Қоржын

Қазақтың қолөнері – атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан ең қастерлі кәсіптердің бірі.
Көшпелі қазақ халқының үй тұрмысында пайдаланған бұйымдары көшіп-қонып жүруге өте ыңғайлы болған. Мәселен, қоржын сол қолөнер бұйымдарының бірі. Қоржын жүннен иірілген жіптен тоқылады. Қоржынның түрлері де көп. Мысалы, түкті кілем, тықыр кілем, яғни кілем тоқу әдісімен тоқылған қоржындар және алаша тоқу әдісімен тоқылған қоржындар үй тұрмысында жиі пайдаланылған. Тағы бір түрі – қалың киізден тігілген қоржындар жаз айында сусынды салқын күйінде сақтауға, қыста ас-ауқаттың мұздап кетпеуіне арналған.
Қоржынды түйенің өркешіне, аттың екі қапталына асып алуға өте ыңғайлы етіп жасаған. Көшпелі халқымыз қыс қыстауға, жаз жайлауға көшкенде ішетін ас-ауқатын алып жүруіне ең ыңғайлысы қоржын болған.
Қоржын тек үй тұрмысында ғана емес, қазақтың той-томалағында да ерекше рөл атқарған. Құдалықта қоржын ашу деген салт бар. Баланың сүндет тойында нағашы жұрты балаға атап әкелген тайға жабуымен бірге қоржын салып әкелу ата-бабадан келе жатқан ізгі дәстүрлердің бірі.
Ұлттық мұраны, қазақтың қолөнер кәсібін дәріптеу музей қызметкерлерінің қастерлі борышы. Бәйдібек ауданындағы сәулет-көркем музейінде қоржынның бірнеше түрі бар. Түкті кілем, тықыр кілем, алаша тоқу әдісімен тоқылған қоржындардың нағыз шеберлердің қолынан шыққанын ою-өрнектерінен-ақ байқауға болады. Музейге келушілер біздегі көне жәдігерлер қатарындағы қоржындарды қызыға тамашалайды.
Эльмира ЖАМАШОВА,
Бәйдібек аудандық сәулет-көркем музейінің экскурсия жетекшісі.