Көкөністі көбейтуді көздеп отыр

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Ауыл шаруашылығы субьектілерін, бизнес өкілдерін қолдай отырып, баға тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы үш жылда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін түбегейлі шешуді міндеттеген болатын. Осыған орай Сарыағаш ауданында Түркістан өңірінде ерте пісетін көкөністерді өзге облыстар мен қалаларға жөнелтуге форвардтық келісімшарт жасақтау жөнінде көшпелі жиын өтті. 

Көшпелі жиынға ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі егіншілік депарментінің мелиорация басқармасының басшысы Медет Жәдігер- ұлы, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржігіт Мырзахметов, «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Файзулла Байдуллаев, облыс және облыстық маңызы бар қала әкімдерінің салалық орынбасарлары, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялары, қаржы мекемелері, ауыл шаруашылығы саласының өкілдері, ірі сауда желілерінің басшылары және кәсіпкерлер қатысты.
Жиында Түркістан облысының ауыл шаруашылығы саласын дамытуда еліміздегі ең қолайлы өңір екені айтылып, мүмкіндіктері сараланды. Мұнда көкөністер басқа өңірлерге қарағанда 1,5-2 ай бұрын жиналады. Жылдық тұтыну нормасына сәйкес облыс халқы картоп, сәбізбен 1,5 есе, пиязбен 4,4 есе және қырыққабатпен 6,6 есе қамтамасыз етіледі. Яғни облыс диқандарының республика халқын әлеуметтік маңызы бар ерте пісетін картоппен, пиязбен, сәбізбен қамтуға толық мүмкіндігі бар.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру аясында биыл Түркістан өңірінде ерте пісетін картопты 9,02 мың гектарға, пиязды 2,0 мың гектарға, сәбізді 1,24 мың гектарға және қырыққабатты 7,54 мың гектарға егу жоспарланған. Яғни, 186,3 мың тонна картоп, 55,5 мың тонна пияз, 30,4 мың тонна сәбіз және 187,2 мың тонна қырыққабат жинау көзделіп отыр.
Көшпелі мәжіліс барысында облыс әкімдігі мен облыс және облыстық маңызы бар қала әкімдіктері арасында ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу жөніндегі өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Осы тұрғыда облыс әкімдігі тарапынан ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне көктемгі дала жұмыстарына берілетін жеңілдетілген несие көлемін ұлғайту жөнінде ұсыныстар енгізілді.
Пікір қалдырыңыз