Жұмбақ ойлы жазушы

Жуырда облыстық Ы.Алтынсарин атындағы балалар кітапханасына фантаст жазушы Сарманбай Исақов бірнеше кітабын сыйға тартты.  2008 жылдың «Ең үздік жазушысы» атанған жазушы мен кітапхана қызметкерлерінің арасында жылы жүздесу, әдемі сырласу, әсерлі сұхбат өтті.
Жалпы ХХІ ғасырда шынайы ғылымды жаңа белестерге көтеретін тосын, керемет, ғылыми идеяға бай фантастикалық шығарма жазу оңай емес. Сондықтан болар, Қазақстанда фантаст жазушылар саусақпен санарлықтай. Ғылыми ойы болмаса бұл жанрға қалам тербеуге кез-келгеннің жүрегі дауаламайтыны белгілі. Сондықтан әртүрлі ғылыми сала бойынша сезімі, ғылыми түйсігі, айтар ойы ерекше дарындылар ғана фантастикалық шығарма жазады. Қазіргі қазақ прозасындағы фантастика жанрының айтулы шеберлерінің бірі – Сарманбай Исақ.
Ол 1952 жылы 5 мамырда Түркістан облысы, Бөген ауданы, «Қайтпас–2» ауылында дүниеге келген. Бірнеше фантастикалық әңгімелер, повестер мен ғылыми фантастикалық романдардың авторы.
Жазушының «Тұлдыр тағдыр» атты ғылыми-фантастикалық романының бірінші кітабында – қазақ ғалымы Орынбасар Байжан адамзат баласына  апат әкелетін жер сілкінісін тоқтатудың жолын тауып, ғылыми жаңалық ашады. Бірақ, бұл тапқырлығы өз басына қауіп төндіріп, бірнеше рет өлімнен қалады. Досы Ескермес көзіне өтірік күліп, сыртынан сатып, сүйген қызы Айсуретті алып қашып, өзіне әйел етеді.
«Тұлдыр тағдыр» ғылыми-фантастикалық романының екінші кітабында Ескермес Орынбасардың құнды ғылыми жаңалығын ұрлап, шетелге сатып, қыруар пайда табу үшін түрлі құйтырқы әрекеттерге барады. Бірақ, оның арам ойы іске аспайды. Орынбасарды сырттай бақылап жүрген жат ғаламшарлықтар оған көмекке келеді. Сөйтіп, Орынбасарды сүйіктісі Айсуретімен үйлендіріп, жер сілкінісін тоқтатып, адамзатты апаттан аман алып қалады. Бұл кітап орыс тіліне аударылып, «Рок» деген атаумен басылып шықты.
Жазушының «Сиқырлы аппарат» романында Мақсат Жексен атты өте талантты ғалым сиқырлы аппарат ойлап табады. Бұл аппарат ауыл шаруашылығы дақылдарын түрлі зиянкестерден, аурудан қорғап, егіндік жерді сордан тазалайтын еді. Мақсаттың бұл аппараты төңірегінде өте қызықты оқиғалар өрбиді.
С.Исақтың «Кешір мені, сүйіктім» ғылыми-фантастикалық романының басты кейіпкері профессор Серт Тоқтасынұлы. Ол ғылымда шешімі табылмайтын жұмбақтардың жауабын табатын электронды-компьютер құрастырады. Оны «К-І» деп атайды. Профессор осы құрылғысымен ғылыми жаңалықтар ашады. Оны  ғылыми-зерттеу институтындағы кіші ғылыми қызметкер досы Құрыш сездірмей ұрлап алып, шетелге сатып жібереді. Оған Құрыштың көңілдесі, Серттің әйелі Ая көмектеседі. Жалпы, бұл роман фантастикалық киноға сұранып-ақ тұр.
«Залымдар» атты ғылыми-фантастикалық романында қазақтың жас ғалымы Заңғар Жер планетасына төніп келе жатқан апатты тоқтатады. Сонымен бірге климаттық қарулар жасаған арам ойлы, қаскөй «алтылықтардың» жолын кесіп, жер бетіне бейбітшілік орнатады.
«Жұмбақ дауыс» атты фантастикалық романына да оқырманды бей-жай қалдырмайтын ғылыми-фантастикалық болжамдар арқау етілген. Оқиғалар Көксуат ауданына қарасты ауылдарда өтеді. Автор ауыл өмірі арқылы әлемдік қызықты ғылыми-фантастикалық идеяларды баяндайды.
Жалпы, фантастикалық қисынды ғылыми элементтерді шығармаға негіз етіп алу асқан шеберліктің белгісі. Бұрын-соңды оқырмандарға, тіпті, ғалымдардың ойларына келмейтін адамзатқа пайдасын тигізетін идеялардың қайдан келетіні тек фантаст жазушыларға ғана белгілі. Қалай дегенде де Сарманбай Исақ – құдіретті фантастиканың киесін жүрегімен ұққан талант. Ол бүгінде профессор, академик, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, халықаралық Ресей Психологиялық ғылым академиясының құрметті академигі, «Михаил Шолохов», «Элита» медальдарының, «Жыл лауреаты» сыйлығының иегері, Қарауылбек Қазиев атындағы әдеби жүлде лауреаты.

Талиға НАХАНОВА,
облыстық Ы.Алтынсарин атындағы балалар
кітапханасының қорды толықтыру бөлімінің кітапханашысы.
Пікір қалдырыңыз