Абақ батыр

«Ақсүмбе, Абақ батыр Созақтағы, 
Кем еді қай батырдан қазақтағы».

Асқар Тоқмағамбетов.

Белгілі әдебиетші-ғалым, академик Рахманқұл Бердібаев ағамыздың «осы біз Абақ батырды дәріптей алмай жүрміз, өйткені зерттей алмай жатырмыз» дегені бар еді.
Есімі Арқа мен Қаратаудың күнгей-теріскейіне кең танымал болған ХІХ ғасырдың хас батыры, ақылгөй кемеңгері Абақ батыр атамыз шын мәнінде кім болған?
Абақ батыр ХVІІІ ғасырда Абылайдың шақыруымен құба қалмаққа түбегейлі соққы беру үшін Қаратаудан қалың қол бастап барған тарихи тұлға Жиенбет батырдың бесінші ұрпағы. Қоңыраттар сол барғаннан Арқада 150 жылдай қоныстанып қалған. Теріскейдегі қоңыраттың 80 пайызы, арғын, тарақты, алшын, тама, шалақазақ рулары түгелдей Арқадан келеді. Абақ батыр Арқадағы Қызылтаудың ішінде Айқара-Маймақ деген қоныста ХІХ ғасырдың басында дүниеге келген. Хан Кене орысқа қарсы қол бастап, майданға түскенде Абақ батыр сол күрестің бел ортасында қоңырат пен уақ қолын бастап, қаншама қанды шайқасқа қатысады. Кенесары хан оны «Абағым – арқасүйер дарағым» деп бағалаған. Кенесары хан Ақмола бекінісін алғанда Иман батыр, Ағыбай батыр, Абақ батыр үшеуі ұрандап, қамал қақпасын талқандап, бекініске алғашқылардың бірі болып кіреді. Орыс ішіне кіріп, орысқа қызмет жасап жүрген аға сұлтандар мен сатқын билердің адамдарын орысқа берілген боп барып көздерін құртуды Кене хан осы Абақ батыр мен оның жігіттеріне тапсырған екен. Сол заманда Кенесары мен Наурызбай Теріскейде жатқан Қоңырат елінің саңғыл руын билеп отырған Құрымбай датқаны қырық жігітімен бауыздап кеткенін естіп күйінген. Абақ батыр қырғыз жорығынан бас тартады.
Кейін Кенесары Арқадағы қалың қоңырат пен уақты бастап, Қаратаудың теріскейіне бет түзейді. Бет түзегенде түбегейлі қоныс аударады.
Дәл осы кезде Кенесары ұрпақтары мен туыс-туғандары да Абақ батырдың ақылымен оңтүстікке бет алады. Әйгілі Шоқай датқа төре-төлеңгіттерді Құмкенттің маңына Қызылкөл жағына орналастырады. Бұл – қазіргі Қызылкөл ауылы. Сол Шоқай датқа Кенесары ханның сүйегін іздеп қырғызға барғанда сеп болсын, айбар берсін деп қасына Абақ батырды алады.
Арқадағы Жиенбет батыр бабаның кесенесін күзетіп, қарашаңырақты ұстап отыру үшін бір қауым ел Шажағай өзені бойында, Айқара-Маймақта қалады. Олардың ұрпағы осы күнге дейін Жаңарқа, Шет, Бұқар жырау аудандарында өмір сүріп жатыр. Атамекенге көшпеу себебі Теріскейде жатқан елді Қоқан алып, тау етегіндегі қазақтың жайлауы болған шұрайлы жердің бәрін сарт басып, егін салып жатыр деген хабар жетеді.
Кезінде хан Кенемен келіп, Созақ қақпасын талқандап, Қоқан ханының Созаққа қойған бектері мен датқаларының басын шапқан Абақ батыр ханның өлгенін біліп, басына бастаған, қазаққа ойларына келгенін істей бастаған қоқандықтарды тәубесіне келтіруді жоспарлап шыққан еді. Абақ батыр бастаған қоңырат-уақтың көшіне Арқаны мекендеген тарақтының Шілмәмбет биі бастаған бес атасы ілесе көшеді. Сарысудың орта тұсында Атасу жағасында отырған алтай-қарпықтан біраз ел қосылады. Сол Сарысудың төменгі тұсында жатқан алшын-таманың бір бөлігі де Созақты бетке алып үдере көшеді.
Басында алшын-тамалар Саудакентті бетке алып, біраз жағалбайлымен бірге көшіп үлгерген екен. Абақ батыр бастаған осы көш көшке де, жорыққа да ұқсайды. Өйткені, қазақ қолын нығайтып күшейте беру үшін батыр өзімен жақын дос, құдандалы елдің бетке ұстарларын Созаққа көшуге үгіттеп, иландыра білген дейді ескіден жеткен әңгіме. Шежіре қарттардың айтуынша, Абақ батыр алшын-тамаларға «Саудакентте нелерің қалды? Қарабура бабаларың Созақта жатыр ғой, солай көшпейсіңдер ме?» деп намыстарын қайраған көрінеді.
Көшіп келген елді алдымен Шу бойы мен Мойынқұмға орналастырған батыр жер жағдайын біліп, үйренісе келе тау етегіне қарай ығыстыра бастайды. Алдымен Шу өзенінен арық қаздырып, қырға су шығарып, елді егін салуға үйретеді. Бұларға қарап қызыққан тарақты мен уақ та арық қазып, жер өңдеуге кіріседі. Осы күні ішіне аттылы адам емін-еркін кіріп кететін оман арықтар орны әлі бар. Ел оларды әлі күнге дейін Қоңырат арық, Тарақты арық, Уақ арық деп атайды. «Созақты қоршап орналаса берейік, түбінде ішіне де кіреміз ғой» деп болжам айтқан батырдың ойындағысы дәл келеді.
Бұл кезде Созақтың ішінде, маңайында отырған ошақты, шанышқылы рулары, төре руының Бесім тобы Қоқанның қысымына шыдамай, сарттанып кеткен еді. Тек тау ішінде жатқан саңғыл мен ыстының сәтегі ғана жан сақтап, қоңыраттар келісімен соларға қосылып, қыз алысып, қыз берісіп, қазақтығын сақтап қалады. Кәріағаш, Басбұлақта отырған саңғылдар да туыстары Тайлақтар Арқадан келіп қосылғасын бір жырғап қалады. Әйтпесе, олар да жартылай сарттана бастаған еді. Сол тұста Арқадан келген қазақтар қоқандық өзбектерді «сарттар» деп атаған екен.
Абақ батыр үлкен қол жасақтап, әр рудың қарулы жігіттері мен ақылман ақсақал билерін бірін басшы, бірін қосшы қылып, ақтық жорыққа кірісіп кетеді.
Тау етегіндегі Аққолтық, Қарабұлақ, Балдысу, Келіншектау, Жыныс, Қарақұр, Бақырлы, Ақсүмбеге дейін егін салып иемденіп отырған қоқандықтарды сойылдап, шоқпарлап, Созақ пен Шолаққорғанға қуып шығады. Оларды бақылап отыру үшін арнайы жасақ қояды. Қоқанның қоқаңдап жүрген бектері «Абақ батыр келіп, қол жинап жатыр» дегенді естігеннен-ақ бой тасалап, Ташкент, Шымкентке қарай безе қашады. Бұл жорықта тарақты мен алшын, таманың нар тұлғалы жігіттері бар күштерін салып, тау етегінен өздеріне қоныс алады, қоңыр-жиенбеттің ішінен құралған «қырандар» деп аталатын жауынгер топ ерекше қайрат көрсетеді. Олардың ерлік істері әлі күнге дейін аңыз боп айтылады.
Бұл уақыт үлкен Қоқанның бұларға көмекке келмек түгілі орыс басқыншылығы мен ішкі бүліктен өздерінің есі шығып жатқан кезі еді.
Көріпкелдік қасиетке ие, турашыл да әділ шешім шығарып отыратын Абақ батыр осындай тұлға болған. Төрт түлікке нас доңызды араластырмаймын деп теріскей бетке келе бастаған қарашекпендерді де сойылдап бездірген осы Абақ батырдың жігіттері. Қазір Созақ өңірінде жат ұлт пен жат діннен жұрнақ та жоқ.
Қазіргі таңда жоғарыда аты аталған ауылдарда орта жүз бен кіші жүз рулары өмір сүріп жатыр.
Созақ ішіндегі өзбектенген рулардың да көпшілігі қазақ болды. Қазақ болғысы келмегендер бүгінде Өзбекстанға, Ташкент маңына көшіп кетті.
Әркімнің өз таңдауы өзінде ғой. Ал, Созақ ауданының халқы мен әкім-қаралары Абақ батырды есте қалдырып, дәріптеу үшін не істеп жатыр? Ештен кеш жақсы деп бір игі шараны қолға алса, нұр үстіне нұр болар еді.

Аспандияр ӘДЕНҰЛЫ, 
жазушы.
Пікір қалдырыңыз