Биыл жаз қандай болады?

Ерболат Айнабеков, «Оңтүстік Қазақстан».
Жадырап жаз келді. Көпшілік саяхатқа шығатын жаз айларында күн райы да жаймашуақ болғанын қалайды. Ал, бұл кездері елімізде, өңірімізде күн райы қалай болады? Жазғы демалысты қалай жоспарлаған жөн? Осы жағдайларды білу үшін «Қазгидромет» ауа райын болжау агенттігінің Түркістан облыстық филиалына хабарласқан едік.
Түркістан облысының аумағында жаздың алғашқы айында ауаның орташа температурасы +17 градус пен +29,2 градустың аралығында болады. Бұл негізгі нормадан 1-2 градус жоғары екенін айта кеткен жөн. Ауа райын болжаушы мамандардың айтуынша, негізгі норма +15, +27,9 градустан аспауы тиіс.
«Қазгидромет» жүргізген алдын ала зерттеу жұмыстарының нәтижесіне сай, жазда еліміздің басым бөлігінде күн ыстық болады. Бұл ретте тек солтүстік аймақтарда ғана қалыпты ауа райы сақталады екен.
Атап айтқанда, ауаның орташа айлық температурасы елдің біраз аймағында +18, +23 градус, оңтүстік-батыста +24, +28 градус және оңтүстік-шығыс пен шығыстағы таулы аймақтарда +7, +17 градус болады деп күтілуде.
– Түркістан облысында кейбір күндері термометр бағаны +40, +45 градусқа дейін жоғарылайды деген болжам бар. Аптап ыстық нөсер жаңбырлы, қатты желді, найзағайлы, салқын күндермен ауысып отырады. Маусым айының бірінші онкүндігінде ауа температурасының түнде +19, +24 градус шамасында, ал, күндіз +26, +31 градусқа дейін ауытқуы болжанады. Онкүндіктің соңында ауа температурасы төмендейді, – дейді жетекші инженер-синоптик Жанат Жәрменова.
Өңірімізде екінші онкүндіктің басында ауа температурасы түнде +15, +20 градус, күндіз +27, +32 градус шамасында болады. Маусым айының 19-20-сы күндері күн қатты ысиды.
Үшінші онкүндікте ауа температурасының түнде +20, +25 градусқа, күндіз +37, +42 градусқа дейін жоғарылауы күтіледі. Содан кейін ауа температурасы түнде +15, +20 градусқа дейін, күндіз +30, +35 градусқа дейін көтерілсе, облыстың таулы аудандарында түнде +10 градусқа дейін, күндіз +25 градусқа дейін төмендеуі болжануда.
Жауын-шашынның айлық мөлшері облыстың басым бөлігінде нормадан аз түседі, ал, облыстың таулы аудандарында норма деңгейінде болады. Өткінші жаңбыр, найзағай бірінші онкүндіктің ортасында және соңында, екінші онкүндіктің басында және соңында күтіледі. Шаңды дауыл бірінші онкүндіктің соңында болады деп болжануда. Бірінші онкүндікте, екінші онкүндіктің соңында секундына 15-20 метр жылдамдықта жел тұрады.
Шілдеде республиканың басым бөлігінде орташа ауа температурасы қалыпты шамада болады. «Қазгидромет» мамандарының сөзіне сенсек, бұл айда Түркістан облысында температура нормадан 1 градусқа жоғарылауы ықтимал. Мәселен, елдің көп өңірінде ауа райы орташа +18, +24 градусты ұстаса, оңтүстікте ол +25, +30 градус, ал, оңтүстік-шығыс пен шығыстағы таулы аймақтарда +9, +17 градус болады деп күтілуде.
Тамыз айында да облыс тұрғындарын аптап ыстық күтіп тұр. Орташа ауа температурасы тағы да 1, 2 градусқа жоғарылайды.