Бірлік мерекесін қалай тойлаймыз?

Бауыржан ЕРМАН,
«Оңтүстік Қазақстан».
130-дан астам этнос және түрлі дін өкілдері мекен ететін елімізде «1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күніне» орай жыл сайын көптеген іс-шаралар өткізіледі. Бірлік пен татулықты нығайту мақсатында ұйымдастырылатын мұндай маңызды шаралар өңірімізде биыл да жалғасын таппақ. Бұл туралы БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанға рухани елорда мәртебесін беру бастамасын көтерген болатын. Осы мәртебенің мән-маңызын арттыру мақсатында Түркістан облысының 5 жылдығына орайластырылып, түрлі шаралар қолға алынып жатыр. Бұл ретте «1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні» мерекесінің орны бөлек. Аталған мереке аясында облыстағы барлық мәдени мекемелер мен концерттік ұйымдарда, музейлерде, кітапханаларда бірқатар іс-шаралар өткізіледі. Мәселен, «Ұлттар достастығы», «Қазақстан – бірлік пен татулық мекені», «Өркениетке негізделген ынтымақтастық», «Ұлт тірегі – ынтымақ», «Менің Отаным – Қазақстан», «Бейбітшілік – ел тілегі» атты танымдық кештер, достық сағаты мен мерекелік концерттер ұйымдастырылады. Одан бөлек, 28-29 сәуір аралығында облыстық кітапханаларда кеңейтілген кітап көрмелері өткізіледі деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ, 1 мамыр күні «Конгресс Холл» көп салалы кешені мен Түркістан музыкалық драма театрында мерекелік концерттер мен қойылымдар ұсынылмақ.
Сондай-ақ, мереке қарсаңында өңірде тазалық, абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесі өтеді. Сонымен бірге, қайырымдылық акциялары, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, қолөнер көрмелері, концерттер, интеллектуалды байқаулар, арнаулы орта және жалпы орта білім беру ұйымдарында жастарды достыққа, бірлікке шақыратын сабақтар өткізіледі. Одан бөлек, 30 сәуір күні «Визит орталығының» алаңында «Қазақстан – достық мекені» тақырыбында қорытынды іс-шара өтіп, ел бірлігін нығайтуға үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталады.
Айта кетсек, бүгінде 2 миллионнан астам халқы бар Түркістан облысында 50-ден аса этностың өкілдері өмір сүріп жатыр. Олардың мемлекеттік тілді үйренуге, қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрін біліп, үйренуге деген ынтасы да жоғары. Тіпті, деректер бойынша қазірдің өзінде облыстағы этнос өкілдерінің 94 пайызы қазақ тілін жетік меңгергені мәлім болып отыр.