Бердібек Соқпақбаевты әлем мойындады. Өзіміз ше?

Абай БАЛАЖАН, «Оңтүстік Қазақстан».

Әсілі, әлемде жаратылысынан талантты халық аса көп емес. Бір халықты бір халықтан жоғары да қоймау керек, төмен де қоймау керек десек те, талантты ел бәрібір өзін танытпай тұрмайды. Сіз оларға қанша жерден тосқауыл қойсаңыз да, оныңыз арқырап келе жатқан тау суының алдын шүберекпен бітегендей бір нәрсе болып шығады. Таудан кұлаған суға шүберек бұйым болушы ма еді?!


Қанша кемшіліктеріне қарамастан (онысы жұрт айтып жүргендей кемшілік болса, әрине) біздің қазақ сол әлемдегі санаулы ғана ең талантты халықтардың бірі. Алайда, жұрт білген шындықты өзіміз білмейміз. Жұрт сөзсіз мойындаған тұлғаларымызды өзіміз өле өлгенше мойындамай өтеміз. Екі таланттың пікірі бір жерден шықпай қалса бітті, солардың пендешілігіне өтіп кетеміз. Құдайы тамақтарда отырып, «Мұхтар Мағауин мықты ма, Дулат Исабеков мықты ма?» деген мәселенің төңірегінде қызыл кеңірдек боламыз. Ол екеуінің қай-қайсысы болмасын, кез келген Батыс елдерінің бірінің өкілі болса, әлем әдебиетінің жарық жұлдызы болып бағаланатынына бас ауыртпаймыз. Алла тағаланың қай құпиясын білгендейміз, бір қызығы, Жаратушы иеміз таудай таланттарды халқының саны 70,80, тіпті 100, 200 миллионға жететін ірі мемлекеттерге емес, біз сияқты аз халықтарға бере салады. Қазақта жәй адамнан гөрі талантты адам көп! Бірақ мойындалмайды. Сүйексіңді мінезіміз сондай, төрге талантты емес, қоңыртөбел біреуді шығарамыз. Ал, сосын өліп-талып, соның тұғырын граниттен қашап жасап, әуре боламыз да жатамыз. Сыйлық біткенді соған алып береміз. Қазақстанда қандай орден-медаль шығады, соның бәрін сол қоңыртөбелдің омырауына тағып ит боламыз. Ол қоңыртөбеліміз қалай уақыт сағаты бітіп, шын дүниесіне аттанады, солай рухани кеңістігімізден жоғалады. Өзі де жоғалады, сөзі де жоғалады! Ал, тұғырын Құдайдың өзі алтыннан қашап жасаған талантты көзге ілмейміз. Кеңес өкіметі кезіндегілері бар, қазіргілері бар, әдебиет, театр, музыка, көркемсурет, кино саласында қаншама адам Мемлекеттік сыйлық алды, солардың бәрі бірдей ел есінде қалды ма? Сол Мемлекеттік сыйлық алған шығармалардың бәрі бірдей өміршең бола алды ма? Әрине, жоқ! Ал, сол лауреаттармен қанша талант қатар өмір сүрді, олардың біреуін көзге ілген жоқпыз. Көзге ілген былай тұрсын, тұтас мемлекет болып, олардың талантын тұншықтыруға тырыстық. Тіпті тірі жүргенінің өзін кешіре алмағандар болды.

Кейде талассыз талант Бердібек Соқпақбаев қазақ әдебиетінің өкілі емес, неміс пе, ағылшын ба, испан, итальян әдебиетінің бе, өкілі болғанда не болар еді деп ойлайсың. Не болушы еді, Бердібек Соқпақбаев Нобель сыйлығының лауреаты болар еді! Анадай талантпен сөз жоқ, болар еді!

Ал, ұлт әдебиетіне «Бастан кешкен», «Өлгендер қайтып келмейді», «Менің атым Қожа», «Он алты жасар чемпион» секілді інжу-маржандар қосқан Бердібек Соқпақбаев қазақ ішінде елеусіз ғана өмір кешті. «Елеусіздеу өмір сүрді» дейміз-ау, ол қашан шын дүниесіне аттанғанша аңдуда жүрді. Аузына алпыс жерден, тіліне тоқсан жерден қақпақ қойылды. «Менің атым Қожаны» бүкіл әлем мойындап, өз тілдеріне аударып жатқанда да қазақ билігі оны кешірмеді. Кешіре алмады. Біз қит етсе кемшілігімізді заманнан немесе біреуден көріп үйренгенбіз ғой, Бердібек Соқпақбаевты тұншықтыруымызды да тоталитарлық биліктен, сол биліктің бұйдасын ұстаған орыстан көргіміз келеді. Ал, анығында «Менің атым Қожаға» сол кездегі кеңес билігі де, орыс әдебиетінің өкілдері де қылдай қиянат жасаған жоқ! Не істесек те, өзіміз істедік. Ажалынан бұрын өлтірген де өзіміз...

Бірақ, Бердібек Соқпақбаевтың өзін өлтіргендер оның сөзін өлтіре алмапты. Биылғы жылды ЮНЕСКО таланттың дүниеге келуіне 100 жыл толуына орай Бердібек Соқпақбаев жылы деп жариялады! Оның жүз жылдығы енді ЮНЕСКО аясында аталып өтіледі! Кезінде Соқпақбаевты тұншықтырдық деп масаттанғандардың немере-шөберелері енді оның шығармалары бойынша сынақ тапсырады, тест тапсырады. Өздері сәл кейінірек тапсырады. Бәлкім тапсырып жатыр... Біз енді оны көре алмаймыз.

Өмір не деген қызық, өмір не деген күрделі.

Пікір қалдырыңыз