Вьетнам Батыс әлеміне не үшін қажет?

Ерболат Айнабеков,
«Оңтүстік Қазақстан».
Мұнда ХХ ғасырдағы ең ұзақ әрі ең қанды қырғындардың бірі болған. 1955 жылы басталған соғыс 20 жылға созылып, бұл соғысқа кейбір тарихшылар «үшінші дүниежүзілік соғыс» деп те айдар таққан. Осы соғыс кезінде АҚШ бұл жерге ірілі-ұсақты 7 миллион 662 мың бомба тастайды. Салыстыру үшін айтайық, бұл көрсеткіш АҚШ-тың екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жұмсаған бомбасынан 3 есе көп. Соған қарамастан АҚШ әскері көздеген мақсаттарына жете алмай, 1975 жылы бұл аймақты тастай қашады. Тастай қашқандары сол, тірі қалғандары жандарын сақтап елдеріне аман жетуі үшін кемелеріне тиелген әскери тікұшақтарын суға лақтырады. АҚШ өзіне аса көп шығын әкелген соғыста 60 мыңға жуық жауынгерінен айырылады. Ал, Вьетнам тарапынан 1 жарым миллионнан астам адам ажал құшты. Осындай қан-қасап соғыстан кейін Вьетнам мен АҚШ-тың арасында ұрпақтан-ұрпаққа, ғасырдан-ғасырға жалғасуы тиіс дұшпандық сезімі пайда болуы керек еді. Бірақ...
Бүгінде Вьетнамнан шыққан тауарлардың басым көпшілігі (27,9%) АҚШ-қа экспортталады. Дәл осы Америка Құрама Штаттарынан құйылған инвестицияның арқасында Вьетнам кедейліктен шықты. Бұрын мұнда кофе мен күріштен басқа ештеңе өндірілмейтін. Ал, қазір Вьетнам жаңа технологияларға арналған қосалқы бөлшектер шығарушы елдердің алдыңғы қатарына шықты. Халық саны 100 миллионнан асқан әлемдегі 16 елдің қатарына енді. Aplle, Macbook, «ақылды» сағаттар секілді әлемдік брендте алдыңғы орындарда тұрған технологиялардың қосалқы бөлшектері Вьетнамда жасалады. Жер жүзіне тарайтын Samsung смартфондарының жартысы осы Шығыс Азиядағы мемлекетте құрастырылады. Осыдан жарты-ақ ғасыр бұрын қанға бөгіп жатқан мемлекет бұл дәрежеге қалай жетті? Батыс әлемі мен Қытайдың текетіресі Вьетнамға қалай әсер етті?
Вьетнам экономикасының көтерілуіне ең бірінші оның географиялық жағдайы әсер еткені анық. Әлем картасына үңіліп, Вьетнам мен оның айналасында орналасқан мемлекеттерге зер салып қарайықшы. Вьетнамға жақын Қытай, Үндістан, Пәкістан, Бангладеш, Филиппин, Индонезия, Жапония секілді мемлекеттер орын тепкен. Бұл аймақта әлем халқының жартысынан көбі (4,3 млрд. халық) өмір сүреді. Оның үстіне әлем экономикасында маңызды рөлге ие Малакка бұғазы мен жаһандық энергетика саласында ойып тұрып орын алатын Оңтүстік Қытай теңізі де осы аймақта орналасқан. Осы екі дәліз арқылы азиялық алпауыттар (Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея) мұнай мен «көгілдір отын» (тәулігіне 16 млн. баррель) импорттайды. Сонымен қатар, дәл осы дәліз арқылы Вьетнам өз тауарларын Еуропа мен Африкаға, одан ары Солтүстік Америкаға тасымалдайды.
Вьетнамға инвестиция құятын мемлекеттердің көшін Оңтүстік Корея бастап тұр. Одан кейінгі орындарда Жапония, Қытай, Индонезия, Тайвань, Британия, АҚШ секілді елдер бар. Бұл мемлекеттер брендтегі жаңа технологиялар жасап шығарумен танымал. Олар неге Вьетнамды таңдады? Біріншіден, Вьетнамда арзан жұмыс күші көп. Аймақтағы ең төменгі жалақы да осы елде. Екіншіден, Вьетнам осы аймақтың дәл ортасында орналасқан.
АҚШ-тың әйгілі Nike компаниясы әлемнің 37 елінен 501 фабрика ашып тастаған. Ол фабрикаларда 1,1 миллион адам еңбек етеді. Осы адамдардың тең жартысы Вьетнамда тұрады. Nike тігіп шығаратын спорттық киімдер мен аяқ киімдердің әрбір төртіншісі осы Вьетнамда тігіледі.
Осы тұста мына жағдайды айтпай кетуге болмас. Мұндай шуақты күннің Вьетнамда атқанына көп бола қойған жоқ. Уақыттан сәл шегініс жасап, өткен ғасырдың басына оралып көрейік. Осы уақытта Оңтүстік-Шығыс Азияның басым бөлігін еуропалықтар өздерінің колониясы етеді. Қазіргі Индонезия Нидерландыға, Сингапур, Малайзия мен Бруней Британияға, Филиппин АҚШ-қа, Вьетнам, Лаос, Камбоджа Францияға бағынышты болады. Бұл аймақта Тайланд қана ешкімнің боданына айналмайды. Бірақ, бұл оларға еуропалықтардың күші жетпей қалды деген сөз емес. Британия мен Франция Еуропада отырып, Азиядағы мемлекеттердің тағдырын шешеді. Осындай келісімдердің бірінде қос мемлекет өз колонияларының арасында буферлі аймақ ұстауға келіседі. Ол буферлі аймақ – Тайланд болады. Қос алпауытқа ол аймақ бір-бірімен соғыспау үшін, екіншіден, Азияда алып күшке айналып келе жатқан Қытайды қысымға алу үшін қажет болды.
ХІХ ғасырдың басында Қытай әлемдегі ең ірі империялардың бірі болғаны тарихтан белгілі.
1820 жылы Қытай империясының жалпыұлттық ішкі өнімі әлем елдерінің жалпыұлттық ішкі өнімінің үштен бірін құрады. Арада жарты ғасыр өтер-өтпес бұл көрсеткіш күрт өзгерді. Қытайдың бұл көрсеткішіне Үндістан жақындады. Британия, АҚШ, Ресей экономикалары да аса қарқынмен дамыды. Африка елдері де бұрынғыдай бөтенге қол жаймайтын болды. Өйткені Қытайға басқа империялар тарапынан жасалған қысым нәтижесін бере бастады. Британия Гонконгті, Жапония Тайваньды, Германия Цзяоу Жоуды, Ресей Порт-Артурды жаулап алды. Осылайша алып империя теңізге шығу құқығынан айырылды.
Вьетнамның Франция колониясы болғанын айттық. Осы тұста француздар сонау қиырда не жоғалтты деген заңды сұрақ туады. Вьетнамның астанасы Ханойдан Парижге дейінгі аралық 9000 шақырымды құрайды. Әкімшілік-басқару жағынан тиімсіз. Өткен ғасырдың ортасында Вьетнам Франциядан тәуелсіздігін алуға ұмтылғанда бұл жерлерге америкалықтар келді. Ал, Ханойдан АҚШ-тың ең жақын жағалауы Калифорнияға дейін тіптен алыс (12500 шақырым) еді. Сонда бұлар Вьетнамда не жоғалтты? Осы тұста 20 жылға созылған соғыс туралы айта кетейік. Бұл АҚШ тарихындағы адам шығыны ең көп болған соғыстардың бірі екенін айта кетейік. АҚШ өз елдеріндегі азаматтық соғыс пен бірінші және екінші дүниежүзілік соғыстан кейін мұндай шығынға ұшырамаған. Ең қан-қасап соғыс деп атауымызға да себеп жоқ емес. Бұл қырғын технологиялар дамып, фотоаппарат пен бейнекамералар жетілдірілген заманға тұспа-тұс келді. Соғыс алаңдарындағы ұрыс теледидарлардан көрсетіле бастады. АҚШ-та Вьетнамға аттанатын сарбаздарды телеарнадағы лотореялық бағдарламамен анықтауға кірісті. Ол қалай? Лото-ұяшықта 1-ден 31-ге дейінгі сан болды. Қай сан шығады, сол цифрда көрсетілген күні дүниеге келген ер азаматтар майданға аттанатын болды. Жер шарының жартысын артқа тастап, майданға түсетіндей америкалықтар Вьетнамға барып не ұтты дейсіз ғой? Елдегі азаматтық соғыс кезінде Вьетнам екіге бөлініп кеткен. Солтүстігінде коммунистер болса (Қытай мен КСРО-ның қолдауымен), оңтүстігін демократтар биледі. АҚШ Вьетнамда коммунизм орнайтын болса, Лаос, Камбоджа, Тайландта да осы жүйе енгізіледі деп қауіптенді. Түптеп келгенде Үндіқытай түбегі толығымен коммунистердің қолына көшеді деп болжап, Вьетнамдағы соғысқа араласты. Бірақ, 1975 жылы АҚШ әскері Вьетнамды тастап кеткен соң, коммунистер жеңіске жетіп тынды. Америкалықтар болжағандай Үндіқытай түбегіндегілердің бәрі коммунистік мемлекетке айналды.
Вьетнам соғысы аяқталып, Қытай мен КСРО дегеніне жеткен соң, өте түсініксіз жағдай орын алды. Коммунистік Қытайдың әскері коммунистік Вьетнамға соғыс ашты. Бұл қақтығыстың басталуына «үлкен күштердің» де әсері жоқ емес еді. Сөзіміздің басында айтқандай, Малакка бұғазы мен Оңтүстік Қытай теңізінің әлемдік экономика мен энергетика саласында алар орны ерекше. Ал, Пекиннің пікірінше, Оңтүстік Қытай теңізінің басым бөлігі Қытайға тиесілі. Бұл пікірмен аталмыш теңізге шыға алатын Вьетнам, Малайзия, Бруней, Индонезия келіспейді. Қай жерде дау шықса, сол жерден табыла кететін Британия мен АҚШ бұл іске де араласпай қалған жоқ. БҰҰ-ның конвенциясына сәйкес Оңтүстік Қытай теңізіне «халықаралық су» статусы берілді. Осы ережеге сәйкес әр мемлекет өзінің шекарасынан 200 шақырымға дейінгі теңіз аумағын пайдалана алады. Қытай бұл ережені де айналып өтпек ниетте. Қазір олар теңіздің ортасына топырақ төгіп, қолдан арал жасап жатыр. Осылайша Оңтүстік Қытай теңізіндегі үстемдігін кеңейтпек.
Оңтүстік Қытай теңізі сауда айналымы үшін ғана керек деп ойлайтындар қателеседі. Әлемнің балық саудасындағы Оңтүстік Қытай теңізінің үлесі 10 пайызды құрайды. Оған қоса дәл осы теңіздің түбінен мұнай мен газ қоры табылған. Мұндағы мұнайдың көлемі тіпті Алжирдің бүкіл мұнайынан көп.
Бұдан шығатын қорытынды, Батыс әлемі үшін Қытайдың Азиядағы үстемдігі артқаны керек емес. Сол үшін де Вьетнам, Тайвань секілді мемлекеттерді «қолдап» отырады. Бұл өз кезегінде «аспан асты елінің» аяғын аңдап бастыру үшін қажет.
...Дегенмен, бәрін өз орнына қоятын Уақыт деген бір құдірет барын ұмытпайық. Соңғы сөзді сол айтады.