«Бірыңғай мектеп формасы – зайырлы қоғам талабы»

Түркістан облыстық дін істері басқармасы өңіріміздегі діни қызмет саласындағы жалпы мемлекеттік саясатты жүзеге асырумен айналысады. Бүгінгі таңда басқармада 11 адам жұмыс істейді. Басқарма басшысы Рүстем САБЫРЖАНҰЛЫНЫҢ айтуынша, олардың міндетіне өңірдегі діни бірлестіктердің, миссионерлердің, рухани (діни) білім беру ұйымдарының қызметін зерделеу, уәкiлеттi органға дiни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын жетiлдiру жөнінде ұсыныстар енгiзу тәрізді қызметтер жатады.
Аталған басқарма өңірдегі діни ахуалды тұрақтандыру мақсатында ҚР ҰҚК Түркістан облысы бойынша департаментімен, облыстық прокуратурамен, облыстық полиция департаментімен, облыстық әділет департаментімен, облыстық басқармалар мен қала, аудан әкімдіктерімен өзара бірлесіп, жұмыс жүргізеді.

 – Рүстем Сабыржанұлы, Түркістан облыстық дін істері басқармасына қарасты  «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-і немен айналысады?
– Облыстық дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы»  2011 жылы құрылған. 2018 жылғы 10 тамызда облыс әкімінің қаулысымен аталған орталық қайтадан құрылды.
Оны құрудағы басты мақсат – қоғамдағы діни ахуал бойынша халық арасында мемлекеттік саясатты түсіндіру. Облыстағы қоғамдық діни ахуал мәселелеріне талдау жүргізу, сондай-ақ, қоғамда діни ахуалдың күрделілігі мен ерекшеліктерін ескере отырып, осы саладағы тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатына сай ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
Қазіргі таңда «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-інде 43 адам жұмыс істейді.
– Өңірдегі діни конфессиялар туралы қысқаша түсінік беріп өтсеңіз.
– Облыста 6 конфессияға кіретін 794 діни нысан тіркелген. Олардың қатарында 30 жергілікті діни бірлестік, атап айтқанда: 12 православие, 3 Ехоба куәгерлері, 7 інжілдік христиан-баптистер, 4 елуіншілер, 4 пресвитериандық ұйым бар. Сонымен қатар 764  филиал тіркелген. Соның ішінде 762 исламдық  ҚМДБ-ның филиалдары – мешіттер, 2 исламдық емес – елуіншілер.
Діни бірлестіктер мен олардың филиалдарына жүргізілген мониторинг жұмыстарының нәтижесінде исламдық бағыттағы діни ғибадатханаларда 181 мыңнан астам, исламдық емес бағыттағы ғибадатханаларда 500-1500 тұрғын діни рәсімдерге қатысатындығы
анықталды.
ҚМДБ-ға қарасты мешіттерде жұмыс істейтін 1112 діни қызметкер қатарында 185 бас имам, 116  наиб имам, 253   ұстаз,  462  молда, 96  азаншы бар.
– Миссионерлер жайлы не айтасыз? Олар көп пе? Миссионерлердің жалпы бағыты не, олар біздің саясатымызды мойындай ма?
– Миссионерлiк – дiни ұйымдардың iлiмдерiн таратуға арналған дiни және саяси қызмет. Миссионерлiк ұйымдардың шоқындыру саясаты Африка және Азия халықтары арасында қарқындап, мақсатты түрде жүргiзiлiп отыр. Миссионерлер баратын елдің халқының дiнiн, тарихын, әдет-ғұрпын, дiлi мен психологиясын әбден зерттеп алып барады.
Қазақстанда миссионерлердің заң аясында жұмыс істеуі қатаң қадағаланады. Еліміздің аумағындағы миссионерлер жыл сайын жергілікті атқарушы органдарда қайта тіркеуден өтуге міндетті. Қазіргі таңда облыс аумағында 1 миссионер бар. Ол Оңтүстік Кореяның азаматы – Ли Хоан-Тэк. Ол миссионерлік қызметті «Сарыағаш кәріс жергілікті шіркеу евангелие–христиандық уағыздау» діни бірлестігінде атқарады.
– Жасыратыны жоқ, дінбұзарлар көбейіп тұрған заман. Ұлт дұшпандары елді іріту үшін алдымен оның дінін бұзады. Бұл орайда, әсіресе, салафиттердің қарқыны қатты. Олар ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы жинаған рухани мұрасын «ширк» деген бір ауыз сөзбен жоқ қылғысы келеді. Біздің имамдар мешіттерде, жұма намазы кезінде ата-баба дәстүрін жамағатқа қалай насихаттауда? Олардың жұмысына көңіліңіз тола ма?   
– Қазақстанда  – 2700-ден астам мешіт бар. Бүгінгі таңда мешіт саны ең көп өңір – (765 мешіті бар) Түркістан облысы. Жұма намазында мешіттерде ҚМДБ бекіткен арнайы тақырыптарда уағыздар айтылады. «Дін және дәстүр –  халық қазынасы», «Қазақ ағартушыларының діндегі рөлі және үлесі», «Абай және ихсан ілімі» секілді тақырыптар қозғалады. Одан бөлек ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, салт-дәстүрімізді сақтауға да баса назар аударылып отырады. Ата-баба дәстүрін дәріптеу мемлекеттің де басты назарында. Салафизм идеологиясы Қазақстанның конституциялық құрылымы мен зайырлы сипатына қарсы келетін, ұлттық бірегейлігімізге қатер төндіретін қауіпті ағым екені рас. Сондықтан өздерінің біржақты, қыңыр түсініктерімен халқымыздың діни тұтастығына қауіп төндіретін салафизм идеясына тойтарыс беріп отыру – бәріміздің ортақ міндетіміз.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) – Қазақстан мұсылмандарына діни-руханияттық басшылық жасайтын республикалық бірлестік. Елімізде ҚМДБ бекіткен 20 облыстың бас имамы бар. Сонымен қатар ҚМДБ тарапынан мақұлданған Арман Қуанышбаев, Ерлан Ақатаев, Қабылбек Әліпбайұлы, Нұрсұлтан Рысмағанбетұлы секілді ұстаздар қызмет атқаруда. Олардың уағыздары қазіргі таңда әлеуметтік желіде кең таралған. Олар халықтың көкейіндегі сұрақтарға жауап беріп, өз жұмыстарын толығымен атқаруда.
– Дегенмен, кейбір адамдар «біздің көптеген имамдарымыз Арабияда, басқа жақтарда оқып келген, сол жақтың рәсімдерін жүргізгісі келеді» дегенді айтады. Мектеп оқушыларына хиджаб кигізіп қоятын отбасылар көбейді. Орамалды әдетте тұрмысқа шыққан әйелдер тартатын еді. Араб елдерінің діни салттарына үйірсектей берудің зардабы болмай ма?
– Тәуелсіздік алғаннан кейін халықта, әсіресе, жас буын өкілдерінде дінге деген құштарлық пайда болды. Ол жылдары өздерін қанағаттандыратын діни оқу орындары Қазақстанда болмағандықтан олар білімді шетелден іздей бастады. Жастарымыздың біршама бөлігі Иран, Сауд Арабиясы, Мысыр, Түркия, т.б. мемлекеттерге діни білім іздеп кетіп, әртүрлі ағымдардың ықпалына түсті. Осылайша, еліміздің дін саласында білім беру мәселесі өзекті тақырыптардың қатарына шықты. Қабырғасы қатып, бұғанасы бекімеген жастардың шетелдің менталитетін бойына сіңіріп, қазақы дәстүрден жат қалып, бөлінушілікке әкелу ықтималдығы артты. Елге қайта оралғаннан кейін олардың бойында деструктивті тенденциялар пайда болады. Мемлекет осының бәрін ескеріп, республикалық деңгейде діни білім беретін жоғары оқу орындарын ашуды қолға алды. Қазіргі таңда елімізде діни білімді 6 жоғары оқу орны мен 9 медресе колледжден алуға болады. Соның ең алғашқылары – Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті, шығыстану факультеттері бар Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті. Нұр-Мүбәрак Египет ислам мәдениеті университеті – Ислам бағытындағы діни білім беру орындарының орталығы. Қазіргі таңда Нұр-Мүбәрак университеті – мешіттерді имам кадрлармен қамтамасыз етіп отырған жоғары оқу орны.
Қазақстан – зайырлы білімді талап ететін мемлекет. Ислам дінін ұстанушылар көп болғандығы себепті ислам дініне маңыз берілгенімен, басқа дінді ұстанушылар да өмір сүретін болғандықтан зайырлылық сипатты ұстанғаны абзал. Ал, бірыңғай мектеп формасы – зайырлы қоғамның талабы деп толық айта аламыз.
– Келте балақ, мұртсыз сақалдардан көз сүрінеді. Рең-бастарын көріп, қарадай үрейленесің. Көшеге бейне адамдарды қорқытуға шыққандай әсер қалдырады. Мұны реттейтін қандай амал бар?
– Салафизм идеологиясы өкілдерінің киім кию үлгілерінде ұлтымыздың дәстүріне қайшы келетін тұстары байқалып жатады. Арабтардың, пәкстандықтардың ұлттық киімдеріне деген еліктеушілік бар. Қазақ халқының ұлттық киімі, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, халықтың хал-ахуалынан жан-жақты хабардар ететін бай тарихи мұрасы бар. Бөрік, тымақ, шапан секілді ерлердің тамаша бас киімдерімен қатар, қыз балалардың қамзол, шашбау, кимешек секілді мәні мен мағынасы зор киім үлгілері руханиятымыздың бір белгісі. Соны бүгінгі жастардың бойына сіңіруде үйдегі ата-ананың рөлі зор болмақ.
– Қазіргі таңда басқарма тарапынан өңірімізде қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Қарсы насихаттық жұмыстар барысы жайлы не айтасыз? Терроризм, діни экстремизмге қарсы қандай қауіптің алдын ала алдық? Қандай теріс қылықтар, заң бұзушылықтар анықталды? Мысал келтіре кетсеңіз.
– Облыстық дін істері басқармасы мен  «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-і тарапынан дайындалған ақпараттарды облыс тұрғындарына кеңінен таныстыру мақсатында «Түркістан облысының ақпараттық кеңістікте терроризм мен діни экстремизмге қарсы тұру бағытындағы қарсы насихаттық» жұмыс тобы құрылған. Топ құрамына қала, аудан әкімдіктерінің  жауапты мамандары енгізілген.
Басқарма тарапынан діни экстремизм, терроризм көріністерін тарататын діни сайттарға қарсы тұру, діни ахуалды тұрақтандыру бағытында жыл басынан бері 132 материал дайындалды. Соның ішінде деструктивті діни ағым өкілдері тарапынан олардың теріс қылықтары мен заң бұзушылықтары бейнеленген әртүрлі тақырыптарда 27 материал дайындалды. Аталған орталық ресурстарында және жұмыс тобының мүмкіндіктері арқылы 8108 материал таратылды.
Биыл 8 ақпанда облыс аумағында дін саласында қызмет атқаратын теологтар, дінтанушылар мен имамдардың біліктілігін арттыру, тұрғындар мен жастар арасында рухани, адами қасиеттер мен ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында «Ұлттық құндылықтар – бабалар жолы» атты семинар өтті.
Ал,  20 ақпанда Түркістан облыстық дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ, облыстық мәдениет басқармасының «Оңтүстікфильм» КММ және «Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы» КММ арасында ынтымақтастық туралы меморандум түзілді. Меморандум дін саласындағы мемлекеттік саясатты және өз өкілеттіктері шеңберінде бірлескен жобаларды тиімді іске асыру мақсатында жасалды.
Сондай-ақ, 13 сәуірде Түркістандағы «Ұлы Дала елі» орталығында Қожа Ахмет Ясауидің 930 жылдығы және Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына  орай «Қариялар – дәстүрімнің қазығы» атты аймақтық ақсақалдар форумы өтті. Форумда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы баяндама жасады. Ол салт-дәстүрді сақтау,  жастардың рухани әлеуетін көтеру,  діни сауатын арттыру туралы мәселе көтерді.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов «Ізгі қоғам – жақсылықтың жаршысы» тақырыбында ой қозғаса, Қазақстанның құрметті судьясы, заң ғылымдарының докторы Бекет Тұрғараев «Ізгі қоғамды қалай қалыптастырамыз?» тақырыбында өз ұсынысын ортаға салды.
  Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев  «Жауапсыз әке кесірі – қаңғырған тірі жетім-жесірі» тақырыбында қоғамдағы өзекті мәселені қозғады. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, мәдениет қайраткері, ардагер журналист Өркен Исмаил «Ақсақалдарымыз бүгінгі жастарға не үйретуі тиіс?» деген тақырыпты сөз етті. Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов «Түркістан – ішімдіктен ада қала» тақырыбында баяндама жасады.
Сонымен қатар, облыстық дін істері басқармасы тарапынан мемлекеттік конфессионалдық қатынастар негіздерін түсіндіру, діни экстремизмнің алдын алу, өңірімізде құқықтық және діни сауаттылықты арттыру мақсатында ақпараттық-түсіндіру топтарымен кешенді жұмыстар жүргізілуде.
Облыс аумағында дін саласына қатысты былтыр 35 әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, жалпы 2 141 037 теңге айыппұл салынған.
2023 жылдың І тоқсанында дін саласындағы 7 әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, тиісті хаттамалар толтырылып, әкімшілік соттарға жолданды. Өткен жылғымен салыстырғанда әкімшілік құқықбұзушылық  23%-ға азайған. Бұл тиісті ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының нәтижесі деп есептейміз.
Жалпы, облыстық дін істері басқармасы тарапынан жүргізілген жүйелі жұмыстар мен талдау нәтижелері облыс аумағындағы діни ахуалдың тұрақтылығын, толеранттылығын көрсетеді. Өңірде діни негізде қақтығыстар орын алмаған, діни ахуал тұрақты. Алдағы уақытта жүйелі жұмыстар одан әрі жалғасады.
– Ашық әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Баян ДАРҒОЖИНА,
«Оңтүстік Қазақстан».

Пікір қалдырыңыз