Төрткүл дүниені мойындатқан төрт алтын

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Төрткүл әлем түгел көз тіккен бокстан әлем чемпионаты да аяқталды. Мырзағали Айтжанов баптайтын Қазақстан ұлттық құрамасы кезекті рекордты көрсеткішке қол жеткізді. Шетелде өткен әлем чемпионатында біздің құрама ешқашан 4 алтын жүлде иеленген емес. Сонымен қатар, 5 боксшымыздың да әлем чемпионатының финалында өнер көрсетуі алғаш рет (Алматыда 6 финалист) орын алып отыр.

Санжар – үйдің үлкені

Осы әлем чемпионаты Ташкентте өтетіні белгілі болған уақыттан бастап жалпыкомандалық есепте кімнің топ жаратыны айқындалып қалғандай еді. Жарыс қожайындары бірінші орынды ешкімге бермесі аксиомадай қабылданған. Басы ашық сұрақтардың қатарында Өзбекстан құрамасы әлем чемпионаттары тарихындағы алтын жүлде көрсеткішін жаңарта ала ма, жарыс қожайындарынан кейінгі орындарға кімдер жайғасады деген секілді сауалдар болды.
Көпшілік болжағандай, Өзбекстан құрамасы 5 алтын, 2 күміс, 2 қола жүлде иеленіп, жалпыкомандалық есепте топ жарды. Ал екінші орынға 4 алтын, 1 күміс жүлде иеленген ҚАЗАҚСТАН құрамасы жайғасты. Үздік үштікті Ресей құрамасы қорытындылады. 
Қазақстан қоржынына бұл чемпионаттағы алғашқы алтын жүлдені 48 келі салмақта бокстасқан Санжар Ташкенбай салды. Ол ақтық сында грузиялық Салих Аллахвердовиді қиналмай ұтты. Жалпы 19 жасар жерлесіміз ересектер арасындағы әлем чемпионатына алғаш рет қатысты. Соның өзінде қарсыластарының бәрін айқын ұтып, әлем чемпионы атағына қол жеткізіп отыр. Осылайша Санжар Ташкенбай әлем чемпионатында топ жарған ең жас қазақ боксшысы атанды. Бұған дейін әлем чемпионатында топ жарған ең жас боксшымыз Жәнібек Әлімханұлы еді. Ол 2013 жылы чемпион атанған сәтте 20 жаста болған. Құрама тарихындағы ең жас әлем чемпионының әкесі Тәкен Ташкенбаймен телефон арқылы тілдесудің сәті түскен еді.
– Негізі туып-өскен жеріміз – Келес ауданындағы Ғани Мұратбаев ауылы. Бірақ, осыдан бірнеше жыл бұрын жұмыс бабымен отбасыммен бірге Астана қаласына қоныс аудардым. Ол кезде Санжар небәрі 7 жаста болатын. Негізінен спорт әліппесін ол осы елордада ашты. Бастапқыда ережесіз жекпе-жекпен айналысып жүрді. Спорттың осы түрінен 3 рет ел чемпионы атанды. Тек 9-сыныпқа келгенде боксқа ауысты. Бір жылдан кейін-ақ жасөспірмдер арасында өткен ел біріншілігінде күміс, кейін алтын жүлде жеңіп алды. Отбасында 6 перзентімнің үлкені, – дейді чемпионның әкесі.
Ташкенттегі финалдық бәсекелер екі күн бойы жалғасты. Алғашқы күні Санжардың алтынынан бөлек қоржынға Дулат Бекбауов күміс жүлде салды. Ол ақтық сынға дейін мүдірмей жеткенімен, финалда өзбекстандық Асадқожа Мойдынқожаевтың осал тұсын таба алмады. Дулат Бекбауовтың осы чемпионатта жүлде алатыны 1/8 финалдан кейін белгілі болғандай еді. Осы сында ол үндістандық атақты Акаш Сангванды тізе бүктірген. Акаш Сангванның Үндістанда «қайтпас нокаутер» деген атағы бар екен. Ол өз салмағындағы мықтылардың бәрін нокаутпен жеңген. 
Дулат Бекбауов былтыр да Азия чемпионатында күміс жүлде иеленген болатын. Боксшылар арасында «кіші әлем чемпионаты» атанып кеткен Странджа кубогі жарысында да Дулат Бекбауовқа күміс жүлде бұйырған. 
Финалдың екінші күні қазақ боксшылары тек алтын жүлде алды. Алдымен 54 келіде ел намысын қорғаған Махмұд Сабырхан жарыс қожайыны Ойбек Жураевты талассыз жеңді. Негізі Жураев жартылай финалда-ақ жеңілуі керек еді. Ресейлік Дмитрий Двалимен жұдырықтасқан ол түсініксіз жағдайда финалға өтіп кетті. Үш раунд бойы рингте атой салған Двалидің тауы шағылды. Төрешілердің жарыс қожайынына бұра тартуы Махмұд Сабырханға оңай тигендей көрінді. Ол ақтық сындағы қарсыласын үш раунд бойы сабап, тіпті 2 рет нокдаунға жіберді. Тіпті, рингтегі төреші үшінші рет нокдаун есептеп, жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтауына да болар еді. 
Өткен әлем чемпионатының финалында ақтық сында жапониялық Томои Цубоиға жол беріп, бармақ тістеген біздің Махмұд осы жолы сол кеткен есенің орнын толтырды.
Құрама еншісіне үшінші алтынды капитан Асыланбек Шымбергенов салды. Ол да финалда өзбекстандық боксшының осал тұсын тапты. Жалпы, 29 жастағы құрама капитаны үшін бұл чемпионат нағыз толысып, бабына келген шақпен тұспа-тұс келді. Осыған дейінгі жарыстардағы ащы жеңілістерден сабақ алған Асыланбек Шымбергенов осы жолы барлық қарсыласынан тәжірибе, ақылға салып жұдырықтасу жағынан басым болды. 
Асыланбектен кейін рингке екі қазақ шықты. Қытай намысын 80 келіде қорғайтын Тоқтарбек Таңатхан мен біздің Нұрбек Оралбай әлем чемпионы атағы үшін таласты. Әлем чемпионатының тарихында алғаш рет қос қазақ финалда кездесті. Бұл жекпе-жекте біздің боксшының мерейі үстем болып, құрама қоржынына төртінші алтын жүлдені салды.

Мырзағали феномені

Осыдан бірнеше ай бұрын ұлттық құрама тізгінін әлемге әйгілі бапкер Мырзағали Айтжановтың ұстағанын білеміз. Осыған дейін де ұлттық құраманы Мырзағали Құланұлы баптаған кездері тамаша жетістіктерге жеткізген болатын. Соған қарамастан Айтжанов бапкердің атына айтылған сын толастаған емес. Осы әлем чемпионаты Мырзағали Айтжановты орынсыз сынайтындардың аузына құм құйғандай. 
Біріншіден, ұлттық құрама өз тарихында алғаш рет шетелде өткен әлем чемпионатынан 4 алтын жүлде иеленіп отыр. Алматыда өткен әлем чемпионатын есептемегенде бұған дейін біздің құрама дүниежүзілік додада 2 алтын жүлдеден артық алған емес. 
Екіншіден, әлем чемпионатының финалына (шетелде өткен) алғаш рет 5 боксшымыз шығып отыр. 2013 жылы Алматыдағы додада 6 боксшымыз финалға шығып, 4 алтын жүлде иеленген. Ол кезде де құрама тізгіні Мырзағали Айтжановтың қолында еді.
Үшіншіден, Мырзағали Құланұлы өзінің мықты стратег екенін көрсетті. Әсіресе, жартылай финалдық сында Нұрбек Оралбайға өте дұрыс тактика қойып бергені байқалады. Нұрбек Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, ресейлік боксшы Имам Хатаевқа қарсы жекпе-жекте қарымта шабуылдар арқылы қарсыласын рингте тұсап тастады, соққыларын дәл тигізіп жатты.
Төртіншіден, ұлттық құрама бапкері әлем чемпионаты алдындағы оқу-жаттығу жиынын Ташкентке жақын Түркістан облысында өткізуді дұрыс деп тапты. Бұл өз кезегінде жарыс өтетін аймақтың климатына бейімделуге оң әсерін тигізді. Әлем чемпионатының біздің елге жақын жерде өткені де көп көмегін тигізді. Токио Олимпиадасына барған боксшылардың сол жердегі климатқа, уақыт белдеуіне бейімделуі қиын болғанын бұрын да айтқанбыз.

Цифрлар сөйлесін...

Сонымен, Ташкентке үкілеп аттандырған 13 боксшының бесеуі жүлдемен оралды. Жүлде алған боксшылардан бөлек жүлдеге жетпей сүрінген боксшылар туралы да айтайық. Өткен әлем чемпионатында топ жарған Сәкен Бибосынов көпшілік күтпеген жағдайда сүрінді. Ол 1/8 финалда үндістандық Дипакқа жол беріп қойды. Осы жекпе-жектің нәтижесі әділ шығарылғанына күмәнданатындар көп. Сәкенді жолда қалдырған Дипак жартылай финалда жеңіліп, қола жүлде иеленді. Ал, біздің Серік Теміржановты жеңген кубалық Сейдель Орта күміс жүлде иеленді. Талғат Сырымбетовтен төрешілер жеңісті «тартып» әперген иорданиялық боксшы қола жүлдегер атанды. 
Бұл әлем чемпионаты несімен есте қалды? Ең бірінші кезекті жүлде қоры екі есе өскен. Чемпион атанған боксшы 200 мың АҚШ долларын қанжығасына байласа, күміс жүлдегер 100 мың, қола жүлдегерлер 50 мың АҚШ долларына ие болды. 
19 мемлекет Ресейдің Украинаға басып кіргенін айыптап, әлем чемпионатына қатысудан бас тартты. Бірақ Шотландияның 1 боксшысы осы чемпионатқа өз ақшасымен келді. Екі жыл бұрын Белградта алтын алғандардың ішінен Софиан Умиа ғана чемпиондық атағын қорғай алды. Үш әлем чемпионы (Джамаль Харви, Робби Гонзалес, Юрий Захарев) бойкотқа байланысты жарысқа қатыспады. 
Орталық Азиядан Қырғыз Республикасы өз тарихында алғаш рет жүлде алды. Тәжікстан да 1 қола алды. Өзге елдердің атынан сынға түскен қандастарымыз Руслан Абдуллаев чемпион атанса, Тоқтарбек Таңатқан күміс жүлде алды. 
Бес дүркін әлем чемпионы Ла Круздың, 54 келідегі Ресей боксшысы Дмитрий Двалидің, 67 келідегі кубалық Рониэль Иглесиастың өзбекстандықтардан жеңілуі төрешілер тарапына үлкен күмән тудырды. Сонымен қатар 60 келідегі кубалық боксшы Альварестің жеңісін төрешілердің французға бергені де көңілге күдік ұялатты.
Осы чемпионатта Қазақстан құрамасы 42 жекпе-жек (16 Азия, 15 Еуропа, 5 Солтүстік және Оңтүстік Америка, 5 Африка) өткізіп, оның 33-інде жеңіске жетті.
Пікір қалдырыңыз