Тұрабаевтың жүлдесіне арналған турнир өте тартысты өтті
Ерболат Айнабеков,
«Оңтүстік Қазақстан».
Отырар ауданындағы «Оқсыз» спорт кешенінде спорт саласының ардагері, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі, грек-рим күресінен КСРО спорт шеберлігіне үміткер, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы, Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері, Отырар ауданының құрметті азаматы Төрәділ Тұрабаевтың 70 жасқа толған мерейтойына орай, қазақ күресінен республикалық «түйе балуандар» бәсекесі өтті. Жарыс облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының, сонымен қатар, Отырар ауданының әкімдігі мен «Аманат» партиясы Түркістан облыстық филиалының колдауымен ұйымдастырылды.
Іс-шараның ашылу салтанатына Отырар ауданының әкімі Сәкен Сұлтанханов, елімізге, облысымызға белгілі спорт бапкерлері, даңқты спортшылар, зиялы қауым өкілдері қатысты.
– Төрәділ Тұрабаев – есімі Отырар ауданына ғана емес, қазақ спорты тарихында алтын әріптермен жазылатын тұлға. Оның ел спортына, оның ішінде ұлттық спортымыз қазақ күресінің дамуына қосқан үлесі орасан. Ол баптаған балуандар талай байрақты бәсекелерде топ жарды. Бүгінгі жарыс жыл сайын өтетін дәстүрлі жарысқа ұласады деп сенемін, – деді Отырар ауданының әкімі Сәкен Сұлтанханов.
Мерейтой иесіне облыс әкімі Дархан Сатыбалдының, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қайрат Жолдықараевтың құттықтау хаттары табысталды.
– Төрәділ Тұрабаевтың есімі елге сонау Кеңес Одағы тұсында таныла бастады. Осы оңтүстікте жүріп, Мардан Сапарбаевтың белді шәкірттерінің бірі болды. Сол кездің өзінде классикалық күрестен КСРО спорт шеберлігіне үміткер атанды. Төрәділ Тұрабаевтан мықты балуан шығатын еді. Бірақ, ол осының бәрін ауыл спортының дамуына айырбастап жіберді. Шәуілдірге келіп, шәкірт тәрбиелеуге ден қойды. Одан жаман болған жоқ. Шәкірттерінің алды Азия, әлем чемпионаттарында жүлде алды. Оның тәрбиесін көрген балуандар қазіргі таңда өздері де бапкер атанып, ел спортының дамуына үлес қосып отыр, – дейді осы іс-шараға арнайы келген белгілі спорт журналисі Несіп Жүнісбайұлы.
Балуандар бәсекесін тамашалауға ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Марат Жармұхамбетұлы Ақмола облысынан арнайы келіпті. Белгілі бапкер мерейтой иесі Төрәділ Тұрабаев туралы лебізін білдірді.
– Бүгінгі жарыс тартысты өтіп жатыр. Еліміздің әр өңірінен сайдың тасындай іріктелген өңкей мықты балуандар келіпті. Бұл жарыс көрігін одан сайын қыздырды. Төрәділ Тұрабаевпен 40 жылдан астам уақыттан бері доспыз, сыйласпыз. Осы Отырар жерінде талай республикалық жарыстар өткен. Сол жарыстар кезінде біз даярлаған балуандар боз кілемде жолығысып тұратын. Төкең екеуміздің арамызда кішігірім «бапкерлік бәсеке» пайда болған. Бүгінгі жарыс өз заманында талай мықтыны мойындатқан Төрәділ Тұрабаевтың құрметіне ұйымдастырылып отыр. Мұндай жарыстардың көп болғанынан ел спорты ұтпаса, ұтылмайды, – дейді Марат Жармұхамбетұлы.
Енді балуандар бәсекесіне тоқталайық. Аталған додаға 30-ға жуық балуан қатысып, өзара мықтыны анықтады. «Түйе балуан» атағына Түркістан облысынан бөлек, Шымкент қаласы мен Жамбыл, Қызылорда облыстарының балуандары таласты. Белдесулер аса тартысты өтті. Әсіресе, ақтық сынға шыққан түркістандық Қайсар Шәмшиддинов пен қызылордалық Мақсат Исағабыловтың арасындағы белдесу жұрт күткендей-ақ өте тартысты өтті. Боз кілемге «Түркістан барысы» мен «Сыр барысы» шыққанда көрермендер демін ішіне тартып, «қалай болар екен?» деп отырды. Десе де, түркістандық балуан жерлестерінің алдында жерге қарап қалмады. Әйтпесе қарсыласы өте әккі, тәжірибелі балуан-тын. Мақсат Исағабылов осыған дейін «Қазақстан барысында» жеңіске жеткен. Содан кейін қазақ күресінен әлем кубогі бәсекесінде де топ жарған. Қайсар қарсыласының атағынан қаймыққан жоқ. Боз кілем иесі кім екенін танытты. Осылайша Төрәділ Тұрабаевтың құрметіне ұйымдастырылған жарыстың жеңімпазы атанды. Оған қомақты қаржылай сыйлық табысталды. Финалда жеңілген балуан да құралақан қайтқан жоқ. Жарыстың қола жүлдесі түркістандық Бибарыс Әбдіғанидың еншісінде кетті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы тағайындалған қаржылай сыйақы мен медальдарға және жүлдегерлерге арналған белбеуге ие болды.