«Қой баққанның бағы бар...»

Несін жасырамыз, бүгінде ғаламтордан жылдам ақпарат алып үйренген баланы кітап оқуға құмарту оңай болмай тұр. Былтырғы жыл балалар әдебиеті жылы деп жарияланғанымен, оның нәтижесі қалай болды деген сұраққа жауап беру қиын. Жалпы қазақ әдебиетінде мәселе шаш-етектен. Десек те, бірінші кезекте балалар әдебиетіне назар аудару қажет. Өйткені, зейінді ұрпақты былдырлап тілі шыққаннан бастап тәрбиелейміз. Соған келгенде кемшін түсіп тұрған тұсымыз жетерлік. Балалар қаламгерлеріне мемлекет тарапынан жасалынып жатқан жағдай да көңілді көтере қоймайды. Әйтпесе, еліміздің түкпір-түкпірінде балалар әдебиетіне үлес қосып жүрген ақын-жазушылар жоқ емес қой. Біздің «Ауылдағы ақындар» деп аталған жаңа айдарымыз осындай қаламгерлерді елге танытуға бағытталмақ. Оның шымылдығын Сайрам ауданы Құтарыс ауыл округіне қарасты Құтарыс елді мекенінде тұратын ақын Айтбозым Мұратбековтың шығармашылығымен ашпақпыз. 

Айтбозым Мұратбеков 1958 жылдың 28 шілдесінде дүниеге келген. Оның мамандығы – суретші. 1975 жылы мектепті бітіргеннен кейін Шымкенттегі педагогикалық институтқа оқуға түсіп, «Көркемсурет-графика» факультетін бітірген екен. Демек, біздің кейіпкерімізді сурет салу өнерімен қатар жеткіншектердің рухани тәрбиесі жолында тер төгіп келе жатқан шығармашыл жан деуге болады. 
– Мен бала күнімнен әдебиетке құмартып өстім. Тырнақалды туындыларым өңірлік, республикалық газеттерде жарық көрген болатын. Әлі де басылым беттеріне шығып тұрады. Дегенмен, мені соңғы уақытта мына бір жәйт толғандыра бастады. Қазір немерелерім балабақшаға барып жүр. Тәрбиешілері оларға ұйқасы келіспейтін, жатталуы қиын өлеңді береді. Ал, оны онсыз да бір орында тыныш тұрмайтын «мынаны көрсем, мынаны алсам» деп жан-жағына ұмтылып тұрған баланың назарын өзіңізге аудартып жаттатып көріңіз, сосын. Шығармашылығымды балалар әдебиетімен ұштастыруыма осы жағдай себеп болды, -- дейді Айтбозым Мұратбеков.
Айтбозым ақын балаларға арналған өлеңдерін жан-жануарлармен, жәндіктермен байланыстырыпты. «Бала кезде өзіміз де алдымен жан-жануарларды, айналамызды тануға қызығып тұратын едік қой. Бүгінгі өспірімдер де солай деп ойлаймын. Әрі мұндай өлеңдер олардың танымын оята түседі», – дейді кейіпкеріміз. Айталық, «Балық» деген өлеңі: 
«Суда өсіп-өнеді,
Суда жейтін қорегі.
Желбезегі желпілдеп,
Судан шықса өледі.
Алуан түрлі балықтар,
Біздің көлде анық бар. 
Түсін түстеп оларды,
Атам ғана анықтар», – деп келеді. 
Ал, «Есікті ашсаң біледі,
Дереу ішке кіреді.
Өз үйіндей сайрандап,
Емін-еркін жүреді.
Етке қонар быжылдап,
Сүтке қонар быжылдап.
Тез-тез шықпасаң,
Мазаңды алар ызылдап» деп келетін «Шыбын» деген өлеңі де көпсөзділіктен ада, жұп-жұмыр. Одан бөлек «Ара», «Жауынқұрт», «Сарышұнақ», «Кене», «Қой, «Бүркіт», «Піл», «Бөрі» деген өлеңдері де жинақы, алшысынан түскен асықпай. Айтбозым ақынның әр өлеңін бүгінгі баланың қолына асық деп ұстатсақ, олар өскенде Отанға, елге, жерге қызмет ететін азамат болып қалыптасады. Мақаламыздың соңында өлеңнен өрнек өрген қаламгердің жоғарыда аты аталған өлеңдерін оқырман назарына ұсынуды жөн көріп отырмыз. 

Ара 

Шағып алды ара кеп, 
«Жан-жағыңа қара», – деп. 
Менде қандай өшің бар, 
Әй, түйсіксіз қара бет. 
Көрсеттің ғой күшіңді, 
Шаққан жерің ісінді...
Мен де қарап қалмас ем, 
Білсем осал тұсыңды. 

Жауынқұрт 

Кіммен, қайда тұрады,
Маған жұмбақ тұрағы. 
Жаңбыр жауса жыбырлап, 
Жер бетіне шығады. 
Жоқ абырой, атағы, 
Жоқ біреумен шатағы.
Жаңбырдан соң әр жерде,
Ширатылып жатады. 

Сарышұнақ

Сары десе сарысың, 
Ал шұнағың қай таңым.
Қыр басында қақшиып,
Тұрғаныңды байқадым. 
Білмей жолдың төтесін, 
Қалай қуып жетесің.
Жақындасам – жал беріп,
Інге кіріп кетесің.
Көрсем деп ем дұрыстап, 
Қолдарыма бір ұстап.
Хабар беріп қойдыңдар,
Бір-біріңе дыбыстап. 
Мүмкін емес жақындау, 
Бұлар бізден ақылды-ау. 
Кеше ұстай алмап ем, 
Бүгін тағы қатырды-ау. 

Кене

Масадан сәл ірісің,
Қансорғыштың бірісің.
Қайдан келдің жылмаңдап,
Жайсыз екен жүрісің.
Қайда беттеп барасың, 
Кімдерде бар аласың. 
Бір-бір сүзіп шықтың ба, 
Көршілердің қорасын.
Жанкешті, сұм кенесің,
Қамсыз жатсам төнесің. 
Қарсы шықсам қаймығып, 
Көрсетпейді төбесін. 

Қой

Қарасы бар, көгі бар,
Қызылы бар, ағы бар.
Сұрастырсаң ауылдан, 
Әрбір үйден табылар. 
Еті тамақ жесеңіз,
Жүні жұмсақ төсеніш. 
Сауып алсаң бір мезгіл, 
Сүтке толар кесеңіз. 
Өзі жуас жануар,
Қозылары тағы бар...
Ортаймайды ырысы, 
Қой баққанның бағы бар. 

Бүркіт

Бітпей тартыс-тіресің, 
Жеке, дара жүресің.
Ту биіктен шүйлігіп,
Жемтігіңді ілесің. 
Жалғап ұрпақ өрісін,
Таптың ғажап келісім. 
Жаз ба, күз бе, көктем бе, 
Айырма жоқ сен үшін. 
Осы жерде туылдың,
Осы жерде өлесің. 
Тіршілігің –тағдырың,
Дегеніне көнесің. 
Қаныңда бар тектілік,
Бойында бар ептілік.
Сені босқа қолына, 
Қондырмаған Көк Түрік!

Піл

Күн көрісі қалыпты,
Болмаған соң арыпты.
Жанға жайлы жер іздеп,
Жылы жаққа барыпты.
Сонда ғұмыр кешеді,
Ұрпақ жалғап өседі.
Кең сахара мекені, 
Қолайлы жер төсегі. 
Салтанаты сәні бар,
Бұл бір алып жануар.
Біздің елден іздесең,
Зообақтан табылар. 

Бөрі

Қақаған қыс ақпанда,
Жортып келе жатқанда.
Жазатайым, құрылған, 
Түсіп қалма қақпанға. 
Кім қияды жан шырын,
Көзіңде қап тамшы мұң. 
Ажал құшпа атылған, 
Мылтығынан аңшының.
Саяқ жүріп, түзде өскен, 
Аңдап басып, із кескен. 
Ұрымтал сәт келгенде,
Жемтігімен жүздескен. 
Аты шулы бөрісің,
Жапан дала өрісің...
Батылдығын  үшінде,
Құрметтеймін сені шын. 
Айтбозым ақын үшін кішкентай оқырмандарының ризашылығын сезінуден асқан бақыт жоқ. Сондықтан, жыр шумақтарын балаларыңызға, немерелеріңізге жаттата жүріңіздер! 

Дилара БИМЕНОВА.

Пікір қалдырыңыз