Анама хат (эссе)

Кешегі қыркүйек айы жылы, жанға жайлы өтті. Аздап қана таң-алагеуімде күз салқыны сезілгенімен, өңменіңнен өтіп кететін суық жел биыл байқалмады. «Қыркүйек» атауының шығуы туралы ел ішінде әңгіме көп. Соның ішінде шопандар қойдың төлдеуін жылдың жылы мезгіліне жеткізу үшін күз түсер-түспес қошқарларға ішіне тары салып, күйек байлап қояды. Күйектi аларда оның төрт жағына байланған жіптің бiр шетiн ағытып жiбередi де, «тарыдай көп болсын!» деп әйелдер аузына тары уыстап салады. Сол тарының бiр ғана дәнiнен отыз-қырық мың дән өнiп шығатын болған. Қой осы уақытта қашып, мал көктемге таяу төлдеп, шығын аз болған, ал, ерте қашқан мал суыққа ұрынып қоздап, көбінде төлі қырылып қалады, не іш тастап қояды. Бұл айда қырдағы малдар жазыққа әкелінеді. Қошқарлардың күйегі алынатын айдың қыркүйек аталуы сондықтан деген әңгіме бәрінен қисынды көрінеді.
Сүмбіле жұлдызы жазда көзден ғайып болады да қыркүйек айының орта тұсында ғана көрінеді. Сүмбіленің тууы қыстың жақындап қалғанының белгісі. Қыркүйек айының осындай табиғи ерекшеліктері бар. 
Жалпы, қазақ қыркүйек айын «жылдың ымырты», «сағыныш айы» деп те атайды. 
Сағыныш дейтін себебі, күзде тыраулап тырналар қайта бастағанда олар сағыныштарын қанаттарының сусылымен ұқтырып, мұңды дауыс шығарады. Жылдың осы мезгілінде ылғи кішкентай қыздар жиналып, күншуақта шекемтас ойнайтынбыз. Баламысың деген, ойынға тоймайтын тәтті кез, қарнымыз ашқанша ойнай беретінбіз. Кейде әжелеріміз жұмсайтын адам таппай қалса, шыбығын алып үйді- үйге қуып тығатын. Онымен бізді шыбықтап жатқан әжелер жоқ, тек доқ көрсету. «Тұқымың жайылғырлар, әлі отырсыңдар ма, одан да барып жүн түтіңдер, моншақ берем» деп ұрысқан болатын. Кейде аспанда қаз-қатар сап түзеп ұшқан тырналарды көре қалсақ, орнымыздан жапатармағай үдере тұрып, «Жаз өмірін, мәз өмірін қысқартып, Бара жатыр, бара жатыр құс қайтып» деп әндететінбіз. Тырналардың көк аспанда сән түзеп ұшқаны, салған суреттей сызылған жанды көрінісі бәрімізге керемет әсер қалдыратын. Тырналар тобы бала көңілімізге аспанда билеп жүрген балериналар секілді әсер қалдыратын. Тырналар алты ай жазын өткізген жерді, тау мен тасты, өзен мен көлді, сай мен саланы қимаса, ол тырналарды біз қимай, көзден ғайып болғанша соңдарынан тапжылмай қарап тұратынбыз. Құс сағынышы мен бала сағынышы қосылып, әлем мейірімге шүпілдеп толатын. «Тырна төмен ұшса – қыс жылы болады, жоғарылап ұшса – қаңтар қаһарлы, ақпан ашулы болады» деп болжайтын үлкендер. 

***

Бүгін қыркүйектің жиырма үші. Анашымның төсек тартып жатқанына үш айдың жүзі болып қалды. Үшінші күн тамаққа тәбеті тартпай, сұлық жатыр. Күнде түскі үзіліс кезінде кіріп шығатын әдетім. Бүгін біржолата қонуға барайын деп шештім. Түс ауа салысымен өз-өзімнен шыдамсызданып, дегбірсіздене бердім. «Күн батпай анашыма баруым керек» деп қайта-қайта қасымдағылардың мазасын алдым. Жолда келе жатып ініммен сөйлескенімде бірқалыпты деген. «Сонда да қантын тексеретінді ала салшы, дәріханаға соғып» деді. Екі-үш дәріханаға кіріп, біраз жүріп қалдым. Таптым-ау, әйтеуір. Асығып-үсігіп келеміз. Анашымның «Үйге қарап жүгірген жаман болады» деген сөзі есіме түсіп, жүргізушіге «жақындап қалдық, жайлап жүре берсең болады, кешке қарай бала-шағаның көшеге шығатын әдеті, абайлашы» деп ескертіп жатырмын. Бір кезде телефоным шыр ете қалды. Телефонда келінім – інімнің әйелі Балжан «апамнан айырылып қалдық қой» дегені. Дауыстап жылап жатыр. Анашымның пейіліне қарай келіндерінің бәрі адал болды. Кеудемді өкініш кернеп, алқымымды өксік буды. Аллаға шүкір, кімге де болса өлім хақ, тоқсаннан асты, бұл жасқа жеткен де бар, жетпеген де бар. Шүкіршілік. Әжемнің қызымын деп жүріп, жылылық та танытпаппын. Әжеме ұнамай қалады деп анашыма онша иілмейтінмін. «Асыл анашым-ай, тірі кезіңде қадіріңді де білмеппін, ризашылығыңды алып қоштасып та қалмаппын» деп өксіп-өксіп жібердім. Әсіресе, кішкентай кезімде «әжемнің қызымын» деп есіріп, айтқанын жүре тыңдайтынмын. Осылайша анашым қыркүйектің – сағыныш айының ең қасиетті күні – жиырма үшіне үзілді де кете барды. Асыл анам не деген сабырлы едің! Ағайын біткен жиналып қалды, көрісіп, көңіл айтып жатыр. Түн жарымында анашымның сандықтарын ашып, жиған-тергендерін шығарып, абысын-ажынының ортасына тастап жатырмыз. Үшінші сандықты ашып қалғанда қолыма ақ сұрып матаға оралған түйіншек ілінді. Түйіншекті ашып қарасам, ақ сұрып мата – шынкиім мұсылманша, әтір, сабын, мәшине жіп, төрт бүктеліп сарғая бастаған бір жапырақ қағаз. Бәрін қойып, қағазды ашып, ондағы жазылған сөздерді оқыдым. Қызымның қол таңбасын бірден таныдым. Қызымның қолымен жазылған хат – анашымның аманатында жетпіс екі мыңнан бес рет Аллаға мадақ айтып, тәспі аударыпты, соншама рет мәшине жіпті түйіндепті. «Жуындырып-шайындырып болған соң осы мәшине жіпті оң қолтығыма қыстырып жіберерсіңдер» депті. Оны қызым Ақеркеге жаздыртып, бізге аманат етіп қалдырыпты. Енді анашым сен де кеттің мәңгілікке, – қызым Ақерке де сонда. Әлі есімде, ол кезде Шымкенттегі Байтұрсынов көшесінде тұратынбыз. Оған да жиырма жылдай уақыт өтіпті. Анам санаторий, курорт дегендерге құмар емес еді. Сол жылы әйтеуір «Сайрамдағы ардагерлер үйіне барсам барайын, өз қатарларым болады екен, әжік-күжік әңгімелесіп қайтармын» деп сонда барып, қайтарда біздің үйге қонды. Ертесіне демалыс еді, қасына мені отырғызып, «алда-жалда олай-бұлай боп кетсем, шынкиім тілеулес деген, алып қойдым, соның ішінде аударылған тәспінің саны жазылған бір парақ қағаз, қанша тәспі аударсам, сонша түйінделген мәшине жіп бар, соны жуындырып-шайындырып болған соң оң қолтығымның астына қыстырып көмерсіңдер» деді. «Қайдағыны айта береді екенсіз, қайдағы өлім, зуылдап курорттан келдің» деп қоямын. «Әй, мені тыңда апырақтамай,қайда жүрсең де бір өлім, бір дем ары, бір дем бері деген» деп маған жақтырмай қарады. Өлімді мойындап отырған тіп-тік отырысына қарап, қандай ақылды едің деп мейірлене құшақтадым. Өлімді мойындау ерлік қой. Сол сабырлы қалпынан таймастан «өзім жаза алмаймын, сенің қызыңа жаздыртып алдым, дәрет алып ашасың ғой, керек-жарақтың бәрі сол түйіншекте» деп орнынан тұрып кетті. Көңілі босады ма, кім білсін, бұрылып қарамады. Құдайдың құдіретін қайтерсің, шын киім тұрған сандықты менің ашқанымды қарасайшы! Ниеттің түзулігі. Анашым шешесінен гөрі әкесін жақсы көретін. Әкесі Битас өте бақуат кісі болған, арабша сауатты, анамды да ескіше оқытқан. Бір қызығы, әкесі керуенбасы болып жүріп орысша да үйренген, жұрт тілмаш деп атап кеткен. Қызылдар ойқастай бастағанда бір ауыл елді Қырғызстанның таулы ауданына көшіріп алып кетіп, бір ауылды ашаршылықтан аман сақтап қалған екен. Анамды тектіден қалған тұяқ еді деп он алтыға жетпей әкеме өзі қосқан. Әкемнің әкесі, бабалары Созақтың ешкілі байы атанғандар. Кәмпеске басталмай жатып-ақ малдарын елге өз еркімен таратып, кейіннен қызылдардың қолына түсіп айдалып кеткендер. Алғашқы қарқынмен ірі байлардың тізіміне іліккендер, қай архивтен іздесең де таба алмайсың, аты-жөндерін өзгертіп жіберген. Батыр деген атамыз ең алғаш алтын кенін тауып, алтынға көзі шағылысып, көрсоқыр болып қалса да есепке жүйрік, құмаршы атанған. Сөйтіп жүріп ағайындарды Күмісті жайлауына көшірген. Күмісті көлі түнде айдың жарығымен жалтырап жатады екен. Шамасы, алтын құмдардың әсері болар. Ешкімге білдірмей аттарының үзеңгілерін алтыннан құйдыртқан. Елден көшіп, жан сауғалап бара жатып, сом алтындарын ақ киізге орап, Отырабаттағы қызыл көпірдің тұсына көміп, жалғыз қызы он үш жасар сұлу Назымды «не болса да елде қалсын, жолда қарақшылар қыз бен алтынға өш болады» деп жетім бала, божбан Нұғманға қосып кетеді. Кейіннен әке-шешем сол Отырабатқа қоныстанды. Өмірге біз келдік. Шәйдің үстінде анашым әкеме күліп, әзілдеп отыратын. «Әкеңнің көміп кеткен алтынын іздеп жүрсің бе, алтын көшіп кетеді, қамыс оруға бардым» деп сылтауратпай-ақ қой» дейтұғын. Битас атамыздың анашымды әкеме қосқаны да бір ертегі сияқты. «Тектілік қанмен келеді, қаның таза болмаса немен келеді, берекелі жерге бардың қызым, бетіне қарап сөйлеме, алтын киелі болады, кие қонған әулет, дәулетті әулеттің ұрпағына бардың, аш болмайсың» деп айтып отыратын көрінеді. Битас атам босана алмай қиналып жатқан әйелдер жатқан киіз үйдің керегесін әйел жатқан тұсынан қамшысымен бір рет қана тартып жіберсе болғаны, баланың жолы ашылып, шар етіп нәресте дүниеге келеді екен. 2018 жылы анам «әкемнің басына апарыңдаршы, мені» деген соң әкесінің басына апардық. Атамыздың қабірі Қайрағаш деген ауылда. Жарықтықты таудың ішіне, шатқалдың басына жерлепті. Ғасыр өтсе де қырғыздар тұрғызған кесек белгінің бір жері де мүжілмеген. Дәл жанынан бұлақ шығыпты. Бұлақтың оң жағынан қарағаш өсіпті. Тәнті болдым. Қарағаштың сау бұтағы жоқ. Зияраттап келгендер ақ шүберек байлап тастаған. Бұлақтың басына жақын жерге жәшік қойыпты, келгендер тиын-тебен салатын жәшік болса керек. Айнала жағылған шырақтың күлдері. Бұлақтың бастауына құбыр қойып, етектегі ауылға су тартыпты. Не деген қасиет! Түнде ауыл биінің үйіне қонып шықтық, ол кісі «Битас атаның тұқымы» деп бізді отырғызатын жер таппады. Ертесіне ауылдағы қарияларды мешітке жинап, қатым Құран түсірдік. Алланың құдіреті, бұл ауылда жасы жүзден асқан бес-алты қария бар екен. Жүрістері ширақ. Бір қызығы, мына қырғыздардың тілі қазақшаға ұқсайды. Іштей бізден барған қазақтар қырғыздарды да қазақтандырып жіберген екен ғой деп қоямын. Ол ойымды көңілдеріне келмесін деп сыртқа шығармадым, әрине. Құран кәрімді көзілдіріксіз-ақ бірінен кейін бірі кезектесіп оқып жатыр. «Ілгеріде Биташ атамыз өзімен еріп келген қазақтарды ғана емес, қырғыздарды да аштықтан аман алып қалған, аштық қазақтарда ғана болған жоқ, бізде де болған. Керуеншілер керуенмен күнжәра тасиды, сонда адамдар керуеннің жолын тосып тұрады екен, керуеншілер арбадағы күнжәрадан бір-бір түйір лақтырып, жолшыбай қарайламай кете береді екен, күнжәраны қажап, талғажау етіп, талай адам тірі қалды. Сондықтан Биташ атаның әруағын қадірлейміз, кезінде осы отырған қариялардың әкелерін ескіше оқытып, Биташ ата бас болып жындарды осы ауылдан Қашқарға қуған» деді бір қария. Олар Битас атамды Биташ дейді екен. Битас атамыз жындармен сөйлесе алған, бірде әлгі бәленің шашын жұлып алып, үйіндегі Құранның ішіне салып қойыпты. Жындар шашын жұлып алған адамға бағынышты болады екен. Осы сөздерді талай рет әжемнің аузынан естіп, шалын жақсы көрген соң қатты мақтап отырғой деп ойлайтынмын. Енді міне, қырғыз туғандардың аузынан да естіп,  анашымды неге ертерек алып келмедік екен деп ойланып қалдым. «Өз-өзіңді жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін!» деген, Өз атам өзгелерге өнеге болып жатыр. «Сүйегін елге алып кетсек, қалай болар екен?» деген де ой жоқ емес. Жоқ, осында бола берсін, жер дөңгелек, Алла панасына алғаны шығар, сырт елде сүйегі қалса да, көзден таса қалмапты. Аллаға тәуба деп көкірегіме қолымды айқастырып, Аллаға тағзым еттім. Қандай жақсы болды анашымның көзі тірісінде әкесінің басына апарғанымыз. Жүзден асқан бір қария «әкелерімізден Биташ атаның ескі Құраны бар деп естуші едік, сақталған ба?» деп сұрады. Нағашымның үйінің төрінде ілініп тұратын ақ қалтаға салып түймелеп қойған Битас атамнан қалған 1379 жылғы Құран, атамның қажылықтан алып келген әбден тозығы жеткен қалың қоңыр былғары әмияны есіме түсті. Қасиетті Мединеде басылған сол Құран қанша рет аударылды екен? «Атамның бүкіл қасиеті қырғыз топырағында қалып кетпесе екен» деп қабірді сыйпалай бердім, сыйпалай бердім. Жоқ, ол қасиет анашыма да дарыпты. Енді көзім жетіп отыр. Анашым қалдырған бір жапырақ қағазды кеудеме басып, «аманатыңды орындаймын» деп күбірледім. Ертесіне молдадан жуындырып-шайындырушылардың ішіне үш қызын кіргізуді өтіндік. Жуындырып жатып «кешірші анашым еркелігімді, ессіздігімді» деп аяғынан сүйдім. «Жұмақтың кілті ананың табанының астында» деп бекер айтылмаған екен. 
Анашым, денең мұздаса да сен маған ыстықсың. Анашым менің, шын киімге орап қалдырып кеткен аманат хатыңа жауап хатты енді ғана жаздым. Қысылып,тамағыма өксік тығылып, көпке дейін жаза алмадым. Қабыл ал менің хатымды, асыл анашым. Алланың ақ жүзін көруге нәсіп етсін!

Қалыйма ЖАНТӨРЕЕВА.
Пікір қалдырыңыз