Қазақстандағы ең алғашқы көлік

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Оңтүстік Қазақстан».
Ол кезде көлік жүргізе алатын адам кемде-кем. Бабахан Нұрмұхамедбаев темір тұлпарды жүргізу үшін Мәскеуден өзімен бірге эстониялық Иоганн-Эдуард Рейнвальд деген азаматты әкеледі. Оны Алматыға (Верный) келуге қалай көндіргені белгісіз. Десе де, елдегі алғашқы көлікті осы бір Балтық жағалауынан келген азамат жүргізген.
«Berliet» автокөлігі сол замандағы ең атақты көліктердің бірі-тін. 1909 жылы Мәскеуде мұндай көліктің небәрі 9-ы жүрсе, 1912 жылы олардың саны 100-ден асып кеткен.
Алматыдағы Орталық мұражайда сақталған деректерге сенсек, Нұрмұхммедбаев сатып әкелген көліктің салмағы 1,47 тонна болған. Ұзындығы – 4,62 метр, ені – 1, 77 метр, биіктігі – 2,13 метр болыпты. Қуаты 90 ат күшіне тең деп көрсетіпті, бірақ бұл қате дерек сияқты. Себебі сол замандағы «Berliet» көліктерінің техникалық ерекшеліктеріне үңіліп көргенімізде, бұл темір тұлпарлардың қуаты 20 жылқының күшінен аспайтынына көз жеткіздік.
Көлік құралының техникалық құжатында 4 цилиндрлі бензинді қозғалтқыш, ленталы тежеуіш, резеңке үрімшесі арқылы сигнал беретін темір керней, ацетиленді екі ірі және керосинді екі шам бары жазылған. Автомобиль жақсы бұрылатын болған, ал тоқтау жолы 21.3 метрді құрапты.
Жұмысын жеңіл көлік құрастырудан бастаған «Berliet» фирмасы Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде жүк көліктері мен автобустар шығарды. Билік Орталық Азияда автомобиль тізгіндеу жаппай белең алмай тұрып жолдағы тәртіпке баса назар аударды. 1909 жылы қазанда Түркістанның генерал-губернаторы автокөлікті алдын-ала тексеріп, сынақтан өткізген соң ғана пайдалануға рұқсат беретін жарлыққа қол қойды. Құжат бойынша автокөлік қатты дыбыс, шамадан тыс түтін мен шаң шығармауға тиіс. Берік механизммен жабдықталып, жеңіл бұрылуы қажет. Одан бөлек «тежеуіш құралдардың» саны, тежелу жолының ұзындығы, сигнал беретін аппаратының болуы, алды-артындағы шамның саны мен «нөмір» белгісі де құжатпен реттелді. Көлік жүргізу құқығы 18-ден 60 жасқа дейінгі құлағы жақсы еститін, көзі жақсы көретін, денсаулығында кінәрат жоқ адамдарға берілді.
Бабахан Нұрмұхаммедбаев жолаушы тасымалдап, Тоқмақ, Верный, Пржевальск, Пішпек және Меркіде автобекет салуға уәде беріпті. Бұл келісімнің жүзеге асқан-аспағаны белгісіз, бірақ уәде қағаз жүзінде қалған сияқты, өйткені, Нұрмұхамедбаев 1913 жылы «Berliet»-ті досына сатып жіберген.
Кейіннен Иоганн-Эдуард Рейнвальд жолаушы тасымалдау кәсібін дамытуға тырысып, «Laurin & Klement 16/18» (болашақ Skoda) маркалы екі көлік сатып алған. Алайда соғыс басталып, арты көтеріліске ұласты, кейін азаматтық соғыс белең алды. Нәтижесінде Қазақстанда бұл істі Кеңес үкіметінің қолға алуына тура келді. Австриядан жеткізілген қос машина жайлы ақпарат жоқ. Рейнвальдтың да тағдыры белгісіз. Ал автобизнестің елдегі алғашқы өкілі Бабахан Нұрмұхамедбаев 1920 жылы «жат элемент» атанып, қызыл әскердің оғына ұшты.
Статистикаға жүгінсек, біздің елдің аумағында көлікті толық есепке алу алғаш 1923 жылы жүргізілді, бұл жылы 126 машина тіркелді. Бес жыл өткен соң елдегі көлік саны 247-ге жетті, ал 1936 жылдың ортасына қарай темір тұлпар саны мың жарымнан асты, бірақ басым бөлігін жүк көліктері құраған. Жеке көлік міну кезеңі кейін, Брежнев тұсында жаппай белең алды.
Бейбарыс Нұрбол
Керемет екен
Бейбарыс Нұрбол
Керемет екен
Qadirabdullaev
Машиналар қолданылады электрондық ойлап шығару керек неге дүние ластанып барады