Батырдың батасы (бір үзік сыр)

Адамның өмірі бел-белестерден, бұйығы қырлардан, тулаған толқындардан тұратын тәрізді. Әр шыңнан асқанда артыңа қарайлайсың.  Қалдырған жолдарыңа көз саласың.  Соңымда ізім қалды ма деген ой маза бермейді. Түнде ойланасың, күндіз толғанасың.  Кіммен замандас болдың, кіммен табыстың, кіммен алыстың – түгелі есіңе түседі, тіпті, түсіңе кіреді.  

Балалық шаққа ойша оралсам,  алдымен есіме бастауыш сыныптан  бірге оқып, бірге өскен Үсен Қамбаров түседі. Оның да себебі жоқ емес. Екеуміздің кіндігіміз Мырзашөлдің кең даласында кесіліп, шілде суымыз Мырзашөлдің суымен алыныпты. Тәй-тәйіміз Қызыр қонған Қызылқұмда басталып, табанымыз ыстық құмға бірге күйді. Екеуміздің де ата-аналарымыз шопандар еді. Киіз үйдің түңлігінен  көк аспанға көз салып қырық қиялмен қанат қақтық. Ол «Шардара» кеңшарына қарасты Бимырза елді мекеніндегі шағын мектепте, мен осы шаруашылыққа қарасты Жібекші фермасында орналасқан Ғани Мұратбаев атындағы сегізжылдық мектеп-интернатта оқыдым. Білім ұясы аудан орталығынан өте алыс еді. Ата-анамыздың ыстық құшағын сағынады емеспіз бе?! Бізді ең әуелі сағыныш сезімі тәрбиеледі. Бір қуаныштысы, талабымызды танып, ұстаздарымыз белімізді бекем буа алды. Талаптың тұлпарын сыйлады. 

Төртінші сыныпта Шардара ауылындағы шопан балаларына арналған мектеп-интернатта басымыз түйісті. Сол жылы ол сыныпқа төраға болып сайланды. Содан бері осы абыройлы атақтан, қаһарлы лауазымнан айырылған жоқ. Қысқасын айтқанда, жасымыз  желкенді  жетпіске толып, талай топты жарып, талай алқаны билесек те арамыздағы төрағамыз осы – Үсен Қамбаров.

– Бөлінген қазды топтанған қарға алады, – деген қазақ атамыз. Осы аталы тәмсілді бетке ұстаған біздің құрдастарымыз ешуақытта қалыпты бұзбай, бала күнгі тәртіпті сақтап, Үсен достың айтқанымен жүріп,  айдауына көніп  келеді. Өйткені, оның ұйымдастырушылық қабілеті, ақыл-қайраты, мейірім-шапағаты, тағы басқа да асыл  қасиеттері көпке жақсы таныс. Тұла бойы сыйластық пен қимастыққа тұнып тұр. 

Әлқисса, қадірлі қалың оқырман, сонымен Қамбаров деген қай құдірет, қай пайғамбар деп қайран қалып отырған шығарсыздар?! Иә, ол сөз басында айтқанымдай, шағылда өсіп, шаң кешкен, шалғын кешкен  шардаралық тұрғын, ауылдан шыққан жерлесіміз.  Азулы аға, абыройлы ата. 

Естеріңізде ме, 1981-85 жылдары Шардара қаласының көшелері түнге қарай жарқырап, сәуле шашып тұрушы еді ғой.  Қала ішіндегі тәртіп пен тазалық ше?! Көп қабатты ғимараттар, денсаулық сақтау, білім беру мекемелерінің кеңселері, әлеуметтік қызмет көрсету мекемелері, дүкендер мен моншалар талапқа сай жылы болатын, жарық болатын. Халыққа  қалтқысыз қызмет көрсетуде біздің досымыздың қосқан үлесі шексіз. Өйткені, осы кезеңдерде Үсен Баспанұлы аталмыш мекемеде шебер, прораб, тағы басқа да жауапты қызметтер атқарды. Ол өзіне тапсырылған міндетті тиянақты орындады. Елден өкпе-ренішті сөз естіген жоқ, Тек қана алғыс алды.  Кейінгі жылдары, яғни, КСРО тарап, еліміздің жаңа дәуірге бет алған кезеңде Үсекең өзі еңбек жолын бастаған №20 мамандандырылған арнаулы мехколоннаның бас инженері, кейін басшысы ретінде барлық міндет пен қызметті  жауапкершілікпен жалғастырды. Ақылы мен парасаты, білімі жеңісіне  жетекші болды. Ұжымды қысылтаяң кезеңде айрандай ұйыта білді, көңілден шығатын іс-шараларды дер кезінде көзін тауып, жүзеге асырып отырды. Қажетті материалдар, тиісті техникалар тапшы уақытта қиындықтан шығудың жолын іздеді. Түрлі шаруашылықтар мен құрылыс-өндіріс орындарымен тығыз байланыс орнатты.

– Біздің шағын мехколонна сол кезеңдегі  алып мекеме саналатын «Кзылкумсовхозстрой» тресіне қарайтын. Басшысы – Өстемір Тілегенов ағамыз. Мен құрылыс саласында тәжірибесі мол, өз ісінің іскері атанған абыройлы ағамыздан басқару ісінің қыры мен сырын көп үйрендім, – деп еске алады ол  өткен жылдарға  ойша шолу жасап. – Өсекең өте білімді, талапшыл, жұмыста тынымсыз жан еді. Ол кісі үшін әр тапсырманың үлкен-кішісі болмайтын. Орындай алмасаң – жазасыз қалмайсың. Өстемір ағаның түрі сұсты болғанымен, жаны жұмсақ еді. Көмек сұраған жандарға қол ұшын созуға дайын тұратын. Қарамағында еңбек ететін азаматтардың қамқорлықсыз, назардан тыс қалмауын ыждаһатпен  қадағалайтын. Кәсіби мереке алдында, мемлекеттік мерекелерде, мейрамдарда қарапайым еңбек адамдарын, мекеме қызметкерлерін құттықтап, Алғыс хаттар тапсырып, бағалы сыйлықтармен марапаттауды ұмытпайтын. Ұлттық салт-дәстүрдің  қалыптасуын,  дамуын жиі еске салатын, – дейді жақсы ағаның асыл қасиетін санасына сақтап, үлгі-өнегесін бойына сіңірген Үсен Баспанұлы.

Үсен жас кезінде-ақ білімімен, тәртібімен мектеп оқушыларына  үлгі-өнеге көрсетті. Мектеп ұжымы, ұстаздар қауымы осы қасиеттерін ескеріп, жетінші сыныпта оны Одақтағы ең танымал – «Артек» пионер лагеріне демалуға жіберді. Оны Кавказ тауына қимай шығарып салдық. Арамыз бөлінген аз күннің ішінде  достық жүректің сағынышы ақ конвертте хаттар болып қалықтады. 

– Әттең, сол хаттарды балалық аңғалдықпен жолда пойыз ішінде жоғалтып алдым, – деп  ақырын күрсінеді ол.

Әрине, сол жылдардан бері талай қымбатты нәрселер жоғалды, бірақ біздің арамыздағы асыл достық жоғалған жоқ.  Қайран жылдар, қайта оралмайды-ау... Достық, демекші, Үсен  қызықты әрі ғажап бір оқиғаны баяндап берді. Ақиқатын айтсам, менің есімде жоқ қымбат дүние. Жетінші, әлде сегізінші сыныпта оқитын кезімізде  «Шардара» кеңшарына қазақ халқының ардақты ұлы, батыр Бауыржан Момышұлы ағамыз келеді. Аса сыйлы қонақпен  кездесуге арналған салтанатты жиын ауыл клубында өтеді. Сол жиында Үсен  батыр Бауыржан ағаға арнаған өлең оқиды. Батыр жас, жалынды оқушыны құшақтап, арқасынан қағып,  батасын береді. Ең қызығы, Үсеннің батыр аға алдында оқыған өлеңін мен жазған екенмін. Мүмкін, мен өз өлеңімді мәнерлеп, батыр көңіліне сай оқи алмайтын болған шығармын. Әлде момын табиғатыммен  айбынды атамыздың алдында өлең оқуға жүрексінген болармын.  Солай біз Үсен екеуміз қайталанбас кездесудің басты қаһарманына айналып кете барыппыз! Үсеннің арқасында батырдың батасын алдық. Батаның  жұғысты болғаны шығар, әлі күнге дейін достығымызды кір шалған емес. Елдің абыройынан кенде емеспіз. Алла Үсенге көген, маған өлең тарту етті. Ол бұл күнде атақты кәсіпкерге айналды. Үсен былтыр  Шардара ауданының құрметті азаматы атанды. 

  Нұрғали ИБРАЙЫМ.  

Шардара қаласы.

Пікір қалдырыңыз