Орталық Азия және Түркі әлемі бағалаушыларының І халықаралық форумы өтті

Түркістан қаласы еліміздегі халықаралық деңгейдегі маңызды басқосулар өтетін орталыққа айналып келеді. Соның бір мысалы, Түркістанда күні кеше Орталық Азия және Түркі әлемі бағалаушыларының І халықаралық форумы өтті. Форумның ашылу салтанатында сөз алған «Қазақстанның бағалаушылар достастығы» өзін-өзі реттейтін ұйымы, Бағалаушылар палатасының басқарма төрағасы Асқар Омарбеков жиынның маңыздылығына тоқталды. Ол мемлекетті дамытуда бағалаушылардың қосып жатқан үлесі мол екенін жеткізді.
– Орталық Азия мен Түркі әлемі бағалаушыларының бірінші халықаралық форумының мақсаты – іскерлік ынтымақтастықты нығайту, бағалау қызметінде де түркітілдес мемлекеттер арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі тереңдету. Тарихи тамырластықты нығайта түсу үшін түркі мемлекеттері бағалаушы палаталарымен іскерлік байланысты нығайту туралы шешімге келдік. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитінде Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани астанасы ретінде ресми түрде жариялағаны баршаға мәлім. Сондықтан киелі қаланың тарихи маңызын ескере отырып, форумды қасиетті Түркістанда өткізуді жөн санадық, – деді Асқар Омарбеков.
Форумда ҚР Қаржы министрлігіне қарасты департамент директорының орынбасары Бекзат Айқымбаева құттықтау сөз сөйлеп, бағалаушылардың қоғамдағы орнына тоқталып, бұл қызметтің аса маңызды әрі жауапты қызмет екенін жеткізді.
Маңызды басқосуда бағалау қызметінің өзекті мәселелері жөнінде конференция өтіп, сарапшылар тәжірибе алмасты. Сонымен бірге пленарлық отырыста да Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және өзге де мемлекеттерден келген бағалаушылар өз пікірлерін айтты. Бағалау қызметін дамыту, тәжірибе алмасу бағытында да маңызды баяндамалар жасалды.
Халықаралық форумды «Қазақстанның бағалаушылар достастығы» өзін-өзі реттейтін ұйымы, Бағалаушылар палатасы ұйымдастырды. Оған Түркістан облысының әкімдігі мен Қазақстан Республикасы банктерінің қауымдастығы қолдау көрсетті.

* * *
Айта кетейік, осы форумда Түркі мемлекеттерінің бағалаушылар бірлестіктерінің кеңесі (ТМББҚ) құрылды. Халықаралық ұйымның құрылғаны туралы маңызды құжатқа Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дың сенат залында қол қойылды.
Атап айтсақ, жиында ТМББҚ-ны құру туралы құжатқа Қазақстанның атынан «Қазақстанның бағалаушылар достастығы» өзін-өзі реттейтін ұйымы, Бағалаушылар палатасының басқарма төрағасы Асқар Омарбеков, Түркия атынан Түркия бағалаушылар бірлестігінің басқарма төрағасы Яшар Бахшеджи, «Өзбекстан бағалаушылар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Наргиза Мирзарахимова, «Әзірбайжан бағалаушылар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы Орудж Вугар Аловсатоглы және Қырғызстаннан Советбек Закиров («Қырғыз бағалаушылар бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы) қол қойды. Сонымен бірге аталған халықаралық кеңестің жарғысы да бірауыздан бекітіліп, қол қойылып,
ресімделді.
Пікір қалдырыңыз