Қауын пісті, десек те...
Бүгінде көк-сөк пісіп, көпшілік көптен бері күтіп жүрген
өздерінің жеңсік асынан дәм татып жатыр. Әрине, жаңалық ретінде жаңа піскен
қауын-қарбызға қызығушылық танытып жататындар аз емес. Дегенмен, ерте пісетін
өнімге байланысты қоғамда түрлі келеңсіз әңгімелер де айтылып жатады.
Көктем ерте шығатын, жазы ыстық болатын өңірде
жидек те, көкөніс те, қауын-қарбыз да ерте пісетіні белгілі. Әсіресе, Мырзашөл
өңірі мен Шардара, Келес, Сарыағаш аудандары ерте пісетін өнімдерімен
ерекшеленеді. Мақтаарал ауданының тұрғыны Мақсат Ділдабековтың айтуынша,
қауын-қарбызды ыстық аймақтарда наурыздың соңғы күнінде еге бастайды. Ерте
көктемде егілген дән бүгінде өнім бере бастады. Бірақ, бұрынғының адамдары «қауын-қарбыз
шілдеден кейін толық пісіп жетіледі» дейтін еді. Ал, қазір маусым айының
ортасынан ауа бастағанда-ақ қауын-қарбызды пісіріп, шетелдерге экспорттап
жатамыз. Асығыс піскен соң шикілігі де болмай тұрмайды. Адам ағзасына кері әсер
етіп, денсаулығына нұқсан келтіріп жататыны да содан болса керек. «Ерте пісетін
өнімдердің адам денсаулығына зиян екені жиі айтылады. Ол негізсіз емес. Десек
те, бұл ерте піскен өнімді мүлдем жеуге болмайды дегенді білдірмейді. Оның
сапасын тексеретін арнайы мамандар бар. Солар талапты күшейту керек», - дейді көп
жылдан бері диқаншылықпен айналысатын ол.
Көшеде де, базарларда да сатылып жатқан
қауын-қарбыздардың бәрін жарамсыз деуге болмас. Дегенмен, нитраттың көп мөлшері
бар өнімдер улануға әкеліп соқтыратыны рас. Сол үшін қандай да бір өнімді
тұтынардан бұрын оның жарамдылығына бір көз жеткізіп алған жөн.
Алина ҚАНТАЙ,
Дильдабекова Айгуль
Мақала тиянақты, нақты, қазіргі заманға сай жазылған
Машай Гульсара зейнеткер
Мақала өте тиянақты дурыс бағытта жазылған