Қар басқан аулада тығырықтан қалай шығуға болады?

Неліктен дәл аулада деп ойлайсыз ба? Себебі, көбіне тәжірибесіз жүргізушілер қыста қар басқан жолда емес, аулада тұрып қалып жатады. Себебі, аулада көлікті зақымдау ықтималдылығы да жоғары. Сонымен қатар, қазір көптеген жүргізушілер қыста көлік жүргізу жайлы ақпараттарды іздейді де, дәл осы аулада көлік басқару жағын ескере бермейді. Сол себепті де осы тақырыпқа қатысты кеңестерді ұсынып отырмыз. 

Газды қатты баспаңыз

Даңғыл жолда тез жүру үшін газды қатты басу қажеттігі айтпаса да түсінікті. Ал, қар басқан аулада бұл керісінше әсер етуі мүмкін. Әйтпесе, көлік қар құрсауында қалып, оны сүйреп, күрекпен астын тазалап әлек боласыз. Ең басты шешім – сүйреу емес, алға-артқа баяу қозғалыспен жүру. Алға жылжу кезінде дөңгелектің тайғанай бастағанын сезсеңіз, сәл артқа қарай жылжытқан дұрыс. Содан кейін қайтадан мұқият алға ұмтыласыз. Дөңгелектердің қарда құр айналып тұруын болдырмау үшін жүрісті екінші беріліс деңгейінде жасаған дұрыс. Өйткені, көлік доңғалағы қалың қарда неғұрлым тез айналса, соғұрлым қарды қазып, бос айналып тұра беру қаупі жоғарылайды. Бұл уақытында артқа шегініп, қайтадан алға жүру әдісін бірнеше рет жасағаннан әлдеқайда қиын. Сондай-ақ, мұндай проблемаларға мүлдем тап болмаудың бір амалы бар. Ол – қар басқан аумаққа көлікпен бармау. 

Рөлді оңға-солға бұрыңыз

Енді қар басқан аулада неліктен рөлді оңға-солға бұрып жүру керек дегенге келейік. Себебі, бұл әдіс қалың қар жапқан аулада алға қарай жүруге көмектеседі. Өйткені, қар біртекті болып көрінгенімен, әртүрлі деңгейде болады. Оның астындағы жол да әртүрлі. Сондықтан егер автомобильді тіке бағытта жүргізу қиын болса, осы әдісті қолданудан тартынбаңыз. Бұл сізге міндетті түрде көмектеседі. Қар басқан аулада рөл, газ бен тұрақ тежегішін ережеден тыс әрекетке де қолдануға болады. Ол тұрақтағы екі көліктің арасынан оңай шығуға көмектеседі. Бірақ, бұл әдіс мол тәжірибені қажет етеді. Әйтпесе, сіз ойлағандай болмауы мүмкін. Сонымен: тұрақ тежегішін іске қосып, рөлді берік ұстап, қажет бағытқа бұрасыз да, газды қатты басып қаласыз. Артқы дөңгелектер орнында қалады да, көліктің алдыңғы бөлігі жолға шығады. Бірақ, бұл әдіс алдыңғы дөңгелектері тартатын көліктер үшін ғана тиімді екенін ұмытпаңыз. Сондай-ақ, мұндай жағдайда тұрақ тежегішінің дұрыс жұмыс істейтіндігі өте маңызды. Олай болмаған жағдайда, алдыңызда тұрған көлікпен соқтығысасыз. Сонымен бірге, рөлді қатты бұрып тұрып газды бірден басу да көлікке зиянын тигізеді. Яғни, мұны тек төтенше жағдайда ғана пайдаланыңыз.
 
Тұраққа саналы түрде қойыңыз

Таңертең ауладан шығудың қиындығын жеңілдету үшін әрекетті тұраққа дұрыс қоюдан бастау қажет. Біріншіден, көлікті еркін жүре алатындай бос орынға қою қажет. Екіншіден, көлікті тар жол қалған жерге қоюға болмайды. Себебі, басқа көліктер де таңертең тайғанап, автомобиліңізге соқтығысып қалуы мүмкін. Мұны дер кезінде байқамасаңыз, көлікті өзіңіз жөндетуге тура келеді. Үшіншіден, көлікті аулаға үнемі келетін қоқыс таситын көліктің жолында қалдырмаған дұрыс. Жалпы, қоқыс жәшіктерінен аулақ болған абзал. Өйткені, қоқыс көліктері әрдайым жәшіктерді ары-бері қозғалтып жұмыс істейді. Бірақ, қаншалықты мұқият болатынын ешкім дөп басып айта алмайды. Төртіншіден, тұраққа тоқтамас бұрын, қар басқан жерге алға-артқа жүріп, із салып қойыңыз. Әйтпесе, көлік тұрған жердегі қар еріп, таңға дейін мұз болып қатуы әбден мүмкін. Бесіншіден, көлік доңғалақтарының ойықтарға тура келмеуін бақылау қажет. Бұл жағдайда да дөңгелектер мұзға айналған шалшықпен бірге қатып қалуы ықтимал. 
Пікір қалдырыңыз