«Lesson study»: білім сапасын көтеруде маңызы зор

«Ең оңайы – еліктеу, ең ащысы – тәжірибе, ең мәртебелісі – ойлау» деп Конфуций айтқандай, біз өмір сүріп отырған ақпараттық қоғамда, көп мәдениетті ортада, бәсекелестік дамыған заманда, жаһандануға қарыштап қадам басқан уақытта оқу- ағарту ісін халықаралық талапқа сәйкестендіру аса маңызды. Әлемдік сапа деңгейіндегі білім мен білік дағдыларына негізделген білім беру жүйесін құру – кезек күттірмейтін мәселе. Соның алғашқы баспалдағы ретінде еліміздің педагог кадрлары оқытудың «Кембридж тәсілін» меңгертетін үш деңгейлі курстардан өтіп жатыр. Бұл бағдарламада теориялық оқыту тәсіліне басымдық берілген.
Мұғалімнен шәкіртінің идеясы мен білім-біліктілігін дамыту, оны талапқа сай ұйымдастыру талап етіледі. Ол мұғалімнің кәсіптік құзыреттілігімен тікелей байланысты. Мұғалімнің кәсіби құзыреттілігі – оның жан-жақты білімінен, ұстаздық шеберлігінен, оқытудың жаңа әдістерін меңгеруімен және сол әдістерді тиімді пайдалануымен өлшенеді. Әрбір пән бойынша білім, білік, дағдыны ғана игеру мұғалім құзыреттілігі үшін жеткіліксіз болып отыр.
Бүгінгі мұғалімнің жетістігі оқушыларға берген біліммен ғана бағаланбайды. Сонымен бірге ол өсіп келе жатқан ұрпақты әртүрлі жағдайда дұрыс әрекет етуге, олардың өз бетінше шығармашылығын дамытуға, қоғам өміріне белсене қатысу үшін ақпаратты өз бетінше табу, талдау, құрылымдау мен оны пайдалану икемділіктерін қалыптастыруға қаншалықты тиімді жағдай жасағандығымен бағаланады.
Lesson Study – мұғалім білімін жетілдіруге бағытталған, сабақтағы іс-әрекеттерді зерттеудің ерекше үлгісі болып табылатын педагогикалық тәсіл. Ол ХІХ ғасырдың 70-жылдарында Жапонияда бастау алған. Lesson Study жобасына іс-шараны бірлесе жоспарлап өткізетін, қадағалайтын, оқыту мен оқуды талдай отырып, өз қорытындыларын қағаз бетіне түсіретін мұғалімдер тобы қатысады. Оны өткізу кезінде мұғалімдер оқыту тәжірибесіне жаңа әдістер енгізеді, оны жетілдіреді, кейін өзге әріптестеріне таратады. Lesson Study бастауыш және орта мектептерде негізгі пәндер бойынша оқушылардың білім деңгейін көтеру және оқыту әдістемесін жетілдіру мақсатында, сонымен қатар, оқыту үшін бағалау сияқты тәжірибелік әдістерді әзірлеу мақсатында қолданылады.
Мұнда мұғалімдер өздері күнделікті жинаған материалдары мен жүйелі бағалау деректерін оқушылардың оқу мен даму басымдықтарын белгілеу үшін қолданады. Сонымен қатар алдағы уақытта әзірленетін немесе жетілдірілетін, белгіленген міндеттерге жауап беретін оқыту әдістемесін бірлесіп анықтайды.
Lesson Study жобасын қандай мақсатпен жүргізу қажет? Lesson Study тәсілі тиімді. Себебі, ол мұғалімдерге балалардың жаңа тақырыпты қаншалықты меңгергендігін көрсетіп береді, ұстаздың пікірі бойынша балаларды оқыту барысында не болуға тиіс, ал, шындығында жағдай қандай екендігі арасындағы айырмашылықты айқын көрсетеді. Сонымен қатар осы арқылы мұғалім оқушының түсінбеген тақырыбын егжей-тегжейлі түсіндірудің жоспарын жасай алады. Lesson Study жобасының басты мақсаты – оқушылардың білім алуын жеңілдету және мұғалімдердің бір-бірімен педагогикалық тәжірибе алмасуына жәрдемдесу.
Lesson Study мұғалімдердің педагогикалық білімі мен тәжірибесін дамытуға арналған тиімді құрал ретінде бағаланады. Lesson Study циклін өткізу біздің ауданымызда тұрақты жолға қойылған. Ол үшін лектор-мұғалімдер тобы жетекші мектептерге курстық сабақтар өтіп, өзара тәжірибе алмасу жұмыстарын жүргізеді. Оқушылардың таным белсенділігін арттыруда, сұрақты түрлендіре қою арқылы белсенділікті оятуда, оқушылардың жауап берудегі бәсекелестігін тудыруда бұл оқыту түрі тиімділігін дәлелдеп отыр.
Қай кезде де мұғалім мектептегі негізгі тұлға болып қала бермек, себебі, оқушы білімді өз бетімен меңгеруі үшін оған жетекшілік қызмет атқаратын ұстаздар қауымы. Мұғалім тек өз сабағында шәкірттерін жетелеуші ғана емес, кәсіби құзіретті, жан-жақты білімді, заман ағымына сай жаңашыл болса, өз идеялары мен ой-мақсаттарын әріптестерінің санасына сіңіріп, көшбасшы бола алады.
Сұлушаш САДЫРОВА,
№5 мектеп-гимназияның мұғалімі.
Мақтаарал ауданы.