
Қорамсаққа қол салды,
Бір салғанда мол салды,
Садағын қолға алады,
«Қақ жүректің тұсы – деп,
Өлер жерің осы» деп
Толғай да тартып қалады.
Шора батырдың қысылғанда қолдаушысы – Баба Түкті шашты Әзіз. Қаһарманға айқас үстінде жәрдемге келетін жебеушіні бейнелейтін сөздер жырдың осындай сәттерінде (кішкене өзгерістермен) қайталанып отырады: 
Сол уақытта Шораны
Баба Түкті бабасы
Аспанға алып кетеді
Атқан оғы Қазмамбет
Астынан келіп өтеді.
Немесе:
Сол уақытта бабасы
Баба Түкті Шашты Әзіз
Денесіне дарытпай,
Қылышты жылдам қағады.
Осы тектес жолдар мен шумақтар – эпикалық поэзия стилін белгілейтін аса маңызды көрсеткіш. Эпостың өзіндік ерекшелігін құрайтын нақыштардың қайталану аясын айқындау бүкіл жырдың көркемдік деңгейін танып білуге негіз болады.
Қазақтың қаһармандық жырларында жиі қайталанып отыратын тіркестердің қатарында эпикалық сандарды да атауға болады. «Шора батыр» (Болатбек Есдәулетұлы нұсқасы) жырында үш, он, тоғыз, тоқсан, қырық сияқты сандар көптеп кездеседі. Мысалы, үш саны төмендегі жыр жолдары түрінде қайталанып келеді (әлденеше рет қайталанатын жыр жолдарының бір-бір үлгілерін ғана келтіріп отырмыз):
«Үш күн, үш түн болғанда»,
«Үш күндік елдің шетінде»,
«Отыз үш мың сахаба»,
«Үш ай көшті тынбастан»,
«Үш күн жатып тілейді»,
«Үш күн, үш түн дегенде»,
«Тағы да үш күн жол жүріп».
Ал, он саны аз да болса, мынадай үлгіде бірнеше рет қайталанады.
«Он ошақты ойдырды»,
«Он мың қойды сойдырды»,
«Он ту бие сойыс қып».
Тоғыз бен тоқсан саны мына сияқты өлең өрімдерімен эпоста дүркін-дүркін кезігеді.
«Тоқсан тоғай жылқыдан»,
«Тоғыз жорға тартуға»,
«Тоқсан тоғай жылқыға,
  Тоғыз құлды айдады»,
«Тоқсан тоғыз сәруара»,
«Тоғыз бие сойдырды»,
«Тоқсан түйе болғаны».
Жырдағы эпикалық сандардың ішіндегі ең көп қайталанатыны – қырық. Жалпы батырлық эпостардың көпшілігінде бұл сан өте жиі қолданылады. Оның өзіндік сыры да жоқ емес. Егер зерделер болсақ, терең тамырын халқымыздың тұрмыс-тіршілігінен, наным-сенімінен табамыз. Эпостағы қандай санды алсақ та астарында халықтың таным-түсінігі жатқандығы белгілі. «Шора батыр» эпосында қырық саны төмендегі қалыптасқан жыр жолдарымен қайталанып отырады:
«Қасындағы қырық үйдің
Қырық баласы көреді»,
«Қырық қаршыға зер артып»,
«Ызғарлы қырық күн шөлінен»,
«Тойына қалды қырық күн»,
«Қырық үйлі тама қоңсы боп»,
«Қырық жігітті ертіп ап»,
«Қырық сабаға толтырып,
 Қырық нарға арттырып»,
«Қырыққа жасы келгенше»,
«Қырық нар таңдап арттырды»,
«Қырық мың үйлі түркімендер»,
«Қырықты қырған майданда».
Батырлық эпостарда дыбыс қайталанудың алатын орны да ерекше. Ол жырдағы оқиғаларды дамыта және көркемдеп айту үшін қолданылады. Бұл туралы М.Ғабдуллин былай деп жазды: «Жыршы ақындар жырға қосып отырған оқиғасының қай мезгілде болғандығын аңғарту үшін де кейбір дыбыстарды қайталайтындығы байқалады. Жыршылар дыбыстарды қайталағанда өлең жолдарын қатарынан бір дыбыстан бастайды. Кейде бір тармақтағы барлық сөздерді не дауысты (ассонанс), не дауыссыз (аллитерация) дыбыстан құрастырады».  «Шора батыр» жырында бұл көркемдік тәсіл де кеңінен қолданылады. Мысалы:
Біздің сізге бұл қызмет
Болса аман жанымыз
Бетіңе перде тұта алмас,
Басында тұрса бағыңыз...
Басы аспанға қараған,
Бауырынан жараған
Барыстай құйрық тараған... 
Қалмақтарды қуғалы,
Қанмен бетін жуғалы,
Қалып ем мініп қаруға...
Жасқанбай шап ұрыста.
Жауатұғын бұлттай
Жау көргенде құрыста
Жаратқан өзі көз салып,
Жар болсын кәміл пірлерің... 
Есім ер деген ағаң бар,
Есен-аман елің тап,
Есің барда етек жап...
Аяққа киіп етікті,
Аралауға қалмақты
Ақташтайын хандардың
Ауылына хабар береді...
Батырлық жырлардағы  басты сипат – ерлік, сыртқы жауларға қарсы күрес. Әйтпесе жыр батырлық деп аталмас та еді. Бірақ, сахарада туғандығынан ба қазақтың батырлық жырларда ерлік сарынымен бірге сыршылдық сарын да негізгі орынның бірін алады. Батыр жауға шабар алдында, не басына қиын іс түскенде толғайды. Бұл толғаулар сезім мен поэзияға толы келеді. Жырдағы лирикалық сарын батырдың жауға аттанып бара жатқанда туған жерімен, үй ішімен қоштасуынан немесе араға талай жыл салып оралған соң амандасуынан, ақынның тойды не басқадай тұрмыстық жайларды суреттеуінен де айқын көрінеді.
Қазақтың қаһармандық эпостарындағы кейіпкерлердің көңіл түбінде жатқан тұңғиық тылсым сырын көркемдеп жеткізудің өзіндік өрнегі қалыптасқан. Әрине, атыс-шабыс, ерлік жорықтар барысында батырдың ішкі тебіренісі толғау-монолог арқылы береді. Толғау-монолог көбіне сұрау мағынасында айтылады. Бұл әдеби көркемдік тәсіл – айшықтаудың (фигура) арнау түріне келеді. 
Эпостық жырларда сұрау арнау кеңінен орын алады. Бірақ, мұндағы өзгешелік – арнауда қойылған сұрақтарға жауап күтілмейді. Толғау-монологтың өне бойындағы өткенмен өзектес өрнектелген кейіпкердің көңіл-күйі арқылы ол өзінен өзі анықталып жатады.
Толғау-монолог эпоста айнала қоршаған табиғатқа немесе өзіне-өзі мұң шағу түрінде жырланады. «Шора батыр» жырында қаһарманның Қазанға кетіп бара жатқандағы жан сыры Кермүсін көліне қаратылып айтылады:
– Ай, Кермүсін, Кермүсін,
Кермүсін деген көлмісің!
Омыраудан су кешіп,
Ақ сазандай тіркесіп,
Қырық жігіт соңында,
Әліби өлген жермісің?!
Жалғыздық  түсіп басыма,
Қазанға қашып барамын
Қайта айналып келгенше,
Бұл жерден адам табылып:
– Аманда бол дермісің!
 (Болатбек Есдәулетұлы нұсқасы, 124  б.)
Эпос батыр жорықта жүрген аралықтағы елдің тартқан тауқыметін, басынан кешірген ауыр халін ен далада қой бағып жүрген қойшының өзіне-өзі мұң шағуы арқылы көркем кестелейді:
Түркімендер айдап қойымды,
Он мың қойым сойылды.
Қой дейтұғын ел қайда,
Қолымнан менің не келер,
Кіретұғын ін бар ма?!
Зарымды Алла тыңдар ма?!
Айналайын Құдайым,
Ертіп келіп ағасын,
Қазанның айдап тамасын
Шоражан келер күн бар ма?! 
(Болатбек Есдәулетұлы нұсқасы, 126 б.)
Қаһармандық эпос тек ішкі мазмұнымен, суреттілігімен, бейнелік мәнімен ғана емес, жырдың құрылыс жүйесімен, өлең-өлшемімен де ерекше құнды. Егер тереңдеп зерттеп, байыбына барып, зерделей білсек, батырлық жырлардың өлең-өлшем өрнектерінде халықтың шығармашылық қабілетінің ұшан-теңіз шексіздігін, эстетикалық-көркемдік талабының биік екенін танытар өзіндік ғажап сырларды ұғынарымыз даусыз.
Халық поэзиясында өлең-жырдың тууы суырып салып айту өнеріне негізделгені, жырдың ел арасына ауызша таралғаны, жыршы-жыраулардың эпостық жырды белгілі бір әуеннің сүйемелімен домбыраға қосып айтуы тарихи-әдеби процестің аса маңызды, ғасырлар бойы сақталып келген өзгешелік сипатын танытатын ерекшеліктер.
Тілдік тұрғыдан алып қарасақ, «Шора батыр» жырының Ә.Диваев нұсқасында ерекшеліктер бар. Ф.Оразаеваның құрастыруымен аталған нұсқа «Тарту» деген атпен 1992 жылы жеке кітап болып басылды. Бұл жинаққа Қазақстан Республикасы орталық мұрағатынан алынған «Бұ хикаят Шора батыр Нәрік ұғлының қиссасы» деген жыр нұсқасы енген. Эпос атауының өзінен татар тілінің ықпалы сезіледі. Сонымен қатар, басқа нұсқаларға қарағанда араб-парсы сөздері де мол ұшырасады. Мысалы: тәраф, мәскүр, тәким қылар, үшбу, һәм, мәрһәметләр, амалдарлар, тәбип, хурсән, улуғ, фақдә қылу, нечик, тағы сол сияқты бірінің мағынасы түсінікті, бірінікі түсініксіз кірме сөздерді ұзыннан-ұзақ түзуге болады. Олардың тілдік қолданысынан өткен ғасыр басындағы кітаби тілдің әсері байқалады. Мәселен: ауызы – ағызы, бидай – бұғдай, саған – сеңе, бірге – бірлен, оны – аны, байлап қою – бағлап қою, некелі – некахлы, ал етістіктер – бастадылар, үйреттілер, тұрдылар, қауыштылар, деділер түрінде қолданылады. Бұл, әрине, жинаушының сол кезеңгі заман лебіне қарай кітаби тілге ыңғайланған қолтаңбасы болуы да айқын. Қаһармандық эпос секілді «халықтың рухы мен жанына» айналған көркем жыр түріне мұндай қолдан шұбарланған қоспалардың жат екені белгілі. Сондықтан  болар, 1939 жылы С.Мұқановтың алғысөзімен шыққан «Батырлар жырының» І томына енген Ә.Диваевтың осы нұсқасы мұндай қоспалардан кішкене «тазартылып» берілген.
Ұрпақтан ұрпаққа ауызша жеткен рухани мұралардың ең таңдаулылары ғана уақыт елегінен өтіп, ғасырдан ғасырға ұмыт қалмай ұласып, жаңарып-жаңғырып отырады. Мұраның тарихи-идеялық қуатымен қатар көркемдік деңгейінің де биік болуы шарт.
      «Шора батыр» жырының көркемдік ерекшелігін саралап, салмақтау нәтижесінде келген қорытындымыз: тарихи із бен көркемдік болмысы бір қалыпқа түскен жыр – бейнелеу құралдары мен сөз айшықтарының, өлең өлшемінің қазақ эпостарына тән ең шұрайлы ортақ өрнектерін бойына сіңіруімен және өзіне ғана тиесілі ерекшеліктерімен құнды. Сондықтан, эпос классикалық қаһармандық жырлар төрінен орын алуға лайықты.

Амангелді МАМЫТ,
Ж.А.Тәшенев атындағы университеті
филология факультетінің деканы,
фольклортанушы ғалым.
Пікір қалдырыңыз