Заңгер қалай диқан болды?

Баян Дарғожина, «Ońtústik Qazaqstan».

Баялдыға ресейліктер құмар
Қазіргі таңда базар атаулыны жылыжай өнімі жаулап алған. Себебі жылыжай өнімдері тұтынушыны жыл он екі ай көкөніспен қамтамасыз етеді. Ол, әсіресе, оңтүстік өңірінде тиімді тірлікке айналды. Ауылдағы жұрттың негізгі кәсібі де, табысы да жылыжай болып отыр. Еліміздің ауыл шаруашылығы мамандары мен Қазақ ғылыми-зерттеу институты ғалымдары жылыжайдың болашағы зор екендігін айтады. Бұл үшін жылыжай шаруашылығын жандандырып, егіс көлемін арттыру қажет. Сонымен қатар, шығынды азайтып, өнімді көбейтуге күш салған дұрыс. Дегенмен, жергілікті шаруалар халықты көкөніспен, жеміспен толықтай қамтамасыз етеді деп айтуға әлі ерте. Өзбекстан мен Қытайдан әкелінетін өнімдердің нарықты жаулап алуының негізгі себебі осы.    
Бір таңданарлығы, Қазақстанда өндірілгенімен, жергілікті халық көп тұтына бермейтін бір көкөніс түрі бар. Ол – баялды (баклажан). Қазығұрт ауданындағы Тұрбат ауылында орналасқан «Миллиардер» шаруа қожалығы үш жылдан бері тек баялды өсірумен айналысып келеді. Алайда, олар өнімін өзімізде емес, Ресейде сатады. Бұл жөнінде бізге қожалықтың төрағасы Ерлан Тайтеновтің өзі айтып берді.
– Жылыжай шаруашылығымен 2015 жылдан бері айналысамын. Алғашқыда Айсберг, Биатрикс сұрыпты қырыққабат тұқымын еккен болатынмын. Ерте пісетін орамжапырақтың бұл түрлерін жинап алған соң қияр мен қызанақ егетінмін. 2020 жылы пандемияның нағыз қызған шағында қырыққабаттан мол өнім жиналды. Алайда, оны қайда өткізуді білмей дағдардық. Бұрын Ресей тарапынан келгендер алып кетуші еді, шекара  тарс жабылғанда бүкіл өнім түгелдей жарамсызданды. Ал, бұл қаншама шығын әкелгені айтпаса да түсінікті. Осыдан кейін тек баялды өсіремін деген шешімге келдім, – дейді Ерлан Мұстафаұлы.

Дәрумендерге бай, пайдалы көкөніс
Баялдының өзге көкөністерден артықшылығы неде деген сұрағымызға
Е.Тайтенов іркілген жоқ. «Ең алдымен оның құрамында дәрумендер мен минералдар мол. Оны тек аспаздар ғана емес, медицина мамандары да бағалай бастады» деді. Содан соң жуырда американдық ғалымдар баялдыдан көптеген емдік қасиеттер тапқанын айтты. Сондықтан баялдыны қыста да, жазда да молынан тұтынсақ, ол қандағы холестерин деңгейін төмендетуге және  атеросклерозға қарсы тұруға көмегі зор.
Жылыжай ішіне кіріп көрдік. Қайнап тұр. Бұл дақыл ыстықты ұнатады екен. Сондықтан жылыжай ішіндегі температура 16 градустан жоғары болуы тиіс. Әрі суды да көп керек етеді, күн аралатып суарып отырмаса болмайды. Уақтысында желдеткіш терезені ашып, ауаны тазартып отыруды, дәрісін де естен шығармаған дұрыс. Баялдының кірпияздығының сыры осында. Жылы болмаса өспей тұра береді. Егер тыңайтқышты уақытында бермесе гүлдеп тұрған гүлін тастап қояды. Биылғы қытымыр қыста көмірді аямай жағуға тура келген. Ерланның айтуынша, көшеттерден баялды жемісін жинауға дейін 120 күн кетеді. Ал, қиярдың көшеті 40 күнде, қызанақтың көшеті 60 күнде дайын болады екен.  Шаруа қожалығында баялдыдан алғашқы өнімді алу 20 наурыздан басталып 20 шілдеге дейін созылады деп күтілуде. Ал, 20 қыркүйекте жаңа өнім шығып, оны жинау 20 қарашаға дейін жалғасады. Осылайша «Миллиардер» шаруа қожалығы жылына екі рет өнім жинайды. Көшетті Сарыағаш ауданынан сатып алады.

Біздің шығынымыз көп...
Ерлан Тайтенов – Жетісай ауданының тумасы. Мамандығы бойынша – заңгер. Агрономдық білімі болмаса да, бойындағы жерге деген қызығушылығы бәрібір жеңіп шығыпты. Содан 2015 жылдан бастап ауыл шаруашылығына біржолата ден қойған. Тұрбат ауылының шеткері жатқан Қызыл дихан аумағынан бір жарым гектар жер сатып алып, биылғыдай қары төпеп жауған қаһарлы қысқа төзімді келетін үш жылыжай құрылысын салып бітірді. Содан кейін «Миллиардер» шаруа қожалығы болып тіркелді. Өзі айтқандай, 2021 жылдан бастап баялдының «Қара інжу» деп аталатын түрін ғана өсірумен айналысып келеді. 2021-2022 жылдары жылыжай жақсы өнім берген. Ерлан диқаншылықты біреуден емес, өз бетінше ізденіп жүріп үйренгенін айтады.
Баялды оңтүстік тұрғындары үшін пияз бен картоп сияқты соншалықты сұранысқа ие емес. Бірақ, ресейліктер оны талап алып кетеді. «Біздің мақсатымыз – лайықты егін жинау. Оны өткізуден проблема туындап отырған жоқ. Сатып алушылар өздері іздеп келіп алып кетеді. Ресейліктерден өзге, өз елімізде Астана мен Қарағанды тұрғындары баялдыны жақсы тұтынады» дейді Ерлан.
 Шаруа қожалығы тұрақты түрде 12 адамды жұмыспен қамтып отыр. Баялдымен айналысудың бір ұтымды тұсы осы – жұмыс күшін аз талап етеді. Мәселен, бір жарым гектарға орналасқан қияр мен қызанаққа  20-25 адам жұмыс істеуі керек.
– Жылыжайды ұстап тұру да оңай емес. Оған жылына 30 млн. теңге қажет. Көмірдің өзіне 15 млн. теңге кетіп қалады. Одан бөлек шығындар да жетерлік, мәселен, көшетті алайық. Оны сатып алуға 5 млн. теңге жұмсалады. Ал, 12 жұмысшының әрқайсысына айына 120 мың теңге жалақы төлеу керек, жалпы есептегенде жылына 14 млн. теңге сол айлыққа кетеді. Бұдан бөлек, скотч, қораптар сатып аламыз, – дейді Ерлан Мұстафаұлы.
Ол мемлекеттен шаруаларға  ақшалай түрде субсидия берілсе дейді. Сол кезде оларға әлдеқайда жеңілірек болатынын айтады. Бүгінде осы жылыжай бизнесінде Өзбекстан, Түркіменстан және Иран шаруалары бұларға бәсекелес болып отыр. Оларда «көгілдір отын» арзанырақ, ал, бізде, көмір қымбат. Сондай-ақ, олардың ауа райы да егінге аса қолайлы келеді. Мұның барлығы көкөніс өнімдерінің өзіндік құнына әсер етеді. Сонда да өңіріміздегі жылыжаймен айналысатын шаруалар тұрғындарды сапалы, дәрумені мол өнімдермен қамтамасыз етуге бар күш-жігерлерін жұмсап келеді. Тіршілігін егіншілікпен байланыстырған қазығұрттық шаруалар аудан тұрғындарының ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген сұранысын өтеп отыр. Тірнектеп істеген тірлік табыс әкелмей тұрмайтыны айтпаса да түсінікті.
Пікір қалдырыңыз