Темірхан мен Ақберген тұңғыш рет әлем чемпионатына қатысуда

Сербияда академиялық және параакадемиялық ескек есуден әлем чемпионаты жалауын көтерді. Дүбірлі сынға ұлттық құрама сапында Түркістан облысының екі параакадемиялық ескек есу шебері барды. Олар – Темірхан Дайырбек пен Ақберен Балабек.

Айта кетерлігі, бұл екі спортшы Қазақстанның параакадемиялық ескек есу спорты тарихында тұңғыш рет әлем чемпионатына қатысушылар ретінде спорт жылнамасына еніп отыр. Егер жоғары нәтижеге қол жеткізсе, Париж паралимпиадасының жолдамасына ие болмақ. 
Түркістан облысы мен Шымкент қаласының ескек есу және желкенді спорт қауымдастығының төрағасы, су спорты түрлерінен Түркістан облыстық спорт мектебінің директоры Денис Жарменов Халықаралық академиялық ескек есу федерациясының (FISA) басшысы Жан-Кристоф Ролланмен, сондай-ақ, Халықаралық академиялық ескек есу федерациясының (FISA) Бас хатшысы Винсент Гейллардпен кездесті. Жүздесуде Түркістан өңірінде академиялық ескек есу спортының даму қарқыны туралы баяндалып, Қазақстанда академиялық ескек есу спортын дамыту бойынша бірлесе жұмыс атқару бастамалары талқыланды. Жан-Кристоф Ролланға Қазақстанға, оның ішінде Түркістан қаласына жұмыс сапарымен келу жөнінде ұсыныс айтылды. 
Айта кетейік, параакадемиялық спортты дамыту Қазақстан бойынша алғаш рет Түркістан облысында қолға алынып, ол қазір даму үстінде. Бұл бағытта нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Алдағы уақытта өңір спортшылары Паралимпиада ойындарына, әлемдік додаларға көптеп қатысады деген жоспар бар.
Пікір қалдырыңыз