«Жұмыстың ең үлкені – бала тәрбиелеу»

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Біз бүгін әңгіме еткелі отырған Мұзрафша-Жаһангер Абылаев дәл осындай ұстаныммен перзенттерін тәрбиелеп, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған жан. «Отан от басынан басталады» деген сөз тегін айтылған ба, сірә?! Отбасы да шағын мемлекет, ол да үлкен мемлекеттің, үлкен Отанның дамуына үлес қосуы қажет. Өзі 5-6, ары кеткенде 8-9 адамнан тұратын отбасы үлкен мемлекеттің дамуына қалай үлес қоса алады дейсіз ғой. Айтайық.


Шаңырақтың шаттығын қалайтын адам отбасын – жарын, перзенттерін сүйеді, құрметтейді. Олардың жақсы адам болып, айналасына сүйікті де сүйкімді болғанын қалайды. Адам өмірі отбасынан басталады, азамат болып қалыптасуының да іргетасы осында қаланады. Отбасы – сүйіспеншіліктің, құрмет пен ынтымақтастықтың ошағы, яғни кез келген зиялы қоғамның діңгегі. 

Мұзрафша-Жаһангер ағамызбен әңгімелескенде ұққанымыз, ол кісі осы бір алтын діңгектің беріктігіне қатты көңіл бөледі екен. Әр сөзінен баба салтын сақтаған, сақтап қана қоймай оны ұрпағының бойына сіңіре білген жан екені сезіліп тұрады. Бала тәрбиелеу ісіне немқұрайлы қарау – ол кісіге жат. Оның айғағы Мұзрафша-Жаһангер ағамыздың ұл-қыздарының бәрі бүгінде жұрт мақтайтын, ел сүйетін перзенттерге айналды. 

– Отбасы, бала-шағаны тәрбиелеу мәселесі қазіргі нарық заманына байланысты қырық құбылып кетті ғой. Бүгінде адам өмірінде материалдық игіліктер алдыңғы орынға шықты. Рухани байлық соның тасасында қалып барады. Ата-бабамыздан қанымызға сіңген адамгершілік, мейірімділік, дәстүрге беріктік секілді асыл қасиеттеріміз ұмытылып бара жатқандай. Осының өзі біздің қоғамда бала тәрбиелеу ісіне қатты әсер етіп жатыр десем, артық айтқандығым емес. Бұған себеп еліміздегі жаһандану үрдісінің өте жылдам өрбуі десе болады. Қазір шетелге шығу түк қиын емес. Қолымыздағы смартфон арқылы төрткүл дүниенің өзге бір бұрышында не болып жатқанын біле қоямыз, ол елдің дәстүрімен, өмір-салтымен танысып-білісіп, араласып кету де оңай болып қалды. Осындай құбылмалы заманда мықты қазық болмаса, адасып кетуіміз түк емес, – дейді Мұзрафша-Жаһангер Исақұлы.

Осы ұстанымнан таймай, 7 ұл-қыз тәрбиелеген ағамыздың ісі көпшілікке үлгі. Ұл-қыздарының бәрі де мектепті жақсы оқыды. Бір қызығы, мектептегі ата-аналар жиналысына Мұзрафша-Жаһангер ағамыз жалғыз бармай, жұбайын да ерте барады екен. Ондағы ойы – бала тәрбиесінде ананың да, әкенің де рөлі бірдей болатынын ұл-қыздарына, олардың ұстаздарына ұқтыру.

Төгілген тер, еткен еңбек еш кеткен жоқ. Бала тәрбиесіне қатты көңіл бөлетін ағамыздың жеті ұл-қызының ешқайсысы да жерге қаратпады. Барлығы де мектепті үздік бітіріп, еліміздің маңдайалды жоғары оқу орындарына грантпен оқуға түсті. Бір бүйірден нарық қысқан заманда перзенттерінің бәрі мемлекеттік грант иеленуі – ата-ана үшін бір жағынан зор қуаныш, бір жағынан зор көмек. 

– Ұл-қыздарымның барлығы Шымкент қаласындағы №65 мектепте білім алды. Баланың жақсы тәрбие алуына мұғалімнің де сіңіретін еңбегі зор. Балаларымның сынып жетекшілері де, пән мұғалімдері де мықты педагогтар еді. Соның арқасында бәрі де мектепті үздік бітіріп шықты. Тұңғышым Лаура Түркістандағы халық­аралық қазақ-түрік университетінің экономика факультетіне грантқа түсті. Кейіннен Алматыдағы Қазақ Ұлттық университетінде магистратура, докторантура бітірді. Одан кейінгі қызым Альмира Абылай хан атындағы халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін «қызыл дипломға» бітірді. Одан кейінгі ұлым Нұрсұлтан да сол оқу орнының филология факультетіне оқуға түскен-ді. Бірақ, «менің мұғалім болғаным жетеді, сен мұғалім болмай-ақ қой» деп кейіннен халықаралық қатынастар факультетіне ауыстырдық. Бала кезінен спортқа жақындау еді. Кейін дене шынықтыру факультетіне оқуға түсіп, екінші мамандық алып шықты. Қазіргі таңда спорт саласында еңбек етіп жүр, – дейді Мұзрафша-Жаһангер ағамыз.

Бұл отбасының төртінші перзенті Нұрзада мектепті үздік бітіріп, Қазақ Ұлттық университетінің экономика факультетін бакалавр, магистратура бойынша тәмамдаған. Оқу орнын бітірген соң беделді компанияда директордың қаржы жөніндегі орынбасары болып еңбек етті. Қазір бала күтіміне байланысты демалыста. Малика Мұзрафша-Жаһангерқызы да Нұрзада әпкесінің жолын қуып, Қазақ Ұлттық университетінің экономика факультетін бакалавр, магистратура бойынша бітірген. Ол да қазір қаржы саласында қызмет атқарып жүр. 

–  Ұлдардың екіншісі Құдиярхан балама көбірек алаңдадым. Себебі, сол баламның ұстаздары мектепке көбірек шақырды. Бірақ, Аллаға шүкір, ол да мектепті үздікке бітіріп, Алматыдағы Қазақ Ұлттық техникалық университетіне грантқа түсті. Бүгінде жеке кәсіппен айналысып жүр. Кенжеміз Әбілмансұр мектепті де, жоғары оқу орнын да үздік бітірді. Қазіргі таңда елордада құрылыс компаниясында жауапты қызметте, – дейді Мұзрафша-Жаһангер ағамыз.

Ағамыз ұрпақ тәрбиелеу ісін бірінші орынға қойған қоғам ұтылмайтынын айтады. Ата-ана ұл-қызының кіммен араласып жүргенін, не істеп жүргенін, бәрін-бәрін қадағалап отыруы керек. Сонда ғана перзенттері тура жолдан таймайды деген ойды алға тартады. Расында да, Мұзрафша-Жаһангер ағамыздың тәрбиесін алған перзенттері туралы ешқашан жаман әңгіме шыққан емес. Ол алдағы уақытта да мұндай әңгіменің шықпауын Алладан тілейді. Балалары аяғын апыл-тапыл басқаннан тәлім-тәрбиенің іргетасын берік қалаған Мұзрафша-Жаһангер ағамыз бен Қарлығаш жеңгеміз осындай үлгілі отбасының отағасы мен отанасы атанып отыр.

Жаңа бір сөзімізде Мұзрафша-Жаһангер ағамыздың ата-аналар жиналысына бір өзі бармай, үнемі зайыбымен – балаларының анасымен бірге баратынын айтып едік қой. Демек, бұл жерде бала тәрбиесіндегі ананың рөлі деген мәселе шықпай ма?! Ал, Мұзрафша-Жаһангер ағамыздың жары Қарлығаш апай Түлкібас ауданындағы Абай атындағы орта мектепті алтын медальмен бітіріп, Алматы мемлекеттік медицина институтын тәмамдаған, балалар дәрігері. Мұзрафша-Жаһангер Исақұлының өзі 1978 жылы мектепті үздік тәмамдаған соң ҚазМУ-дің филология факультетінің араб тілі бөлімін бітірген. Бүгінде Шымкент қаласындағы мүгедектерге арналған №19 спорт мектебінің директоры. 

«Ұл-қыз тәрбиелеу де жұмыс болып па?!» деп әңгімені бұра тартудың қажеті жоқ. Мұзрафша-Жаһангер ағамыз айтқандай, кез келген адамда үлгілі ұрпақ тәрбиелеуден асқан қасиетті міндет болмау керек. Осы міндетті алдыңғы орынға қойған қоғам ғана өркениет көшінің төрінен орын алады. Бала тәрбиелеудің қасында басқа жұмыстардың бәрі де екінші, оныншы, жүзінші кезектегі жұмыстар емес пе, тәйірі!

3 пікір

  • Аубакирова Феруза
    Аубакирова Феруза

    Мен Аблаева Альмирамен бірге бір сыныпта оқыдым,бірінші болып класс журналында тұратын,сабақты да өте жақсы оқитын,тәрбиесі де мінезі де мықты қыз ғой,өте білімді инабатты еді,бір жаман іс жасағанын көрмегенмін,сыныпта бәрі сыйлайтын,сыйлауға да тұрарлық жан ғой,ма щаа Аллах! Мақала да керемет жазылған,рас Отан-отбасыдан бастау алады✅

  • Исакова Ботагөз Әбдікәрімқызы
    Исакова Ботагөз Әбдікәрімқызы

    Керемет отбасы, құрметке лайық, тәрбие тал бесіктен демекші ата анасына мың алғыс өзім қатты сыйлаймын жақсы көремін құрметтеймін, Аллах отбасыларына ұрпақтарына бақытты ұзақ ғұмыр берсін????????????

  • Абдибекова Инабат Мусахановна
    Абдибекова Инабат Мусахановна

    Мен бұл отбасыны бұрыннан тани ын. Улкен Қызы Лаура ның группаласымын . Оте керемет тәрбиелі отбасы жеке басым қатты сыйлаймын құрметеймин. Қарлығаш апай да көкеміз де сондай үлгі боларлық кисилер.

Пікір қалдырыңыз