Мәслихат төрағалары журналистермен жүздесті
Жүзден астам депутаттық сауал жолдап, мәслихат олардың орындалуын назарда ұстап отыр.
Бауыржан
ЕРМАН,
«Оңтүстік
Қазақстан».
«AMANAT»
партиясы Түркістан облыстық филиалында кезекті баспасөз жиыны өтіп, Мақтарал
аудандық мәслихатының төрағасы Қадыр Сәрсекбаев пен Жетісай аудандық мәслихатының
төрағасы Медет Қасымов партияның сайлауалды бағдарламасының орындалуы бойынша
есеп берді. Спикерлер жергілікті мәслихат мүшелерінің халық сұранысына сай атқарған
жұмыстарын баяндап, өзекті мәселелерді шешудегі ықпалы жөнінде сөз қозғады.
Алғашқы болып сөз тізгінін алған Қадір
Сәрсекбаев 130 мың адамға жуық халық тұратын ауданның депутаттары
ауыл-аймақтардағы қордаланған мәселелерді шешуге біле түре кіріскенін жеткізді.
Осылайша халық қалаулылары мәслихат құрылымындағы 3 тұрақты комиссияның
құрамына еніп, әр сала бойынша айқындалған өзекті мәселелердің оңтайлы шешілуін
назарға алған. Оның айтуынша, биыл мәслихаттың 6 сессиясы өтіп, түрлі салаларға
қатысты маңызды мәселелерді реттейтін 52 шешім қабылданған. Соның бірі – аудан
бюджетіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу бастамасы болыпты. Сәйкесінше депутаттардың
сүзгісінен өткен аудан бюджеті 14 млрд. 759 млн. теңге болып бекітіліп, оның
34,2 пайызы әлеуметтік, 23 пайызы тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық және
энергетика, 10,2 пайызы көлік және коммуникация, ал қалған 32,6 пайызы басқа да
салаларға бағытталған екен.
- Тұрақты комиссиялардың
отырыстарында аудандық және ауылдық округтердің бюджеттерін нақтылау, аудан
әкімдігі жанындағы ведомствоаралық комиссиялардың дербес құрамдарына өзгерістер
енгізу, ауданның әкімшілік аумақтық құрылысы және жергілікті атқарушы
органдардың есептерін тыңдау туралы мәселелер қаралды. Депутаттық корпус
тарапынан жергілікті атқарушы органдарға 41 депутаттық сауал жолданып, оның
36-сы орындалса, кейбір өзекті тақырыптар бойынша түсініктеме берілді.
Депутаттар жолдаған сауалдардың 44 пайызы ағын су, жол, абаттандыру, газ және
электр энергиясы мәселелеріне қатысты болса, 29 пайызы жер қатынастары, ал 12
пайызы құқық қорғау саласына байланысты. Байланыс сапасын арттыру және құрылыс
саласына қатысты 6 депутаттық сауал жолданып, орындалуы мәслихат бақылауына
алынды, - деді ол.
Ал Медет Қасымов ауданның
депутаттық корпусы 22 азаматтан жасақталғанын және оның 19-ы «AMANAT»
партиясының фракциясы құрайтынын айтты. Оның сөзіне сүйенсек, аудандық
мәслихаттың 9 сессиясы өткізіліп, 58 мәселе қаралған. Олар – аудандық бюджетті
қалыптастыру және оның орындалуы, дербес бөлім басшыларының және кент, ауылдық
округ әкімдерінің атқарған жұмыстарының есебі, аудандағы қылмыстың алдын алу,
денсаулық сақтау, білім беру салаларындағы жұмыс барысы, ауданның
әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі аудан әкімінің есебі туралы мәселелер.
- Тұрақты комиссиялардың онға
жуық отырысы өтіп, білім беру, жұмыссыздықпен күрес, қаржы, денсаулық сақтау,
салық саясаты, өнеркәсіп, кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы салалары бойынша күн
тәртібіндегі өзекті мәселелер қаралды. Депутаттық фракцияның 4 отырысы өткізіліп,
партияның жол картасының орындалуы бойынша жауапты он лауазымды тұлғаның
есептері тыңдалып, шешімдер қабылданды. Ауданның депутаттары аймақтың өзекті
мәселелеріне қатысты 101 депутаттық сауал жолдап, мәслихат олардың орындалуын назарда
ұстап отыр, - деді мәслихат төрағасы.
Сондай-ақ брифинг барысында
бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері спикерлерге мәслихаттың құзыретіне
жататын мәселелер бойынша сауалдар қойып, тиісті жауаптар алды.