Бес күнде 500 шақырым!

Отырар ауданындағы Шәмші ауылы шулап жатыр. «Не дейсің, Әбдіхайымның немересі Балқаштан Астанаға дейінгі 500 шақырым жолды бес күнде жүгіріп өтіп, әлемдік рекорд орнатыпты» дейді. Ауыл адамдарының аузындағы әңгіме осы. «Шәмші ауылынан» деген соң бүйрегіміз бүлк ете қалғанын несін жасырайық?! 

Рас па екен деп ресми ақпараттарға үңілдік. Рас екен. «Қорғаныс министрлігі орталық спорт клубының әскери қызметшісі, ефрейтор Бауыржан Әбдіхайым бес күнде 500 шақырым жүгіріп өтті. Марафоншы Қарағанды облысының  Ақжал ауылынан Елордаға дейінгі аралықты еңсеріп, өзінің ультрамарафонын Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс мерекесіне арнапты» деп хабарлайды Қазақпарат. 
Желаяқ Бауыржан Әбдіхайыммен салтанатты кездесу рәсіміне 500-ге жуық адам қатысыпты.  Қорғаныс минис­трінің орынбасары Сұлтан Камалетдинов ведомство басшысының атынан оны тамаша жеңісімен құттықтап, сый-құрмет көрсеткен.
Қазақстан рекордтар кітабының өкілі спортшының бұл марафоны айрықша екенін және жетістік кітапқа енгізілгенін растады. Енді әскери қызметші әлемдік рекордты бекітуге өтінім бермек ниетте.
«Бұл менің ғана жеңісім емес, осы күндері қасымда болып, моральдық тұрғыда қолдап келген барлық әріптестерім мен туыстарымның, достарымның жеңісі. Олардың сенімі мен үмітін ақтау үшін бәрін жасадым. Әрине, оңай болған жоқ, бірақ, алға қойған мақсатқа табандылықпен ұмтылғанда ғана нәтиже болатынын дәлелдедім» деді рекордсмен.
Айта кетейік, бір қарқынды ұстап отыру үшін марафоншымен бірге 61993 әскери бөлімінің екі әскери қызметшісі – капитан Асылбек Адеитов пен ефрейтор Бекзат Сейітжан кезек-кезек жүгіріп отырған.
Бауыржан Әбдіхайым – Түркістан облысы, Отырар ауданы, Шәмші ауылының тумасы. Қазіргі уақытта Қорғаныс министрлігіне қарасты Орталық спорт клубының коменданттық взводында қызмет етеді.
Ол биыл Алматыда өткен Наурыз мейрамы кезінде 50 келі қошқарды 2050 рет көтеріп, өз рекордын жаңартқан болатын.
Бәрекелді, жарайсың, Бауыржан!

Н.ҚҰЛБЕК.
Пікір қалдырыңыз