Биыл 500 мыңнан астам көшет отырғызылады

Ажар Бермұханова,
«Оңтүстік Қазақстан».
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды аудан, қала әкімдеріне елді мекендерді көгалдандыру, егілген ағаштарды күтіп-баптау, өсіру ісін сапалы атқаруды тапсырған болатын. Осы орайда облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы Қазығұрт ауданына арнайы іссапармен келіп, «Жасыл желек» КММ-не қарасты тұқымбақта атқарылып жатқан жұмыстарымен танысты.
Қазіргі таңда мекеме тұқымбақтарында боз арша, жай арша, қарағаш, айлант, үйеңкі, шаған, катальпа, терек, каштан, акация және тағы басқа талдардың 3 миллионнан астам көшеті өсіріледі. Оның 600 мыңдайы үлкен көшеттер, қалғандары енді жетіліп келе жатқан жас өскіндер. Жалпы, «Жасыл желек» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде 3 тұқымбақ бар. Оның 20 гектары Қазығұрт ауылында, 2 питомнигі, яғни 40 гектары Қақпақ ауылында орналасқан.
Былтыр «Жасыл желек» КММ-не қарасты тұқымбақтан облыстағы елді мекендерді көгалдандыруға 150 мыңнан аса түп көшет тегін берілген болатын. Соның ішінде басқармаға қарасты мекемелерге 230 мың түп көшет босатылды. Жалпы 400 мыңға жуық әртүрлі көшет тегін үлестірілген. Осы көктемде 250 мың көшет тегін берілетін болады.
Одан соң облыс әкімінің орынбасары бастаған топ Қазығұрт ауылындағы ағаш отырғызу шарасына қатысып, 20 түп арша мен 20 түп туя көшеттерін отырғызды.
Осы іс-шарадан соң өңірді көгалдандыру және көркейту мақсатында Қазығұрт ауданында «Елді мекендерді көгалдандыру» тақырыбына арналған семинар-кеңес өтті. Оған облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары мен мамандары, ҚР Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының ғалымдары, орман шаруашылығының мекеме директорлары мен салаға жауапты мамандар қатысты.
Онда тұқымбақтардың бүгінгі ахуалы, елді мекендерді көгалдандыру бағытындағы жұмыстар мен ағаш өсірудің проблемалары сарапталды. Сондай-ақ, бейімделген ағаштарды дұрыс отырғызу қажеттілігі сөз болды.
Көгалдандыру жобасына сәйкес, биыл көктемде 500 мың түптен аса көшет егу жоспарлануда. Бүгінгі таңда облыста көшет егу жұмыстары басталды. Елді мекендерді көркейту жұмыстары ары қарай да жалғасады. Жоспарға сәйкес Түркістан, Кентау қалалары мен Қазығұрт, Ордабасы, Отырар аудандарында көктемгі ағаш отырғызу науқаны басталды.
Жалпы, семинар барысында кемшіліктер ашық айтылып, нақты жоспарлар жасалды, тиісті тапсырмалар берілді.