Жүйеге бірқатар өзгерістер енгізілді


Бәрімізге белгілі, бұған дейін нотариустық, адвокаттық, сот орындаушылық қызметтермен айналысуға үміткер адамдар аттестацияны жергілікті Әділет органдарында тапсыратын. Ал бүгінгі таңда құқықтық қызметтерді жүзеге асыру жүйесінде бірқатар өзгерістер енгізіліп, аталмыш кәсіби қызметпен айналысатын тұлғалар мен патенттік сенім білдірілген өкілдер еліміздің өзге өңірлерінде де автоматтандырылған режимде аттестаттаудан өту мүмкіндігіне ие болды. Яғни, ағымдағы жылдың 29 мамырынан бастап «Қазақстан Республикасының кәсіби қызметпен айналысу құқығына үміткер адамдарды аттестаттаудан өткізу және біліктілік беру жөніндегі мемлекеттік қызметтерін автоматтандырылған режимде көрсету бойынша пилоттық жобасын іске асыру» ережесі бекітілді.

Айта кетейік, мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және «Мемлекеттік қызмет персоналын басқару ұлттық орталығы» АҚ-мен бірлесіп жүргізілген бұл жоба  аясында комиссиялық әңгімелесу кезеңі компьютерлік жағдаяттық кейстерге ауыстыру арқылы автоматтандырылған.

ҚР Әділет министрі Азамат Есқараевтың сөзіне сүйенсек, жобаның тұтастай жүзеге асырылуы процестің ашықтығын қамтамасыз етеді, мамандыққа қолжетімділікті арттырады, адами факторды жояды, мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдерін қысқартады және кандидаттарға ыңғайлы уақытта аттестаттаудан өтуге мүмкіндік береді.

Бастапқы кезеңде аталмыш пилоттық жобаның жаңа тәсілімен Астана, Шымкент қалалары мен Түркістан облысының сот орындаушылары, нотариустары, адвокаттары мен патенттік сенім білдірілген өкілдері автоматтандырылған режимде сынақтан өткізіледі. Пилоттық тәжірибе сынақтан толыққанды өткеннен кейін, ол еліміздің барлық аймақтарына енгізілетін болады.

Бағдат ТАСПОЛАТ,

Шымкент қаласы Әділет департаментінің құқықтық түсіндіру жұмысы және халыққа заңгерлік қызмет көрсету бөлімінің басшысы.

Пікір қалдырыңыз