Алтын кездік қын түбінде жатпайды

Әлеуметтік желіде өзінің есепке жүйріктігімен елді сүйсінткен төрт жасар Көпбай Ислам Қанатбекұлы  Түркістан облысы, Шардара ауданына қарасты Егізқұм елді мекенінде қарапайым отбасыда дүниеге келген. Ислам – отбасындағы төртінші перзент, үйдің кенжесі.

Әкесі Сайтмамбетов Канатбектің айтуынша, баласының бойында  ә дегеннен қағып алатын құймақұлақтық, зеректік бар. Сірә, бұл қасиет әке жағынан дарыса керек деп топшылайды. Өйткені, Исламның атасы есепті шемішкеше шағатын мықты математик болған екен. Тегінде, қанында бар қасиет ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, әйтеуір біреуіне бақ болып қонары аян. Бұл сөзді анасы Канарбаева Гүлнар да құптайды. 

Оған қоса, ұядай ғана ауыл мектебіне баратын Исламның аға-әпкелері де кілең беске оқитын озат оқушылар сапында. Бәлкім, дарынды баланың есепке деген жүйріктігі, сол бауырларының күнделікті сабаққа деген ыждаһатты қызығушылықтарынан жұққан да болар. Қысқасы, болжам көп. Қалай десек те, қаршадай баланың өжеттігі мен қырағылығы, ой жүйріктігі мен зеректігі жұртты таң қалдырған үстіне таң қалдыруда. Болашағынан зор үміт күттіріп отырған бүлдіршіннің ерекше қабілетін байқаған көрші-қолаң, жанында бірге ойнап жүрген достары оны бейне таспаға да түсіріп алған. 

Ислам бүгінде балабақшаға барып жүр. Кей күндері әлдене жақпай қалса, бұртиып, өзіне «демалыс» жариялап алатын балалығы да жоқ емес. Онысы өзіне жарасады. Тілі 3 жасында кеш шықса да, өзі қатарластарын басып озған Исламды ауылдастары «Есеп шығаратын бала» деп атап кеткен. Оның өзінен де аты-жөнін сұрасаң, дәл осылай жауап береді. Шындығында, Ислам есеп шығарудан еш мүдірмейді және онысына өзі де бек сенімді.

Міне, аядай ғана ауылда Ислам секілді қаншама дарынды, талантты балалар жүр десеңізші?! Кім біледі, бәлкім қазақтың бір баласы ертеңгі күні аты әлемге әйгілі математик атануы мүмкін. Ия, есепсіз дүние жоқ. Есеп білген есесін жібермейді. Қалай болғанда да алтын кездік қың түбінде жатпайды!

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

1 пікір

  • Хамит аға.
    Хамит аға.

    Ислам баламыздың зеректігі жанарынан байқалып-ақ тұр! Ол туралы мақалада атасынан дарыған деген тұжырым айтылған екен. Әрине, тектіден текті туады деген қазак атам. Исламның өнері үстем болсын, математикаға деген ынтасы жоғарылай берсін. Бұл салада алатын асулары мен шығар шыңдары биік болсын!

Пікір қалдырыңыз