Көктемге жетпейтін «көл-көсір» өнім... немесе көрсеткіште бір кілтипан бар

Бүгінде екінің бірі бағаның тұрақсыздығын айтып шағынады. Өткенде ғана қолжетімді болып тұрған дүниең араға бірер апта салып қайта барсаң міндетті түрде қымбаттаған болып шығады. Әрине, сұраныс болған соң бағаның шарықтап кететіні анық. Ол – нарық заңы. Сол үшін бірінші кезекте ішкі сұранысты толық қанағаттандырмай сыртқа тауар экспорттауға шектеу қою керек шығар. 

Рас, бізде бағаны тұрақтандыру мақсатында атқарушы билік тарапынан аз жұмыс атқарылып жатқан жоқ, бірақ нарық атты нарқасқа мойнына құрық салдырар емес. Бүгінде қымбаттамаған не қалды? Азық-түліктің бағасы жиі құбылады. Құбылғанда бағасы аспанға шарықтап, арзандаса өз шығынын өтемейтіндей аяқасты болып қалады. Айталық, қай жылы қырыққабаттың құнсызданғаны сонша, тіпті, өз шығынын өтемей далада шашылып қалды. Ал, биыл пияздың бағасы аспандап кеткені сонша, қарапайым адамдар әдетте қаптап алып қаттап қоятын өнімді келілеп алатын жағдайға жетті. Мұның бәрі сол саланы тереңірек зерттеп, ішкі қажеттілікті толыққанды қамтамасыз ете алмайтындықтан болып жатыр. Бағаның қымбаттауына тағы бір себеп, бір заттың құны екіншісіне әсер етпей тұрмайды. Мәселен, құрылыс материалдары қымбаттаса, оны салу бағасы да, пәтерді жалға алу ақысы да қымбаттап шыға келеді. 
Ең болмаса өзіміздің күнделікті тұтынып жүрген тауарларымыз сәл-пәл арзан болса екен деп армандаймыз. Оны арзандатудың жолы – жеткілікті етіп егу. Бидай бітік шығып, күріш көл-көсір болып, күнбағыс жеткілікті мөлшерде егілсе, картоп-сәбіз де көңілдегідей себілсе және дайын болған өнімді дер кезінде шашпай-төкпей жинап алсақ, ол өзімізге де, экспортқа шығаруға да жетеді. Ал, бізде осы жағын жүйелеп, тұрақты бақылап тұру жағы кемшін түсіп жатады. Содан қымбатшылық орын алып, кеше ғана тиынға бағаланып жатқан тауар бүгін қасқалдақтың қанындай қат дүниеге айналып шыға келеді.  Несін жасырамыз, қымбатшылық қысымына қара қазақ қашанғы шыдас берер екен деген ой мазаңды кетірері анық. Қолындағы болмашы теңгесі басына тартса, аяғына жетпей діңкелеп жүрген қарапайым халықты аяйсың. 
Таяуда БАҚ беттерінен Жетісайға көрші жатқан Шардара, Келес аудандары аумағынан мал жайылатын жайылымдық жер сұраймыз деген ақпаратты көзім шалып қалды. Мақтааралдан май шығаратын зауыт салынады деген хабарды оқып, қуанып қалдым. «Елде болса ерінге тиеді» деген бар қазақта. Жақсы бастаманы құптау керек, әрине. Мал жайылымы кеңісе, мал да көбейеді. Малың көбейсе, ет арзандайды. Ал, май зауыттың қажеттілігі бүгінгідей қымбатшылық екі бүйірден қысып тұрған шақта қаншалықты маңызды екені айтпаса да түсінікті. 
Осы орайда бағаның құбылмалы болуының себебін, қарапайым халыққа келтіретін залалын қайткенде азық-түліктің, түрлі тауарлардың бағасын бәсеңдетуге болатынын, ол үшін не істемек керектігін мамандар тәптіштеп түсіндіріп жатса, оның өзі көңілге демеу емес пе?! Қымбатшылықтан әбден титықтаған халықтың проблемасы айтылып, жазылып жатса, оның да бір шешілер жолы табылмай тұрмайды ғой. 
Жерінің асты-үсті байлыққа толы елімізде әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан алғанда жақсы өмір сүруге мол мүмкіндік бар. Тек сол байлықты дұрыс бағалап, ұқсата білуіміз керек. Жылда жиын-терім кезінде небір ұшан-теңіз сандар айтылады. Жоспарлар жүз пайызға орындалып жатады. Жоспарлар орындалып жатса, шаруалар шалқып, тұрмысымыз оңалып, әлемдегі ең бай мемлекеттердің қатарында жүрмес пе едік? Шындығында олай емес қой, демек, статистикалық көрсеткіштерде бір кілтипан бар. 
Қысқасы, бағаны тұрақтандыру үшін ең бірінші кезекте жеткілікті етіп егін егу керек. Сол егілген егіннен алынған мол өнімді қадағалап, ұқсата білу де біріншісінен кем түспейтін маңызды мәселе. Ол үшін құрғақ цифрларға сүйенбей, нақтылы іс-әрекеттерге көшкен жөн. Сонда ғана біз бағаны өз ырқына жібермей, бақылауда ұстап отыра алатын боламыз. 

Рүстем ҒИЗАТҰЛЫ.
Жетісай ауданы.
Пікір қалдырыңыз