«Бала табу – әйелдің, бағу – ердің ісі» дейді бір ғасырды артқа тастаған батагөй әже

Бүгінде жүзден асқан  Зәбира Смайылова әжеміз – Мырзашөлдегі қазыналы кәрилердің бірі. Ол кісі  үлкен бір әулеттің ғана емес, бүкіл ауыл-аймақтың батагөйі, данагөйі, өмірден көрген-түйгені мол жан. 

Жақында редакциямызға қоңырау шалған халық батыры Амангелді Имановтың немересі, досымыз Айша  Нұрахова «Зәбира әжеміз маусым айында 103 жасқа толады. Шаңырағына барып, қолын алып қайтуға қалай қарайсыз?» деді.  Қалай қарайтыны бар, көп жасаған кісінің батасын алу ғанибеттің үлкені емес пе?! Сол күні-ақ, Жетісай ауданы, Ж.Ералиев ауылдық округі, Бәйтерек ауылында тұратын Смайыловтар шаңырағына ат басын бұрдық. Бізді Зәбира әжеміздің кенже ұлы Көбеген мен келіні Зағира жылышыраймен қарсы алды. Алдымен жүз үш жасқа толған Забира әжемізге сәлем беріп, қолын алдық. Келгенімізге қуанып, риза болып қалды. Айшаны бірден танып, «қызым-ау, сені де көретін күн бар екен-ау» деді ә дегеннен. Көз нұры таймаған, сөзі дәділ, өзі тың көрінеді. «Тек соңғы кезде сәл-пәл сырқаттанып қалғаны болмаса, бақуат, сергек. Укол салдырып, дәрі ішкенді ұнатпайды. Тамақ талғамайды. Жұмсақ, сұйық тағамды жақсы көреді. Той-жиында ән, «Қыз бен жігіт» айтысынан үзінді айтады. Үнемі көңілді жүреді, әзіл-қалжыңға бейім» деді келіні Зағира. 

Зәбира әжемізді әңгімеге тартып,  өмір жолы жайында айтып беруін өтіндік. Ол кісі көп тосылған жоқ, жәймен әңгімеге кірісті. 

– Е-е, қарақтарым, біз не көрмедік?! 1939 жылы Киров (қазіргі «Достық») каналын қазуға қатыстым. Жүн қапқа толтыра салынған топырақты арқалап тасыдық қой. Герман соғысы басталғанда жиырма жасқа енді толған бойжеткен едім. Күн-түн демей тылда жұмыс істедік. Мақта өсірдік, шабық шаптық, егіс  суардық, күзде қырманда істедік. Өгіз соқамен жер де жырттық. Қыстың күні шамның жарығымен көсек аршыдық. Арып-ашыған ауыр кезеңдерді қалай ұмытармын?! 1946 жылы майданнан аман-есен оралған Әбдіқадір аталарыңа тұрмысқа шықтым. Ол кісі менен бір-ақ жас үлкен еді. Бір үйден  үш бірдей азамат соғысқа кетіп, тек Әбекең ғана аман келген ғой. Өмір бойы мектепте ұстаздық етті. 1992 жылы 73 жасында дүниеден өтті. Өзім 4 ұл, 3 қыз туып, осы әулеттің ұрпағын өргіздім. Әбекең екеуміз «ішшәй» дескен емеспіз. Тату-тәтті өмір сүрдік. Күнұзақ мектеп жұмысында жүретін отағасы үйге келгенде бар жағдайын жасап, жылы-жұмсағын алдына тосып, бала-шағаның  у-шуын білдіртпей отырдым. Бәрін оқытып, үйлі-жайлы еттік. Әттең, Әбекең балаларының қызығын  мен сияқты көре алмады. Дегенмен, Аллаға шүкір, ұл-қыздарымыз білімді,  тәрбиелі, еңбексүйгіш болып өсті. Бүгінде 40 немере, 100-ге тарта шөбере сүйіп отырмын.  Тәңірдің пендесіне жазған осыдан артық бақыты жоқ шығар?! Ұрпақтарымыздың аман-есен өсіп-өнгенін, жетілгенін көрдім. Шүкір, ешқайсысы жерге қаратқан емес. Ел алдында жүзім жарқын. Өмірде бейнеттің зейнетін көріп отырғаныма ризамын, – деді Зәбира әже. 

– «Бала табу – әйелдің, бағу – ердің ісі» деген. Қазіргі келіндерге айтарым, баланың санын шектеуді қойса екен. Әр баланың өз несібесі болады. Бағып-қағудан қорықпау  керек. Құдайға шүкір, келіндерім де, қыздарым да  менен қалыспай көп балалы ана атанып келеді. Ұрпақты тәрбиелейтін, үйдің берекесін сақтайтын – ана. Сондықтан әйел адам сырттан гөрі үйге көп мән беріп, бала тәрбиесіне баса көңіл бөлсе, отбасының ырыс-құты артады, шаңырақтың сәні кіреді, – деген Зәбира әженің ақыл-кеңесін ұйып тыңдадық. Диванда арқасын жастыққа сүйеп отырып әңгіме айтқан әжеміз «келген меймандарға шәй беріңдер» деп меймандостық танытып жатыр. Бізге ризашылығын айтып, батасын беріп, қолымыздан сүйді.  Сүйегі асыл ананың риясыз көңілі мен дархан пейіліне еріксіз бас идік. 

– Аллаға шүкір, төрімізде үйіміздің құт-берекесі, ұйытқысы, ақылман анамыз отыр. Ол кісі өте мейірімді, қайырымды адам. Бүкіл елдің, әулеттің қамын, отбасы амандығын тілеп отырады. «Ана – әлемнің шырағы, тіршіліктің алтын арқауы, ізгілік атаулының бәрі – күннің нұры мен ананың ақ сүтінен таралған» деп бекер айтылмаған ғой. Ғасыр жасаған асыл анамызды мақтан етеміз, ол кісіге қандай құрмет көрсетсек те артықтық етпейді, – деді кенже ұлы Көбеген мен келіні Зағира бізбен қоштасар сәтте. 

Иә, берекелі де мерекелі, мәуелі бәйтерек Смайыловтар әулетінің ақ жаулықты әзіз анасы, ғасырдан үш жас асқан Зәбира Смайылова әженің кейінгі жастарға айтар өсиеті, өнегесі аз емес. Лайым, осындай асыл аналарымыз көп болсын!

Сәбит ҚАЛДЫБАЕВ.  Жетісай ауданы.

Пікір қалдырыңыз