Банкроттық борышкерге не береді?

Баршаға белгілі, 2022 жылғы 22 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заңға қол қойды. Аталған заң ресми жарияланғаннан кейін 60 күн өткен соң күшіне енеді. Атап айтқанда, биыл 3 наурыздан бастап елімізде жеке тұлға банкрот болуға өтініш бере алады. Қаржы министрлігінің мәлімдеуінше, аталмыш заң аясында банкроттықты рәсімдейтіндердің жалпы саны 1 миллион 170 мыңнан асуы мүмкін. Олардың 1 миллион 40 мыңы соттан тыс, ал, 36 мыңнан астамы немесе 40 мыңға жуығы сот банкроттығына жүгінуі мүмкін. Әрине, бұл әзірге болжам ғана. 
Азаматтар «жеке тұлғаның банкроттығын» қолдану үшін оның үш түрлі нұсқасының бірін ғана таңдай алады. Біріншісі – соттан тыс банкроттық, екіншісі – сот банкроттығы және үшіншісі төлем қабілетін қалпына келтіру. Енді олардың әрқайсысына жеке тоқталайық.

Ортақ меншіктегі мүлкі болмауы тиіс

Сонымен, соттан тыс банкроттық. Егер банк, микроқаржы ұйымы, коллекторлық агенттіктер алдындағы берешегі 1 600 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) аспаса (5 миллион 520 мың теңге), жеке тұлға соттан тыс банкроттықты пайдалана алады. Бұл үшін қарыз алушы мына талаптарды сақтауға тиіс:
Атына тіркелген, ортақ меншіктегі мүлкі болмауы керек. Өтініш берілген күні қатарынан 12 ай ішінде ол кредиторлар мен коллекторлардың алдындағы міндеттемелері бойынша төлем жасамаған болуға тиіс. Мерзімі өткен берешек туындаған уақыттан бастап 18 айдан аспайтын мерзімде борышкерге қатысты кредиттік шарт бойынша орындалмаған міндеттемелерді реттеу немесе өндіріп алу жөніндегі рәсімдер жүргізілген болуы тиіс.
 
3 наурыздан өтініш береді

Соттан тыс банкроттыққа жеке тұлғалар өтінішті биылғы 3 наурыздан egov порталы арқылы бере алады. Өтінішке кредиторлардың атауын, берешек сомасын, орналасқан жерін көрсете отырып, кредиторлардың тізімін, борышкердің банктік қарыз шартын және микрокредит беру туралы шарт бойынша берешекті реттеу және өндіріп алу шараларын қабылдағанын растайтын құжаттың көшірмесін қоса ұсынады.
Екінші, сот банкрот деп жариялаған жағдайда бұл рәсімді қарызы 1 600 АЕК-тен (5 миллион 520 мың теңге) асатын азаматтар қолдана алады. Бұл банкроттықты таңдаған борышкерге тиесілі мүлік сауда-саттық кезеңінде сатылуға қойылады. Борышкердің жалғыз баспанасы кепіл нысанасы саналса, онда кредитор оны алып қояды. Өтелмеген соманың қалғаны есептен шығарылады да қарызын өтеген болып шығады. Сондықтан жылжымайтын мүлік жайлы ақпаратты жасырмай, жалған ақпарат ұсынбау керек.
 
Банкроттықты өткізу мерзімі – 6 ай

Мұндай жағдайда азаматтар өтінішті ағымдағы жылдың наурыз айында тұрғылықты жері бойынша сотқа бере алады. Банкроттық үдерісін өткізу мерзімі – 6 ай. Қажет болған жағдайда оны тағы 6 айға ұзарта алады. Сонымен, өтінішке қоса берешек сомасы мен олардың туындаған күні, тұрғылықты жері мен орналасқан мекенжайы, электрондық мекенжайы және байланыс телефоны, барлық кредиторлар мен дебиторлардың тізбесі, банкрот деп тану туралы өтінішпен жүгінуден алты ай бұрын жасалған бағалау туралы есепті қоса беру арқылы борышкер мүлкінің тізімдемесі, борышкердің банктік қарыз шарты және микрокредит беру туралы шарт бойынша берешекті реттеу шараларын қабылдағанын растайтын құжаттың көшірмесі айқын көрсетіліп, қоса беріледі.

5 жыл бойы несие алмайды

Сонымен банкроттық бізге не береді? Ол – игілікті іс емес. Соттан тыс және сот банкроттығын қабылдаған азаматтар «қара» тізімге ілінген клиент сияқты 5 жыл бойы несие қарызын және микронесие рәсімдей алмайды. Тек 7 жыл өткеннен кейін ғана қайта банкрот болуға өтініш беруге құқылы. Оның үстіне банкрот болған азаматтың қаржылық хал-ахуалына 3 жыл бойы арнайы мониторинг жасалады.

Бұл – қарызды кешіру ақциясы емес!

Ал, төлем қабілетін қалпына келтіруші жеке тұлға қаржы ұйымы алдындағы берешегін бес жыл мерзімге бөліп төлеп, төлем қабілетін қалпына келтіре алады. Үдеріс сот арқылы жүзеге асады. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге өтініш беруді жоспарлаған борышкер үшін жалғыз ғана шарт бар – борыш мөлшері қарыз алушыға тиесілі мүліктің құнынан аспауы керек. Қалпына келтіру жоспары қаржы басқарушысымен бірге әзірленеді және сотта бекітіледі. Қалпына келтіру шаралары мүліктің бір бөлігін сату, мүлікті жалға беру, жаңа үй сатып алу арқылы тұрғын үйді сату, құны төмен тұрғын үйге айырбастау және басқа да шараларды қамтуы әбден мүмкін. 
Жалпы азаматтарды банкрот деп тану қарызды кешіру акциясы емес. Сондықтан оны дұрыс түсініп алуға тиіспіз. Әрине, банкроттыққа адам еріккеннен бармайтыны рас. Дей тұрғанмен, әркімнің басында түрлі жағдай кездеседі ғой. Ең дұрысы, банкроттықа жеткізбей, төлем қабілетін жақсартуға  қадам жасаған жөн. 

 Сіз не дейсіз?

Саттар ҚУАШБАЙ, экономика ғылымдарының кандидаты, Түркістан облысының құрметті азаматы, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері:  

 – Ол ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған. Заңда азаматтар мен қаржы ұйымдарының құқы бірдей ескерілген шығар деп есептеймін. Сарапшылар Заң жобасын талқылауда мұны жете ескерген болуы тиіс. 
Бұл – қоғамдағы өзекті мәселе. Банкрот – азаматқа берілген бәрін қайта бастау мүмкіндігі, өмір бойы борышкер болып жүруден шығудың жолы. Мемлекет борышкерді қарызынан бір рет құтқарып, қателелікті қайталамауға, әрбір қадамды аңдап басуға жәрдем береді. Уәкілетті органдар қарызданушының да, кредиторлардың  да мүддесіне нұқсан келмеуін мұқият қарау қажет. Қос тарап та біздің қоғамның мүшелері. 
Бүгінде алаяқтықтың жүрмейтін жері жоқ. Әсіресе, банкроттық кезіндегі жауапкершілікті күшейту қажет. Біздегі көп адамдардың атында ештеңе жоқ. Лауазымы жоғары шенеуніктердің атында ештеңе тіркелмеген. Бәрі әйелдерінің, ұл-қыздарының, туысқандарының атына жазылған.  Басында хан сарайындай коттеджі, астында құны қымбат шетелдік автокөлігі бар кейбір пысықтар кедей жандардың нәсібесіне жармасып, ұялмай атаулы әлеуметтік көмек алған жағдайлар да болған жоқ па?! Мұндайлар қалада да, ауылда да аз емес. Уәкілетті орган банкроттықтан кейін 3 жыл бойы жеке тұлғаның қаржылық жағдайына салық декларациясының деректері негізінде мониторинг жүргізіп отырса, нұр үстіне нұр! 

Бердіғали  ӨМІРӘЛІ, Түркістан облыстық кәсіподақтар аумақтық бірлестігінің төрағасы:
– Бұл заңның бір дұрыс жері – банкрот болып табылған адам 5 миллион теңгеден астам қарызынан құтылады. Біле білсек, бұл үлкен жеңілдік! Мемлекет ондай санаттағы адамдарды бір рет құтқарады. Бірақ, несие тарихы бойынша олар «қолайсыз» клиент ретінде жазылады. Бес жылға дейін кредит рәсімдей алмайды. Бір жағынан бұл да дұрыс. Төлей алмайтын болса, несие алып не қылады? Қоғамға осындай борышкерлер керек пе? Әрине, мемлекет жоқшылыққа ұшыраған азаматтарды назардан тыс қалдырмайды. Ал, «жөнсіз» масыл адамдарды асырауға міндетті емес. Сондықтан несие аларда ойланып барып алмаса болмайды. Заң есеп-қисап жағына әрбір адамның сауатты болуына көмектеседі. Борышкерлер шетелдерге шыға алмайды. Дұрыс шешім. Есепшотында қарызы жоқ, жағдайы бар дәулеттілер де мұндай мүмкіндікке ие бола бермейді. Өйткені, талап күшті. Барлық өркениетті елдерде заң баршаға бірдей. Бізде де солай болуы тиіс.

 С.МӘТҚАЛИҰЛЫ.
Пікір қалдырыңыз