Cаладағы өзекті мәселелер талқыланды

Ысқақ САДЫҚ, «Ońtústik Qazaqstan».

Ботаника – қазіргі уақытта көпсалалы ғылымға айналып отыр. Ол агрономия, топырақтану, орман шаруашылығы, геология, химия, зоология, өсімдіктердің физиологиясы, өсімдіктердің биохимиясы және биологиялық математика секілді ғылымдармен тығыз байланысты. Осы ретте Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде «Жаңа Қазақстандағы заманауи ботаника ғылымының басым бағыттары – идеялардан нақты істерге» атты республикалық «Дөңгелек үстел» мәжілісі өтті.

Аталған іс-шараға Алматы, Астана, Ақтөбе, Ақтау, Шымкент, Тараз, Қызылорда қалалары мен басқа да өңірлерден жиналған академиктер, ғылым докторлары, ғылым кандидаттары, философия докторлары (РhD), ботаник ғалымдар, биологтар, экологтар, магистрлер мен аспиранттар қатысты. 
Жиынды ХҚТУ ректоры Жанар Темірбекова және ректор өкілі Пеями Баттал ашып, іс-шараның маңызына тоқталды. Жиын барысында тақырыпқа негіз болған «Қазақстан өсімдіктерінің анықтағышы» кітабының І томы, сонымен қатар «Асыл ағаш, асыл шөп» сериясының алғашқы томы таныстырылып, тұсауы кесілді. 
Екі күнге созылған «Дөңгелек үстел» мәжілісі аясында ботаника ғылымының маңызы мен орны туралы пікірталас алаңы ұйымдастырылып, қатысушылар өзара ой-пікір алмасты. 
Басқосу соңында шешім әзірленіп, жасалған тұжырымдар мен ұсыныстар Ғылым және жоғары білім министрлігі мен тиісті мемлекетттік органдарға жолданды.
Сонымен қатар жиында жер ресурстарын дұрыс пайдалану, жайылым мәселелері әңгіме аққауына айналды. Сондай-ақ, ғалым Гүлмира Қалмашқызы ботаника және экологиялық мәселелерге тереңірек тоқталса, академик Әлихан Мелдебекұлы көптің көкейінде жүрген сауалдарға жауап берді. Жиында өсімдіктанумен, ботаникамен тікелей айналысатын білікті мамандардың азайып бара жатқандығы жөнінде де айтылды. 
Пікір қалдырыңыз