Дипломдық жұмыстарын мектепте қорғады

Ерболат Айнабеков, «Оңтүстік Қазақстан».

Елімізде алғаш рет ЖОО студенттері дипломдық жұмыстарын мектепте қорғады. Ж.Тәшенев атындағы университетінің «Педагогика және филология» факультеті  «Филология» кафедрасының бітіруші түлектері Шымкент қаласындағы Н.Оңдасынов атындағы №38 мектеп-гимназиясында дипломдық жұмыстарын қорғап шықты. 

Мұндай тәжірибені елімізде алғаш рет Tashenev University қолданып отыр. Дуалдік жүйе аясында жүргізіліп отырған осынау пилоттық жоба университет ректоры Қ.Байболовтың ұсынысымен енгізілді. Әзірге бұл жоба Шымкент қаласындағы екі мектепте өтті. Оның бірі жоғарыда атап өткен  Н.Оңдасынов атындағы №38 мектеп-гимназиясы болса, екіншісі – Ә.Молдағұлова атындағы №29 мектеп. Н. Оңдасынов атындағы №38 мектеп-гимназиясы – елімізде  Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық академиясының тірек мектептері санатына енген 6 жалпы білім беретін ұйымдардың бірі. 
Tashenev University білім алушылары өз пәндері бойынша мектеп мұғалімдерін даярлау білім бағдарламасын қорғайды. Бұл – университет әкімшілігінің пән мұғалімін даярлау ісін мектеппен байланыста кеңесе отырып шешудегі жұмысының жемісі. Диплом қорғау барысында оқу орнының қорытынды аттестация комиссиясының төрағасы мен оның мүшелері және тәжірибелі практик мамандар, яғни мектеп мұғалімдері қатысты. 
Жұмыс беруші мен мамандар даярлайтын оқу орындарының білім стандарты  бір-біріне сәйкес болуы керек. Осы тәуелсіздік алған 30 жылдан астам уақыт ішінде еліміздің білім саласына, оның ішінде орта білім беруге қатысты қыруар реформалар жасалынды. Ал, жоғары білім беру саласындағы өзгерістер саусақпен санарлық қана. Осыдан келіп орта білім мен жоғары білімнің арасында сәйкес келмейтін тұстар пайда болады. Осыны жою мақсатында жұмыс беруші мен ЖОО-лар бірігіп әрекет етуі керек. Осы мақсатта бүгінгі іс-шараны ұйымдастырып отырмыз. Бітіруші түлектер өздерінің дипломдық жұмысын қорғап қана қоймай, осындағы білікті педагог-мамандармен тәжірибе алмасады, – дейді Ж.Тәшенев атындағы университеттің «Педагогика және филология» факультетінің деканы Шынар Ергешбаева. 
Айта кетейік,  бұл пилоттық жоба Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Ж. Тәжиевамен университет басшылығы арасында жүргізілген меморандумның бір тармағында көрініс тапқан. Онда білім алушыларды кәсіби бағдарлау үшін білім мекемелері мен жұмыс берушінің арасында өзара тығыз байланыс  орнату көзделген.

Пікір қалдырыңыз