«Бізге жарнама жағы жетпей тұр»

Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің  «Экология» ғылыми-зерттеу институтын 2008 жылдан бері техника ғылымдарының докторы, профессор Аманкүл Жақанқызы Ақбасова басқарып келеді. Институт ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің табиғи ресурстарды қорғау және пайдалану қызметтеріне қатысты жұмыстар жүргізуге мемлекеттік лицензиясын (01234Р №0042385) алды. Қазіргі уақытта зертхана сапа менеджменті жүйесі бойынша әр бес жылда аккредиттеуден өтуде.
  Профессор Аманкүл Ақбасова бізге институттың тыныс-тіршілігі, ондағы жұмыстың жай-жапсары  туралы айтып берген-ді.

 «Экология» ғылыми-зерттеу институтының (бұдан әрі – ҒЗИ) басты мақсаты – биосфера нысандарына түсетін антропогендік қысым деңгейін төмендете алатын, өндіріс қалдықтарын өңдеу мен іске асыруға бағытталған экологиялық тұрғыдан тиімді технологияларды жасау және оларды өндіріске енгізу. Табиғи материалдар және антропогендік қалдықтарды өңдеу арқылы алынған белсенді заттар мен басқа да өнімдерді пайдаланып, жаңа геохимиялық кедергілер, ремедиция әдістері арқылы ластанған экожүйелерді залалсыздандыру мен зарарсыздандырудың экологиялық және экономикалық тұрғыдан  тиімді технологиясын жасау. 
Біз гранттық қаржыландыру негізінде Түркістан–Кентау–Отырар аймағы бойынша қатты тұрмыстық және өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу арқылы екінші реттік шикізаттық және тауарлық өнімдерді алудың экологиялық үйлесімді және тиімді технологиясын жасау және оны  ендіру  жобасын жүргізіп келеміз» дейді Аманкүл Жақанқызы. 
Институттың лабораториясы – ҒЗИ үшін маңызды критерийлердің бірі.  Институт  2018 жылы ҚР Ғылым қорының 100 млн. теңге көлемінде грантын жеңіп алған, бұған қосымша университет тарапынан  20 млн. теңге көлемінде қаржы бөлініп, «Экологиялық бақылау және химиялық талдаулар» лабораториясын ашты. Бұл – университеттегі патенттелген жалғыз лаборатория. «Өңіріміздегі ЖОО-ларда мұндай лабораториялар жоқ» дейді ғалым.
Біз институт директорынан ҒЗИ-да теориялық және тәжірибелік жұмыстар нәтижесінде жүзеге асқан ғылыми еңбектер жайлы сұрадық.
– Жоғары сапалы вермикомпост және калифорниялық құрттардың биомассасын алудың әлемдік деңгейдегі жылдамдатылған әдісі негізінде жетілдірілген вермитехнологиясын жүргіземіз. Соның нәтижесінде химия өнеркәсібінің күкірт-перлит құрамдас қалдықтары мен ауыл шаруашылығының қалдықтарынан бірқатар құрылыс материалдарының рецептуралары жасалынды (ҚР инновациялық патенті алынды, құжат №30232, жариялану күні 17.08.2015ж., Еуразиялық патент №201500458/26, ЕАПО).
«Вермитехнология – биотехнологияның бір бағыты. Вермитехнологияда ауыл шаруашылығы қалдықтарын, малдың қиын, өсімдіктердің шірінділерін араластырып, ферментациядан өткізіп, оған қызыл калифорниялық құрттарды жібереді. Процесс нәтижесінде биомасса өндіреміз. Ол биомассаны түрлі мақсатта пайдалануға болады. Атап айтқанда, фармация өндірісіне, ауыл шаруашылығы саласына қолдана аламыз. Антибиотик ретінде мал азығына қосуға болады. Сонымен қатар, бұл препарат өсімдіктердің жақсы өсуіне және мұнаймен, ауыр металдармен және басқа да экотоксиканттармен ластанған топырақтарды детоксикациялауға жағдай жасайды. Яғни ауыл шаруашылығының экологиялық таза өнімдерін алуға мүмкіндік береді. Бұл препаратты жан-жануарларға ғана емес, адамға да қолдануға болады. Алайда, оған рұқсат алу керек. Оны өндіріске ұсыну үшін  рұқсатнама алу өте машақатты жұмыс болып тұр. Сол себепті біз мұны әзірге жануарларға ғана қолданып отырмыз» дейді ғалым (Бұл да патенттелген препарат: («Препарат для лечения трихофитии животных». Авторы: Акбасова А.Д., Саинова Г.А., Аймбетова И.О. Патент на изобретение №32326. Опубл. 31.08.2017). 
ҒЗИ кейінгі үш жылда Ғылым қорының коммерцияландыру бағыты бойынша берілген ғылым грантын жеңіп алып, бірқатар жұмыстар жүргізіп келеді. Айталық, бүгінде «Қызыл калифорниялық құрттардың дәрумендендірілген биомассасы мен ақуызды азықтық вермиқоспаларды гранула түрінде өндіру» жобасы қолға алынды. Қазір қор тарапынан берілген қаржы игеріліп, патенттелген заманауи өндірістік цех жүйелі жұмыс істеп жатыр. Институт биогумус, азықтық қоспа өндіруде.
– Келісімшарт бойынша жұмыс істеп, өнімдерімізді нарыққа шығарып, содан қаржы табуға болады. Иә, бұған дейін біз сатуды жолға қойған едік. Қазір ол тоқтап тұр. Бұрын жақсы өтті. Себебі, бұрын азықтық қоспаның келісі 400 теңге болатын, қазір 780 теңгеге дейін көтеріліп кетті. Соған байланысты оның да бағасы өсті. 
Биогумус – жерді өңдеуге пайдаланылады, сондай-ақ, егістік жерлерге тыңайтқыш ретінде пайдаланылады. Азықтық қоспаға қарағанда нарықта биогумуске  сұраныс көп. Бірақ, бізде мұны да ұйымдастырып, жарнамасын келістіріп сату жағын ұйымдастыратын маман болмай тұр. Отырар ауданымен көгалдандыру-абаттандыру жұмыстары бойынша келісімшартымыз бар. Қазір олардың топырағын, суын зерттеп жатырмыз. Алдағы уақытта ағаштарды егетін кезде биогумусты пайдаланып көреміз. Сол себепті, әзірге азын-аулақ көлемдегі сұраныстарға қызықпай, өнімімізді өзімізде ұстап отырмыз»  дейді Аманкүл Жақанқызы.  
 Институт сондай-ақ, биоорганикалық және  мелиорантты тыңайтқыштар секілді өнімдерді де шығарады. Жаңақорғандағы Күкірт қышқылы зауытымен («СКЗ-U» ЖШС) 2012 жылдан бері бірлесіп, жүйелі  жұмыс істеп келеді. Атап айтқанда, зауыттың қалдықтарын кәдеге жаратып, утильдеу жүргізеді. Тыңайтқыш миллерантын алады.  Күкірттің перлитті қалдығы өте пайдалы. Оны сумен, әкпен бірге қайнатып, ағаштарды күтіп-өңдейтін күкіртті-әк тұнбасын  жасайды. Ол тұнба университеттің  Ботаникалық бағындағы, университет кампусындағы ағаштарды түрлі аурулар мен зиянкестерден қорғауға, күтуге арналған ерітінді ретінде пайдаланылады. Ғалымның айтуынша, сарғайған, зиянкестерден зардап шегіп «ауырып қалған» ағаштарды сол ерітіндімен өңдеп-емдеп, қалпына келтіруге болады.
– Институтта жүргізілген зерттеулер өндіріске енгізіліп, практикада қолданылуда. Бізге сұраныс егіс және бау-бақша шаруашылығы бойынша жиі түседі. «Жақсы екен, тиімді екен, бірақ ақшамыз болмай тұр» деп азын-аулақ алып кетеді. Егер де осы өнімдерімізді сату, шаруашылықтарға арзандау бағада жеткізу үшін бізге мемлекет тарапынан субсидия берілетін болса, ол жан-жақты тиімді болар еді. Азықтық қоспамыздан әзірге 2 тонна дайын өнім бар, – дейді ғалым. 
Бүгінде институтта жүргізген екі жоба бойынша биогумус және азықтық қоспа өндіріліп жатыр. Екеуі де ауыл шаруашылығы өндірісі үшін өте пайдалы дүниелер. Сонымен қатар, институт ғалымдары Жаңақорғандағы Күкірт қышқылы зауыты («СКЗ-U) мен Ащысай түсті металл комбинаты қалдықтарын пайдалана отырып, түрлі декоративті құрылыс материалдарын жасап шығарды. 
– Университеттің бас ғимарат  алдындағы алаңқайға төселген плиталар да  ғылыми қызметкер Дилара Әзиханованың магистрлік диссертациялық еңбегінің нәтижесі. Ол плиталар  институттың зертханасында жасалып, патенттелген. Міне,  осының бәрі институт мамандарының ізденісі. Жақында олар жүргізген жобалар бойынша еңбектер баспадан шықты. Сол зерттеу жұмыстарының  нәтижелерін өндіріске енгізіп жатқан жайымыз бар, – дейді сұхбаттасымыз.
Институт көбіне келісімшартпен жұмыс істейді. Осылайша қаржы мәселесін шешуге тырысады. Көгалдандыру жұмыстарына қатысты зерттеулер мен талдаулар жасайды. Облыс көлемінде көгалдандыру жұмыстарына жарияланған 47 млн. теңге көлеміндегі тендерді жеңіп алды.
– Біздегі басты проблема – ғылыми-өндірістік зерттеу нәтижелері бойынша   шығарған өнімдерімізді, зерттелген технологияларымызды  жарнамалап, сату жағын жолға қоятын мамандардың жетіспей тұрғандығында. Өндіріске енгізілген зерттеу жұмыстарымыз бар, цех жұмыс істеп тұр, тек коммерцияландыру жағы ақсап тұр, – дейді Аманкүл Жақанқызы.
                                                       
Әтіргүл ТӘШІМ. 
Түркістан қаласы.
Пікір қалдырыңыз