«Достарымның сүйегі жат жерде қалды...»

1979-1989 жылдар аралығында Ауғанстан жерінде болған соғысқа Қазақстаннан 22 269 сарбаз қатысты. Олардың 920-сы майдан даласында қаза болса, 21 сарбаз із-түзсіз жоғалып, 1015 жауынгер елге мүгедек болып оралды. Осы бір соғыстың сарсаңын бастан өткеріп, аман оралғандардың қатарында Ұлттық ұлан сапында әскери қызметін жалғастырды. 6506 әскери бөлімінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Владимир Иванович Самарский де бар. Ол Ауғанстаннан оралған соң тағлымды тәжірибесімен әскери қызметшілерді ерлік пен өрлікке баулып жүр.

1950 жылдың 26 қазанында қарапайым жұмысшылар отбасында дүниеге келген Владимир Иванович 8 жасында мектеп табалдырығын аттап, 9 сыныптық білім алған. Еңбек жолын Шымкент тоқыма фабрикасында слесарь жөндеуші болып бастап, 1969 жылы Польша Республикасында орналасқан 61412 әскери бөліміне мерзімдік әскери қызметін атқаруға аттанады. Екі жыл бойы жүргізуші қызметін атқарып, кіші сержант шенін алған. Әскерден оралған соң баяғы тоқыма фабрикасындағы жұмысын жалғастырады. Біраз жылдар өткен соң қызмет бабымен Наманган қаласына қоныс аударған. Отбасын құрғасын туған жерге оралып, көптеген жылдар бойы Шымкенттегі автобазада жүргізуші қызметін атқарады. Сөйтіп, 1976 жылдың қаңтар айында 6506 әскери бөлімінің автопаркіне жанар-жағармай аппаратурасының нұсқаушысы болып қабылданады. 
Ардагер прапорщик Владимир Иванович өзінің Ауғанстан еліне жауынгерлік қызметке шақырылған күнін былай есіне алады: 
«1980 жылы тамыз айында маған әскери бөлімнен алғашқы қоңырау түсті. Олар менен «батальон командирі баратын жаққа баруға келісесіз бе?» деп сұрады. Ал, батальон командирінің қайда баратынын біз жасырын болса да біліп жүретінбіз. Отбасыммен ақылдасып бір жауабын беретінімді баяндадым да, тұтқаны қойдым. Сол кездерде Ауғанстан жеріне Кеңес әскерінің әртүрлі топтары барып, қызмет етіп жүргені туралы білетінбіз. Әрине, бұл жаңалық отбасымды есеңгіретіп тастады десе де болады. Олар мені жібергісі келмеді. Келесі күні бөлімге телефон шалып, отбасымның қарсы екенін баяндадым. Сол кездегі офицер «менің де отбасым қарсы» деді де, телефон тұтқасын қоя салды. Келесі күні Алматы қаласына іссапар құжаттары салынған конверттерді ұсынды. Біздің әскери бөлімнен қасымда тағы бір әскери қызметші – прапорщик Виктор Алексеевич Клязмин болды. Екеуміз Алматы қаласына жол тарттық. Кешкісін генерал-майор Волковтың алдына кірдік. Ол кісі бізге Мәскеуден бұйрық түскенін, Ауғанстан жеріне әскеріміздің біраз контингенті барып, жауынгерлік тапсырмалар орындау қажеттігін түсіндіріп, арнайы қағаздармен таныстырды. Ертесіне Қазақстанның әртүрлі өңірінен жиналған бізді Мәскеуге жөнелтті. Онда мандаттық комиссия болып, бізді біршама тексерістерден өткізді. Әскери қызметшілердің басым бөлігі автомобилистер еді. Олар «енді бұйрық күтіңіздер» деп қайтадан елімізге шығарып салды. Тамыз айында Ташкент қаласына барып, алғашқы дайындықтан өттік. Онда Кеңес әскерінің әртүрлі аймақтарынан жиналған бір топ әскери қызметші болды. Бәрімізге ешқандай әскери киім нысанының белгілері жоқ қатардағы сарбаздың формаларын ұсынды. Бір апта  көлемінде оқу-жаттығудан өтіп, оқу аяқталған соң ғана бір-біріміздің қандай шендегі әскери қызметшілер екенімізді білдік.  8 қыркүйекте бізді топ-топқа бөліп, Ауғанстанға аттандырды. Мен 4-топтың мүшесі болып Газне қаласында орналасқан А.Суворов атындағы 191-арнайы мотоатқыштар полкіне түстім. Менімен бірге барған досым Виктор Алексеевич Клязмин Кандагар қаласына кетті. Бір-бірімізбен қимай қоштастық. Осылайша, менің Ауған еліндегі жауынгерлік қызметім басталды» дейді Владимир Иванович.
Прапорщик Владимир Самарскийдің Ауғанстандағы қызметі – милицияның ұрысқа түсетін машинасының жүргізушісі болған. Ауғанстан еліне жауынгерлік қызметке барарда «25 жылға дейін қай жерде, қандай бөлімде, қандай мақсатпен қызмет атқарғанын жарияламау, құпия сақтау» туралы қолхат жазып бергендердің қатарында болған Владимир Иванович алғаш рет өзі қызмет еткен жасырын отряд туралы да айтып берді. Өзінің айтуынша, ол сексенінші жылдары құрылған  «Кобальт» арнайы жасағының бірінде қызмет еткен. Олардың басты міндеті – қарапайым халық арасында жүріп, барлау жүргізу және ақпарат жинау болыпты. Сол арқылы бандиттік топтарды жоюға арналған операцияларды ұйымдастыруға көмектескен. Түрлі жауынгерлік операцияларды ұйымдастырып, зерделеуге қатысқан арнайы офицерлердің көлігін жүргізген ол көптеген оқиғаларды бастан кешірген. 
– Күнделікті қызметте жүрген кезде, қышлақ тұрғындарының темекі және басқа да заттарын сатып жүретін бала басымдағы әскери қалпағымды сұрап қоймады. Жас баланың меселін қайтарғым келмей «бұл өзіме керек, басқа зат берейін» десем, әлгі бала «бұл саған енді қажет болмайды, сен үйіңе қайтасың» демесі бар ма?! Оны елемеген мен бір күліп алдым да, сөзіне мән бермей қызметіме оралдым. Бір қызығы, тура ертесіне, яғни 25 наурызда бізге елімізге қайту туралы бұйрық берді. Сөйтіп, Ауған жерінің асуларында 7 айдан аса уақыт интернационалдық борышымды атқарған соң, 1981 жылдың наурызында туған жерге оралу бақыты бұйырды. Ең өкініштісі, өзіммен бірге Қазақстан әскері қатарынан барған 10 қарулас досымның сүйегі жат жерде қалды, – деген прапорщик Владимир Самарский өткен күндерді күрсіне есіне алды.
Расында, ауған соғысы жүректерге жазылмас жара салып, адамзат тарихына  өшпестей із қалдырды. Ал, сол бір қатал жылдары өліммен күнде бетпе-бет келген азаматтардың рухына құрмет көрсетіп, олардың ерлігін өскелең ұрпаққа дәріптеу біздің қастерлі борышымыз болып қала бермек.

Малика ШЫНЖІГІТОВА, 
аға лейтенант, 
6698 әскери бөлімі.
Пікір қалдырыңыз