Отырарлық өрендердің табысы қомақты

Сексеннен аса қызметкері бар «Отырар аудандық №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» КММ өрендерінің толағай табысы жылма-жыл еселеніп келеді. Аталған спорт мектебінің түлектері облыста, республикада, тіпті, халықаралық ареналарда да біршама табыстарға қол жеткізді. Әрине, мұның бәрі мектеп басшыларының жұмысты дұрыс жолға қоя білуінен болса керек.

Аталған спорт мектебінің директоры Мейрамбек Қашқыновқа (суретте) жолығып, біраз жайтқа қанықтық.
– Шүкір, қол жеткізген табыстар жетерлік, ауданда, облыста жүзіміз жарқын. Бірде-бір жарыстан жүлдесіз қайтқан емеспіз. Негізінен баскетбол, волейбол, футбол, қол добы, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы сынды спорт түрлерін қамтитын мектебіміздің материалдық базасы да жаман емес. Аудан әкімшілігі де әрдайым қол ұшын созып келеді. Әсіресе, тоғызқұмалақтан табысымыз қомақты. Атап айтқанда, тоғызқұмалақтан спорт шебері Гүлназ Байболат Моңғолияда өткен халықаралық жарыста 1-орын алса, Қырғыз елінде өткен Орта Азия кубогінде 3-орынға табан тіреді. Ол – ҚР құрама командасының мүшесі (бапкері Азамат Ділдебаев). Мұнан бөлек Моңғолияда, Алтай өлкесінде, Астанада, Қызылордада топ жарып спорт шебері атанған Аружан Салманды, оның інісі, жастар арасындағы ел біріншілігінің жеңімпазы Ерсұлтан Салманды және республика чемпионатының жүлдегері, облыстың бірнеше дүркін чемпионы Дастан Әбдіханұлын айтуымызға болады. Негізінен барлық спорт түрлерінен чемпиондарымыз аз емес. Соның ішінде баскетболдан Жантолқын Дүйсебайқызы, Ақерке Мыңбасы, Әсел Уәлихан, Бақдәулет Талғатұлы, үстел теннисінен Мәди Қалдарбек, волейболдан Құндызай Қалдыбекова, Ақниет Тұрғанбаеваны ерекше атауымызға болады.
 «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дейді халқымыз. Осы орайда жоғарыдағы мықтылардың бапкерлері Нұрлан Жабай (волейбол), Бөрібек Қуанышбек, Рахмет Талғат (баскетбол), Қ.Көзжан (үстел теннисі), А.Рахимов  (шахмат), П.Еркіновтің (футбол) еңбектерін ерекше атауға болады, – дейді М.Қашқынов.
 «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген, жақында Мақтаарал, Отырар аудандарының құрметті азаматы М.Құрманбековті еске түсіруге арналған волейболдан өткен облыстық турнирге 12 команда қатысты. Тартысты өткен сында бірінші орынды отырарлық спортшылар иеленді.
 Ал, марқұм, талантты журналист Алмас Ақылбекті еске алуға арналған шахматтан облыстық турнирге жеті ауданның командасы қатысып, өзара сайысқа түсіпті. Осы сайыста Ақниет Құралбай, Айсұлу Дүйсенбай жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Таяуда «Аманат» партиясының қолдауымен 40 пен 60 жас аралығындағы азаматтар арасында 4 шақырымға созылған марафон сайысы өтті. Оған аудандағы барлық мекемеден 150- дей талапкер қатысты. Нәтижесінде аудандық №2 спорт мектебінің қызметкері, футбол әдіскері, жасы алпыстан асқан  Пердебай Еркінов мәреге барлық қарсыластарынан оқ бойы озық келді.


Әбдімәлік БЕЛГІБАЙ,
«Оңтүстік Қазақстан».


Пікір қалдырыңыз