Еріген қар мен жауын-шашын әп-сәтте «тілсіз жауға» айналып кетуі мүмкін

Аман Жайымбетов, «Ońtústik Qazaqstan».
Әр мезгілдің өзіне тән проблемасы болады. Жаздың күндері тіршілік көзінің тапшылығына байланысты проблема жиі айтылса, қысқа қарай керісінше, жауын-шашынның көп жауып, қардың қалың түсуіне байланысты арық-атыздардың ернеуінен асып төгіліп, өзен-көлдерге сыймай жататын топан суды қайда ағызарымызды білмей әлекке түсетініміз бар.
Суды тіршілік көзі, ырыс-несібенің бастауы десек те оны тиімді пайдалана алмасақ, әп-сәтте тілсіз жауға айналып шыға келетіні анық. Сол себепті көктемгі су тасқынының алдын алу үшін қазірден қамданып, арық-атыздар мен қашыртқыларды тазалаудың маңызы зор. Жалпы, біз үшін бірден-бір қауіпті саналатын Сырдария өзенінің төменгі жағындағы су қоймалары мен су реттегіштерінің бүгінгі жай-күйі қандай, тағы қанша су сыйдыра аламыз деген сияқты сауалдар бүгінгі ең өзекті мәселелердің біріне айналғаны рас. Қазіргі таңда осы проблемаларға байланысты облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен аудандарда қардың еруі мен жауын-шашынның салдарынан болуы ықтимал жағдайлардың алдын алу шаралары жедел қолға алынды. Су басу қаупі бар өзендердің жағалаулары мен сағалары анықталып, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Түркістан облысы аумағында жалпы 41 су қоймасы, 12 су торабы және 120 өзен бар. Төтенше жағдайлар департаменті мен жергілікті атқарушы органдар бірлесе отырып су тасқыны қаупінің алдын алу мақсатында бірқатар жұмыстарды қолға алды. Атап айтсақ, облыс әкімі тамыз-қыркүйек айларында бекіткен «2022-2023 жылғы күз-көктемгі су тасқыны кезеңінде тасқын суларды қауіпсіз өткізу іс-шаралар жоспары» және 33 іс-шарадан тұратын «2022-2023 жылғы қыс-көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындықты жүргізу бойынша атқарылуы тиіс инженерлік іс-шаралар жоспары» аясында жұмыстар жүргізілуде. Аталған өзен бойында тұрғызылған 97,5 шақырым қорғаныс дамбаларының жағдайы толықтай зерделенді. Сырдария өзенінен болатын қауіптің алдын алу мақсатында Шардара ауданы, Сүткент елді мекені тұсындағы ұзындығы 760, ені 6 метрді құрайтын, биіктігі 8 метр болатын қорғаныс дамбасын күрделі жөндеуден өткізу мақсатында 154 миллион теңге бөлініп, ол толық игерілді. Ал, өткен жылдың күзінде Сырдария өзенінен бастау алатын каналдардың тоспаларын бекіту, топырақпен нығайту жұмыстары қолға алынып, желтоқсан, қаңтар айларында толығымен аяқталды.
Түркістан облысының өңірлік коммуникациялар қызметі берген мәліметке сүйенсек, бүгінде Шардара су қоймасының толуы 82 пайызды құрап отыр. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,5 есеге артық екенін де айта кетейік.
Сондай-ақ, су тасқынының алдын алу жұмыстары аудандарда да қызу жүріп жатыр. Атап айтсақ, Келес ауданының орталығындағы ішкі көшелері қардан тазартылып, Келес өзені бойынан қашыртқы қазылды. Сондай-ақ, Ошақты ауылдық округінің Қоңыртөбе елді мекеніндегі қашыртқыларға механикалық тазарту жұмыстары жүргізілуде. Сайрам ауданындағы Ақарыс елді мекенінің су басу қаупі бар жерлеріне ауыл тұрғындарының есебінен және ауылдық округ әкімшілігінің ұйымдастыруымен 3 техника жұмылдырылып, ұзындығы 500 метр, ені 1 метр көлемде қашыртқы қазу жұмыстары басталды. Ауыл әкімінің айтуынша, су тасқынының алдын алу мақсатында 1 сусорғыш мотопомпа, 4 текше метр құм, 500 қапшық дайындалып қойылған. Бұдан бөлек, 1 экскаватор және 2 жүк тиегіш, инертті және басқа да қажетті құрылыс заттарымен қамтамасыз ету бойынша келісімшарт түзілген.
Ордабасы ауданындағы Қажымұқан ауылдық округінде арнайы техниканың көмегімен Ынталы ауылының су қашыртқысы тазаланып жатыр. Қараспан ауылдық округі, Ақпан ауылындағы арықтар, Қажымұқан ауылдық округі, Көктөбе елді мекеніндегі су басу қаупі бар аймақтар арнайы техниканың көмегімен тазаланып, «Теспе», «Бөржар» су қоймаларының жағдайы тұрақты бақылауға алынған.
Иә, сақтықта қорлық жоқ. Ауа райының жылынуына байланысты бүгінде қар еріп, өзен-көлдердегі судың көлемі біршама көбейетіні белгілі. Су көбейген сайын оның тасу қаупі де күшейе түседі. Сол үшін бұл мезгілде барынша сақ болып, сергек жүрген жөн.