Жылыжай жақтан не хабар?..

Аман Жайымбетов, «Ońtústik Qazaqstan».

Кешегі қаңтардағы қақаған суық біраз шаруаны шығынға батырып кетті. Ауа райының қолайсыздығына байланысты жылыжайдағы өнімдерді үсік ұрды. Енді оның шығынын қалай өтейміз? Сарышұнақ аяздың салдарынан шығынға батқан шаруаларға қандай да бір жеңілдіктер қарастырылған ба? 


Жалпы өңірдегі жылыжайлардың 94 пайызы қолдан жасалған жеңіл конструкциялы болғандықтан қалың жауған қардың салмағын көтере алмаған. Салдарынан 167 тауар өндірушінің 37 гектарды құрайтын жылыжайы жарамсыз күйге түскен. Ал, көмір тапшылығынан 9 гектарды құрайтын 3 өнеркәсіптік жылыжайдың өнімдерін үсік шалған.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржігіт Мырзахметовтің айтуынша, бүгінгі күні шаруаларға қолдау көрсетіп, көмек беру жұмыстары жүріп жатыр.

Мемлекет тарапынан жылыжай иелерінің қаржы ұйымдары алдындағы берешектерінің өтеу мерзімдерін ұзарту мүмкіндігі қарастырылуда. 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие беру жұмысы да зерделенеді. Жалпы басқарма тарапынан жылыжай шаруашылықтарын қолдау шаралары бойынша министрлікке нақты ұсыныстар жолданды. Оның ішінде жылыжай кешендерінде пайдаланылған энергия көздерінің (электр энергиясы, газ) 50 пайызын субсидиялау, жылыжайларға қажетті әлеуметтік көмір отынын ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы» АҚ арқылы мерзімінде тікелей жеткізу жолдарын қарастыру көзделген, – деді Нұржігіт Мырзахметов.

Түркістан облысында жалпы 1500 гектардан астам жылыжай бар. Бүгінде ол жерлерде қалыпты жұмыс жүргізіліп жатыр. Шаруалар қаңтар айында жауған қалың қар ақпанда да қайталанбаса екен дейді. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында қыс тағы «мінез» көрсететін болса қиналып қалатынын да жасырмайды. Өйткені, жылыжайды жылытатын қатты отын да қат дүниеге айналып, бағасы біршама шарықтап кеткен көрінеді. 

Пікір қалдырыңыз