ҰБТ: Алғашқы нәтиже қандай?

Қаңтар-ақпан айларында ұйымдастырылған ҰБТ-ға еліміз бойынша 123 мыңға жуық шәкірт қатысқан. Сынақ тапсырушылардың 77 пайызы қазақ тілінде, 22 пайызы орыс тілінде, тағы 91 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті. Айта кетерлік бір жайт, тестілеуді өткізудің жаңа ережесіне сәйкес, ҰБТ нәтижелері облыс, аймақ, аудандарға бөлініп, жария етілмейді. БАҚ беттерінде, басқа да ақпарат көздерінде тек республика бойынша нәтижелер жарияланады. Бұл ұлттық бірыңғай тестілеуді әр мектепке, ауданға, облысқа бөлініп, «жарысқа» айналдырып жібермеудің алдын алу үшін жасалынған.

Қысқы ҰБТ 10 қаңтар мен 10 ақпан аралығында өтті. Осы кезеңде тест тапсырушылардың 83 пайызы шекті балл жинай алған. Ал 21 мыңнан астам түлек шекті балға жете алмаған. 

– Тест тапсырушылардың ең көп таңдаған комбинациясы – «математика-физика» (19%). Тапсырушылардың 18%-ы «биология-химия» комбинациясын таңдаса, 10%-ы шығармашылық емтиханды таңдаған. IT бағыттарға түсуге қажетті жаңа «математика-информатика» комбинациясын ҰБТ-ға қатысушылардың 10%-ы тапсырған, – деп атап өтті ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.

Талапкерлердің, соның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлердің тестілеуді ыңғайлы тапсыруы үшін ҰБТ тапсыру уақыты 40 минутқа ұзартылған. Сонымен қатар олар үшін сызба және диаграммаларсыз сұрақтар жасалды. Қабылданған шаралар нәтижесінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 274 бала ҰБТ тапсырды. 

ҰБТ тапсырушылардың ішінде ереже бұзғандар да табылды. Мәселен, 62 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 98 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Ал, біреудің орнына тест тапсыруға кірген бөтен азаматтар анықталған жоқ.

Естеріңізге сала кетсек, ҰБТ-ға дайындықты жақсарту мақсатында Ұлттық тестілеу орталығы оқу жылының басында тестілеу пәнінің спецификацияларын, тест жоспарын, Қазақстан тарихы және Дүние жүзі тарихынан 100 дата, информатикадан терминдер тізімін, қазақ әдебиеті және орыс әдебиеті пәндерінен шығармалар тізімін өз сайтында және әлеуметтік желілерде жариялаған болатын.

«Оңтүстік»-ақпарат.

Пікір қалдырыңыз