«...Ақылына ақы сұрамайтын қазына»

Білім – біздің өмір бойы рухани да, материалдық та қажетімізді өтейтін зор байлық. Ал, ұлттың болашағы білімді жастардың қолында. Шығыс ойшылы Әлішер  Науаи «Кітап – ақылына  ақы сұрамайтын  алтын  қазына» деген сөз қалдырған екен. Бұл сол кезеңнің өзінде кітапхана  мәдениеттің, ғылым  мен   білімнің қайнар  көзі екенін ұқтырса керек.

Еліміздің алпауыт мемлекеттерден қалыспай, тең өмір сүруі үшін болашақтың тұтқасын ұстар білімді ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің басты міндеті. Жан-жақты дамыған, білімді, елжанды, еңбекқор, өзінің атқарған ісіне жауапкершілікпен қарауды азаматтық парызы санайтын ұрпақ тәрбиелеу – баршамызға ортақ  міндет. Қоғамның озық болуы, адамзаттың өсіп-өркендеуі кітаппен  тығыз  байланысты. Ендеше, қай заманда да кітапхананың   қоғамда  алар  орны  ерекше. 

Қоғам алдындағы міндетін қалтқысыз  орындап келе жатқан Сарыағаш аудандық   орталық    кітапхананың  қызмет көрсету бөлімі  таяуда  «Оқитын ұлт» жобасы   аясында «Болашаққа біліммен, жастарға сеніммен» атты интеллектуалды  сайыс  өткізді.  Сайысқа Сарыағаш қаласындағы  С.Ысмайылов атындағы №5 орта мектебінің жоғары сынып оқушыларынан  құралған «Ұшқын» тобы, №60 жалпы орта мектебі оқушыларынан жасақталған «Кемеңгерлер» тобы, №61 жалпы орта мектебінің «Талап» тобы,  Ж.Аймауытов атындағы №6 жалпы орта мектебінің «Самұрық» тобы қатысты.

Олар 4 кезең бойынша сынға түсті. Алғашқы «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы...» атты кезеңде белгілі ақынның бір өлеңін жатқа, мәнерлеп айтудан сынға түссе, екінші кезеңде білім жарыстырды. Бұл кезеңдегі сұрақтар  ақын-жазушылардың шығармаларынан, ел тарихынан  қойылды. Ал, үшінші кезеңде оқушылар әртүрлі тақырып бойынша мақал-мәтел айтып жарысты. Сайыстың соңғы кезеңінде Шәкәрім Құдайбердіұлының бір шығармасына талдау жүргізді.

Сайыс қорытындысында үздік шыққан оқушылар әртүрлі аталымдар бойынша Алғыс хаттарға ие болды. 

Жазира ӘЛІБЕКОВА,

Сарыағаш аудандық орталық кітапхананың қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі.

Пікір қалдырыңыз