Компьютер ойыны апиыннан да қауіпті...

Қазір ғаламтордағы видео ойындарға тәуелді жасөспірімдердің саны күннен-күнге көбейіп барады. Бірақ, бұған мән беріп жатқан ешкім байқалмайды. Керісінше, күн өткен сайын балалардың видео ойындарға деген тәуелділігі артып барады. Мәселен, психологтардың, дәрігерлердің пікірінше, теледидар мен компьютерлік видео ойындардың бала санасына тигізетін зиянын ешнәрсемен өлшеу мүмкін емес. Яғни тапжылмай ұзақ уақыт көгілдір экран алдында отыру, біріншіден, баланың ой-өрісінің дамуын шектесе, екіншіден, оның мінез-құлқының өзгеруіне әкеліп соғады. Үшіншіден, мұндай зиянды ойындар балаларды қатыгездікке үйретеді екен.
Ойын баланың мінезін өзгертеді
Балаларды қоя беріңіз, үлкендердің өздерінің компьютерлік ойындарға телміріп отырғандарын көргенде жағаңды ұстайсың. Байқасаңыздар, компьютерлік ойын индустриясы адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналған. Әлем халқының үштен бір бөлігі видео ойындармен таңды атырып, күнді батырады. Қызылды-жасылды түстермен көмкерілген ойын түрлері сәт сайын ойнаушыларды өздеріне ынтықтырып әкетеді. Керек десеңіз, компьютерлік ойындардың қызығына шырмалып, өмір мен виртуалды әлем арасындағы шекараны жоғалтып алған жандар қаншама. Психолог мамандар балалар бұл ойындарға қызықса, оларды жуық арада тоқтату мүмкін емес екендігін айтып, дабыл қағуда.
– Жастар ойнап жүрген компьютерлік ойындардың көпшілігі атыс-шабыс, төбелеске құрылған. Бұл алдымен баланың мінез-құлқына айтарлықтай әсер етеді. Қандай ойын түрі болмасын, жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Кейде жеңеді, кейде жеңіледі. Егер бала ойын барысында ұтылатын болса, ойынға деген құмарлығы тіптен арта түседі екен. Өйткені, жеңілуге болмайды, жеңіске жету керек. Осындай жайттардың әсерінен бала сырттағы дүниені ұмытып, ойынның ішіндегі қым-қиғаш соғыс алаңында немесе сатырлаған төбелестің ортасында жүреді. Мұндай кезде баланың жүйке жүйесі бұзылып, ашуланшақ бола бастайды. Міне, осының салдарынан бала шынайы өмірде қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа бір қадам жақын бола бастайды. Негізінен баланың ойындарға қызығушылығы 3-4 жастан басталады. Бұл жаста баланы компьютерге, телефондағы видео ойындарға мүлдем жақындатуға болмайды. Бала 7 жастан асқаннан кейін ғана аптасына бір рет және аз уақыт компьютерге үйреткеніңіз жөн. Ал, бесінші сыныптан кейін оқушының мұндай ойындарға қызығушылығы қатты байқалады. Әсіресе, осы уақытта жуас, өз ортасынан бөлек жүретін балалар компьютерлік ойындардың тұтқынына айналуы мүмкін. Компьютер алдында отырғанда уақыттың қалай өтіп кеткенін білмей де қалады. Ойнау мүмкіндігі болмаған кезде өзін жайсыз сезініп, ашуланып, мазасызданады. Сондықтан ата-ана баланы компьютердің алдына белгілі бір уақыт қана отырғызғаны жөн, – дейді психолог Мұрат Қожықов.
Сондай-ақ, қазір өңірімізде компьютер клубтары да көбейді. Үйдегі ойынға ата-анасы тыйым салған оқушылар бар уақытын осындай клубтарда өткізетін болды. Тіпті, бұл жердегі ойын үйдегі жалғыз отырып ойнаған ойыннан әлдеқайда қызық. Арнайы желі арқылы ойын қызығына түскен олар бірін-бірі жеңіп шыққанша тапжылмайды. Ойынға белгілі бір ұтыс тігіп «пайдаға» кенелетіндер де бар. Ал, мұндай ойынқұмар баланың сабаққа құлшынысы болмайтыны айдан анық. Одан бөлек, бүкіл дүние жүзінде проблема болып жатқан «лудомания» дертіне де осы ойындар алып келеді. Лудомания дегеніміз оңай жолмен ақша тауып, бәс тігіп, құмар ойынға құнығу, ойынқұмарлық. Бұған қоса соңғы кезде ұялы телефон арқылы TikTok, Instagram, ВКонтакте жүйесімен тілдесіп, керек емес ақпараттарды бойына сіңіріп, зиян видеоларды қарау жасөспірімдердің сүйікті ісіне айналуда.
– Қазір оқушылардың барлығында ұялы телефон бар. Әрине, телефонның пайдасы көп. Бірақ, зиянын да ұмытпаған жөн. Қазір тек жоғары сыныпта оқитын оқушыларда ғана емес, төменгі сыныптардағы бүлдіршіндеріміздің де қолдарында бір-бір телефон. Оқушылардың арасында түнімен осы жүйе арқылы тілдесетіндер өте көп. Өйткені, бұл да компьютерлік ойын тәрізді, бала санасын бірден жаулап алады. Сөйтіп, олардың сабақ оқуға деген ынтасын айтарлықтай төмендетеді. Әрине, мектеп қабырғасында мұғалімнің бақылауында болғаннан кейін, оқушының компьютер ойнап, әлеуметтік желілер арқылы сөйлесуіне мүмкіндік берілмейді. Ал, үйде баланы міндетті түрде ата-ана қадағалауы тиіс, – дейді психолог.
Мұрат Қожықовтың айтуынша, компью- тердің алдында жоғары сынып оқушылары тәулігіне 30 минуттан, ал, одан кейінгі 5-8-сынып оқушылары 20-25 минут, бастауыш, яғни 1-4-сынып оқушылары бар болғаны 15-20 минуттан артық отырмауы керек. Айта кететін жайт, бала монитордан 70 сантиметр қашықтықта жұмыс істегені жөн. Әрі компьютер тұрған бөлме жарық болғаны абзал. Жарты сағат сайын бөлмені желдетіп, компьютерді сөндіргеннен кейін бөлменің ауасын тазарту керек екен.
Америкалық ғалымдар компьютерде өткізген бір сағат баланың миына алты сағат мектептегі оқудан да артық салмақ салатынын дәлелдеген. Бірақ, компьютер қолданудан шаршау байқалмайды, жүйкенің шаршауы бірте-бірте жинақталып, бас ауруына, бас айналуға, ұйқының бұзылуына, ашуланшақ болуға алып келеді екен.
Қытайдан үлгі аламыз ба?
Мұндай проблемамен күресуді көршілес Қытай мемлекеті бұрыннан қолға алып қойған. Олар жас балалардың ғана емес, елдің де болашағын ойлап, проблеманы шешіп үлгерген. Қытайда 2021 жылдан бері 18 жасқа толмағандарға онлайн ойындар тек бір сағат қана ойнауға рұқсат етілген. Балалар видео ойындарды жұма, сенбі, жексенбі күндері және ресми мереке күндері кешкі сағат 20.00 мен 21.00 арасында ғана ойнай алады.
Қытайдың реттеуші органдары ойын компанияларына осы уақыттан басқа кезде балалардың ойнауына жол бермеуді тапсырған. Мемлекеттік медиа онлайн ойындарды «рухани апиын» деп атайды. Қытайлық видео ойын индустриясының көшбасшысы «Tencent» балалардың ойнауын шектеу үшін бет-әлпетті тану технологиясын қосқан. Бұл технология балалардың ересектердің жеке куәліктерін пайдаланып, онлайн ойындарға кіруін болдырмауға бағытталған. Осындай ережелерді енгізу арқылы Қытай өкіметі жастар арасында «позитивті энергия» қалыптастырып, олардың бойына «дұрыс құндылықтарды» сіңіруге үміттенеді екен.
Кез келген ата-ана балаларына компьютерлік ойындарды ойнатпас бұрын оның зияны туралы да ескертуді ұмытпағаны жөн. Жалпы, компьютер алдында шамадан тыс отыру баланың ғана емес, үлкендердің де жүйкесін жұқартып, психологиясына кері әсер етеді. Осындай зиянды тұсын ескере отырып 1,4 млрд. халқы бар Қытай мемлекеті онлайн ойындардың зиянды әсеріне тосқауыл қоюға қатал заңдар қабылдап жатқанда, енді ғана 20 миллионға жеткен Қазақстан үшін мұндай зиянды әрекеттердің осы бастан алдын алу маңыздырақ болар еді.
Тоғжан ЗЕБЕРХАНОВА.