Барлаушы

Ажар БермұХанова, «Ońtústik Qazaqstan».

Биыл Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылып, сұрапыл соғыстың аяқталғанына 34 жыл толып отыр. Сол сұрапылға Қазығұрт ауданынан 104 жауынгер аттанған-ды. Солардың ішінде Әбсамат Баратов, Әбдірахман Асылбеков, Серік Базаров, Әбілқасым Мұратов та бар еді.
Ауғанстанға аттанған сол 104  жауынгерден бүгін арамызда жетпіс бірі жүр. Солардың бірі – Жапбар Бейсебаев.
Жаңабазар ауылдық округінің Жылыбұлақ елді мекенінде дүниеге келген. Тұрбаттағы кәсіптік-техникалық училищеден автослесарь мамандығын алып шыққан ол ауылда механизатор болып еңбек жолын бастаған. 1979 жылы мамыр айында әскерге шақырылды. Украинада алты ай дайындықтан өтіп, артиллерист болып шығады. Бұдан кейін ол Ауғанстанның Шындан провинциясындағы артиллерия полкінде қызметін жалғастырып, барлаушылар бөлімшесіне қосылады.
«Душмандар» бейбіт халықтың арасына кіріп, пәренжі бүркеніп жүретіндіктен, оларды ұстау бізге едәуір қиындық туғызатын еді. Барлаушылар «Бусер» аппаратымен нақты дәлдікпен жау координатын есептеп шығаратын. Содан соң артиллеристер мен атқыштар полкі жау жасырынған жерлерді атқылауға кірісетін. Мұндайда бейбіт халық пен қышлақтарға залал келмеуіне барлаушылар әкелетін мәліметтердің рөлі зор болатын. 
Біз қызмет еткен бірінші батальон түрлі ұлт өкілдерінен құралды. Кеңес әскерлері жергілікті жердің суын ішпейтін. Өйткені, жау ауыз суды улап тастайтын. Тау-таста жүріп соғысу, әрине, оңай болған жоқ. 30 келілік қару-жарақ пен басқа да керек-жарақтарды күні бойы көтеріп жүрудің өзі бір сынақ еді.
Қышлақтағы бір рейд кезінде Ауғанстанды мекендейтін қазақтармен кездесіп қалдым. Жасы үлкенімен сөйлестім. Бала кезінде әкесімен, бір топ ағайынмен шекара асып, осында келіпті. Өзінің түбі жетісайлық көрінеді. Атамекенді аңсайтынын айтып, біраз жылап алды», – дейді Жапбар аға бізбен әңгімесінде.
Жапбар аға 1981 жылы елге оралады. Халық ҚаҺарманы Бақытжан Ертаев Жапбар Бейсебаевқа өз қолымен «Батыр шапағаты», «КСРО Батыры генерал Сабыр Рақымов», «Отан қорғаушы» медальдарын табыстапты. Басқа да көптеген наградалары бар.
Қазіргі таңда «Казпошта» АҚ-ның Түркістан филиалына қарасты Қазығұрт аудандық бөлімшесінде 
40  жылдан бері сұрыптаушы-оператор қызметін атқарып келеді.
Жапбар Бейсебаев Көкшетау университетінің «Қаржы және несие» факультетін сырттай оқып бітірген. Ұжымда кәсіподақ ұйымын басқарады. Жастарға тәжірибесін  үйретіп, ақыл-кеңесін айтып отырады.
– Қазіргі жастар Ауғанстанда қаза тапқан жерлес ағаларының ерлік істерінен тағлым алуы керек. Тәуелсіздік – тағдырдың қазаққа берген баға жетпес дәулеті. Біздің жүрегіміздің бір түкпірінде беріш болып қатқан сұрапыл соғысты келер ұрпақ көрмесін, – деп әңгімесін түйіндеді ауған соғысының ардагері.

   Қазығұрт ауданы.    
Пікір қалдырыңыз