Жазғы спартакиададан не күтеміз?

Келер аптада, нақтырақ айтсақ, 30 мамыр күні Тараз қаласында республикалық VI жазғы спартакиаданың ресми ашылуы өтеді. Жыл сайын Олимпиада ойындары қарсаңында өтетін жарыстың бағдарламасына биыл 27 спорт түрі еніпті. Атап айтқанда, ел спортшылары грек-рим күресі, әйелдер күресі, еркін күрес, таеквондо, үстел теннисі, тректегі велосипед спорты, семсерлесу, спорттық гимнастика, батут гимнастикасы, бокс (ерлер, әйелдер), баскетбол (ерлер, әйелдер), көркем гимнастика, волейбол (ерлер, әйелдер), дзюдо (ерлер, әйелдер), су добы (ерлер, әйелдер), қол добы (ерлер, әйелдер), садақ ату, байдарка мен каноэде есу, жүзу, велосипед спорты (тас жол), жеңіл атлетика, ауыр атлетика, нысана көздеу, теннис, триатлон, стенд ату сынды спорт түрлерінен жүлделерді сарапқа салады.

Жарыстың ресми ашылу салтанаты мамыр айының соңына жоспарланғанымен, жекелеген жарыстар бойынша бәсекелер басталып кетті. Түркістан облысының намысын қорғайтын спортшылар арасында әзірге бойжеткен балуандарымыз ғана үмітті ақтады. 

Атап айтар болсақ, 57 келіде белдескен Нилуфар Раимова өңір қоржынына алтын жүлде салды. Ал, Дариға Әбен (65 келі) күміс, Данагүл Мәлкен (59 келі) мен Шәмшиябану Тастанбек (68 келі) қола жүлдегер атанды. Жалпыкомандалық есепте біздің облыстың құрамасы үздік үштіктен табылды. 

Өкінішке қарай, одан өзге спортшыларымыздың нәтижелері көңіл көншітерліктей емес. Ел чемпионатында жақсы өнер көрсетіп жүрген волейболшы қыз-жігіттеріміздің жолына үмітпен қарап отырмыз. Айта кетейік, волейбол бәсекелері Тараз қаласында өтеді. Одан бөлек Жамбыл облысының орталығында су добы мен дзюдо бойынша ерлер мен әйелдер спартакиада жүлдесін сарапқа салмақ. 

Спартакиада 4 жылда бір рет Олимпиаданың алдында ұйымдастырылады. Осы жарыстардың нәтижесінде Олимпиадада ел намысын қорғайтын құрама жасақталады. Естеріңізге сала кетейік, осыдан 4 жыл бұрынғы спартакиадада Алматы қаласының спортшылары ешкімге дес бермей, жалпыкомандалық есепте бірінші орынды жеңіп алған. Одан кейінгі орынға Шымкент қаласының спортшылары жайғасса, Алматы облысының өрендері үздік үштікті түйіндеген. 

E.ҚОЖАХМЕТҰЛЫ.

Пікір қалдырыңыз