Адамдардың сенгіштігін өз мақсатына пайдаланады

ҚР Ішкі істер министрлігінің деректеріне сәйкес, өткен жылы еліміз бойынша 13,7 мыңнан астам интернет-алаяқтық тіркелген. Алаяқтардың айла-тәсілдеріне тек егде жастағы адамдар ғана емес, жоғары білімі бар және IQ деңгейі жоғары азаматтар да түсіп қалады. 

Олар керемет психолог болып келеді

Fingramota.kz сайты алаяқтың стереотиптік портреті қандай болып келетініне талдау жасапты. Онда алаяқ эмоционалды интеллектісі төмен және басқаның сезімін түсіне алмайтын адам деп көрсетілген. Алайда, эмпатияның болмауы оның адамдарға айла-шарғы жасауына кедергі болмайды. Олар тәп-тәуір психологтар. Көбінесе айналасына сүйкімді көрінеді. Адамға тез ұнап қалуымен немесе олардың аяушылығын тудыра білуімен сенімдеріне оңай кіреді. 
Сондай-ақ, алаяқтар керемет спикерлер, олар қандай сөз оралымдарын қолдану, қандай интонациямен сөйлеу  және қандай хабарлама жасау керектігін өте жақсы біледі. Мысалы, азаматтарға олардың қатысуынсыз кредит ресімделгені немесе ақша қаражаты аударылғаны туралы хабарлайды. Жәбірленушіні қорқыныш билегендіктен біраз уақыт ұтымды ойлау қабілетін жоғалтады, міне, осы кезде сұхбаттасушы тек деректерді хабарласаңыз, қалғанын банк өзі реттейтінін айтып «қамқорлық» танытады. 
Көбінесе алаяқтар азаматтардың тез байып кетуді ойлайтын ниетін пайдаланады. Клиентінен жылдам және дәл қазір шешім қабылдауды талап етеді, «ойлануға уақыт жоқ, әйтпесе сіз өз мүмкіндігіңізді жіберіп аласыз» деп алқымнан алады. Содан кейін адамдар күмәнді ұйымдарға ақша салады немесе «жалған кредиторлардан» қарыз алады. 
Егде жастағы адамдарға беделмен қысым көрсету әдісі тез әсер етеді. Зейнеткерлер көбіне мемлекеттік органдар мен полицияға сеніп дағдыланған, сондықтан алаяқ өзін оларға ҰҚК қызметкерімін деп таныстырса, сол сөзге сенеді. Қауіпті қылмыскерді ұстауға көмектесу туралы өтінішіне адам күмәндана бастаса, мемлекеттік арнайы операцияға кедергі келтіргені үшін қылмыстық жауапкершіліктің бар екенін айтып қорқытады. Алаяқтар интернет пен IT-технологияларды тәп-тәуір меңгергенін де ұмытпауымыз керек, олар өздерінің жеке мүдделеріне қолдану үшін барлық жаңалықты зерделейді. 

Алаяқтарды қалай анықтауға болады?

№1 белгі: Алаяқ әрқашан сізбен бірінші болып байланыс орнатады. Қоңырау шалып немесе әлеуметтік желілер арқылы байланыс орнатады, еліктіретін ұсыныстар жасайды. Мұндай қоңыраулар мен хабарларға жеңіл-желпі қарамаңыз – бұл сізді алаяқтардан қорғайтын цифрлық гигиенаның бір бөлігі.
№ 2 белгі: Алаяқтармен әңгіме әрқашан қаржы төңірегінде өрбиді. Қаскүнемдер өздерін банктің, мемлекеттік мекемелердің немесе ірі дүкендердің қызметкерлері ретінде таныстырады, бірақ олардың әңгімесі әрқашан ақшаға қатысты болады. Сақ болыңыз, ақшаға келгенде бейтаныс адамдардың сөзіне сенбеңіз. 
№3 белгі: Олар конфиденциалды ақпаратты жария етуді сұрайды. Банктің немесе құқық қорғау органдарының бірде-бір қызметкері сізден төлем картасының деректемелерін, құпия сөзді және CVV-код сұрамайды.  Бұған олардың қызметтік этикасына сәйкес қатаң тыйым салынған. Сол себепті бөтен адамдар қорқытып, қоқан-лоққы жасаса да жеке ақпаратыңызбен бөліспеңіз.
№4 белгі: Алаяқтар сізді түрлі эмоцияларға итермелейді. Олар әдетте, адамның психологиясын жақсы біледі, сол себепті сіздің жанды жеріңізді дәл басып, проблемаларыңызды шешуге тырысады. Ондай сөздерге сеніп қалмаңыз, дұрысы, өзіңіз банктің немесе мемлекеттік органның байланыс орталығына телефон соғып, мән-жайды нақтылаңыз. 
№5 белгі: Шешім қабылдауға асықтырады. Алаяқтар құрбандарын ойлануға уақыт қалмайтын жағдайға әкеледі. «Дереу шешім қабылда немесе өкінесің» дейді. Адамның күйзеліс жағдайында сасқалақтап, абдырап қалатынын жақсы біледі. Егер де бейтаныс біреулер сізді асықтырып, шешім жасауға мәжбүрлесе, әңгімені доғарып, жағдайды жан-жақты ойластырыңыз. Қажет болса, Сіз кез келген уақытта қайта хабарласа аласыз.

Ең дұрысы сөйлеспеңіз

1. Сын тұрғысынан пайымдаңыз – бейтаныс адамдармен сөйлескенде олардың сіздің эмоцияларыңызды басқаруға жол бермеңіз, олардың сөздері мен іс-әрекеттеріне талдау жасаңыз. Есіңізде болсын, сіздің олардың алдында ешбір міндетіңіз жоқ және жауап бермеуге немесе кетіп қалуға құқыңыз бар.  
2. Қатты сенімді болмаңыз – шамадан тыс сенімділік алаяқтардың құрбаны болу қаупін арттырады. Сіз алаяқтардың барлық схемасы мен олардың тәсілдерін біле алмайсыз, сондықтан сақ болыңыз және абайлаңыз. 
3. Асықпаңыз, алдымен ойланыңыз – сізге ұсыныстың бір-екі минутта күшін жоятыны туралы айтуы мүмкін, бірақ олай емес. Егер, сізге расында лайықты нәрсе ұсынатын болса, онда оның мерзімі осыншалықты қысқа болмайды. 
4. Жақындарыңызбен кеңесіңіз – сонда ақшаңыз бен жүйкеңізді сақтап қалатын бағалы кеңес алуыңыз мүмкін. Бұдан басқа, сіздің жағдайыңызды басынан кешпеген адамға талдау жасау оңай болады және ол қауіпті тезірек байқайды.
5. Сізге әлдебір ұсыныстарды табандылықпен ұсынатын адамдармен сөйлеспеңіз, дұрысы сыпайы түрде бас тартыңыз. 
6. Эмоционалды түрде қысым жасауға жол бермеңіз. 
Банк қызметкері ретінде таныстырған адам сізге қоқан-лоқы көрсетсе немесе ашуландырса, әңгімені тоқтатыңыз, себебі, сізбен сөйлесіп тұрған   алаяқ болуы мүмкін. 
7. Нақты сұрақтар қойып, әңгімелесуді жазып алып жатқаныңызды ескертіңіз. Қоңырау шалушы адамның деректерін, оның жұмыс орнының мекенжайын, лауазымын, сондай-ақ, сізге қандай мәселемен қоңырау шалып жатқанын сұрап алыңыз. Оның үстіне жауаптарды жазып жатқаныңыз алаяқтарды қорқытып қана қоймайды, сондай-ақ сізге эмоционалды қысым жасағанда дұрыс ойлануыңызға мүмкіндік береді. 
 
Түйін. Қаржылық сауаттылығыңызды арттырсаңыз, өзіңізді де, ақшаңызды аман сақтап қала аласыз.

Б.ДӘРІҚОЖА.

Пікір қалдырыңыз