Инвестиция көлемі 8,5 есе артты

Газетімізде бұдан бұрын хабарланғанындай, облыс әкімі Дархан Сатыбалды Түркістан қаласының тұрғындарымен жүздесіп, бұған дейінгі кездесулердің нәтижесімен бөліскен-ді. Сондай-ақ, алдағы атқарылар міндеттерді көпшілікпен бірлесіп талқылады. Түркістан қаласын Түркі әлемінің орталығына айналдыру бағытындағы жүйелі жұмыстар нәтижесінде шаһардың инвестициялық климаты жақсарып келеді. Соңғы 5 жылда қалаға тартылған инвестицияның көлемі 8,5 есеге өсіп, былтыр ол 304 млрд. теңгені құрады. Биыл қала экономикасына 350 млрд. теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр. Тұрғындармен кездесуде Дархан Сатыбалды алдағы жобаларды жүзеге асыруда тұрғындардың пікірі маңызды екенін жеткізді.
– Мемлекет басшылығының қолдауымен төрт жарым жылда Түркістан облысында ауқымды жұмыстар атқарылып, көптеген жобалар жүзеге асты. Оны көріп, біліп жүрсіздер. Дегенмен, облыс халқының 80 пайызы ауылдарда тұрады. Сондықтан біз алдағы уақытта ауылдарды дамытуға да басымдық береміз. Ал, Түркістанды дамыту жұмысы өз жалғасын табады. Индустриалды аймақтардың және арнайы экономикалық аймақтың жұмысын күшейтеміз. Өндіріс орындарын көбейту арқылы ғана ел әлеуеті артады. Елге бірінші не керек? Ауыз су ма, әлде әлеуметтік нысан ба? Меніңше, бірінші кезекте тез шешуді талап ететін мәселелерді қолға алу керек. Бұл ретте сіздердің пікірлеріңіз маңызды. Осындай кездесулердегі ұсыныстар толық зерделенеді, – деді Дархан Амангелдіұлы.
Облыс әкімі аз уақытта Түркістан қаласында мәдени-спорттық, туристік және өзге де ғимараттар салынғанына, қала жаңа өрлеу дәуірін бастан өткеріп жатқанына тоқталды. Нәтижесінде халық саны да артып, қосымша мектептер салу қажеттілігі белгілі болды. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылатын «Жайлы мектеп» жобасы аясында Түркістан қаласында 7 мектеп салынатынын жеткізді. Оның ішінде 3 мектеп 2 мың орынды болады. Мектептер екі жылда ел игілігіне беріледі. Сондай-ақ, «Дарын» мектебі мен 4 тілде білім беретін халық-аралық білім ордасы да ашылмақ.
– Біз білім саласын дамытуға басымдық беріп отырмыз. Осы сала реттеліп, білімді жастар өссе, өзге проблемалар да шешіледі, – деген өңір басшысы басқа да әлеуметтік мәселелерге назар аударды.
Халықтың табысын арттыру мақсатында арнайы жұмыспен қамту картасы бекітіліп, Түркістан қаласы бойынша былтыр 2,5 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Оның 675-і – тұрақты жұмыс. Ұлттық жобалар бойынша биыл 5 мыңға жуық жұмыс орнын ашу жоспарлануда.
Түркістан қаласындағы халықаралық әуежайдан былтыр Ыстамбұл және Кувейт бағытына тікелей рейстер ашылды. Қазіргі уақытта Мәскеу, Анталья, Дубай, Тбилиси, Ташкент және Самарқанға рейстер ашуға ұсыныс берілген. Астана мен Алматыға рейстер санын көбейту бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Осы жұмыстар нәтижесінде 2018 жылмен салыстырғанда Түркістанға келетін туристер саны 4 есе артқан.
Пікір қалдырыңыз