Балық аулауға тыйым салынады

Күн жылынысымен балық аулаушылардың қарасы көбейеді. Біреу балықты бас пайдасы үшін ауласа, енді бірі әуесқойлықпен суға қармақ салады. Дегенмен, балықты заңсыз аулаудың зардабы көп екенін екінің бірі ескере бермейді.

Шардара су қоймасынан Қызылорда облысының шекарасына дейінгі Арыс және Сырдария өзендерінде 5 сәуір мен 31 мамыр аралығында балық аулауға тыйым салынады. Себебі, бұл уақытта балықтар уылдырық шашады. Аталған өзендерде «Қызыл кітапқа» енгізілген балық түрлерінің бар екенін ескерсек, заңды бұзғандарға жауапкершілік те қатаң болмақ.
Дегенмен, табиғат байлығына қиянат жасайтындар арамызда аз емес. Тіпті, заңсыз балық аулау деректері жыл өткен сайын көбейіп барады. Мәселен, былтырғы шара кезінде электр қуатын пайдаланып, «Қызыл кітапқа» енген балық түрлерін аулағаны үшін ауылдың екі тұрғыны құрықталған болатын. Келтірілген залал 12 млн. теңгені құрап, екі азаматқа бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. 
Биылғы шараның алғашқы күндері Ақтөбе ауылына қарасты Р-1 ағын су арнасынан электр қуатын пайдалану арқылы 10 дана балық аулаған Шәуілдір ауылының тұрғыны ұсталды. Қазір ол ҚК-тің 335-бабымен жауапкершілікке тартылып жатыр. Егер әр адам табиғат байлығына жауапкершілікпен қараса, мұндай жүгенсіздіктің жолы кесілер еді.

Е.ӨСЕРБАЕВ,
Отырар аудандық полиция бөлімінің бастығы,
 полиция подполковнигі.      
Пікір қалдырыңыз