Кім-кімде сырт қалмайды деп үміттенеміз

Халықаралық қарттар күні біздің аға буынға ризашылығымызды білдіріп, шынайы көңіл бөлуімізге мүмкіндік беріп қана қоймай, бір мезгіл олардың қажеттіліктеріне назар аудару үшін де жақсы себеп. Қарияларды қолдау, оларға қамқорлық көрсету аға буынға көрсеткен парызымыздың бір бөлігі ғана. «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің бастамасымен елімізде қазан айы бірнеше жылдан бері «Қарттарға қамқорлық» акциясына ұласып келеді. Дәстүрге тұратын қазақ үлкенді сыйлап, ақылын тыңдап, алдынан кесе- көлденең өтпеген. Елімізде қарт адамдарға деген қамқорлық жыл сайын қанатын кеңге жая түсуде. Жасының егде тартуына, денсаулығының сыр беруіне байланысты қарттардың көптеген шешілмеген мәселелері туындайтынын білесіздер, сондықтан оларға қолдау көрсету – туған-туыстары мен барша қоғамның міндеті.
Мемлекетіміз қарт адамдарға деген қамқорлықты экономикалық дағдарыс кезінде де тоқтатпаған. Дегенмен, елімізде әлі де болса әлеуметтік көмекке мұқтаж қарт кісілер аз емес.
Кейбір қариялар жасы ұлғайған шағында жан жылуы пен мейірімге зәру. Барлық қазақстандықтарды, жұмыс берушілерді, бизнестік құрылым өкілдерін аға буынның ел игілігіне қосқан еселі еңбегін ұлықтауға, «Қарттарға қамқорлық» айлығына атсалысуға шақырамыз.
Республикамыздағы атқарушы органдарды, жұмыс берушілерді, бизнес құрылымдарын, еріктілерді қарияларға, әсіресе, мүгедек ардагерлерге, жалғызбасты зейнеткерлерге, аз қамтылған қарттарға арнайы көңіл бөлуге үндейміз. Оларға материалдық тұрғыдан қол ұшын созып, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларына қолдау көрсетулеріңізді сұраймыз. Өз елінің патриоты ретінде акцияға бей-жай қарамайтын азаматтар жергілікті әкімдіктермен, өңірлік ардагерлер кеңестерімен байланысқа шығып, үлес қосады деген үміттеміз.
«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі.