Түркістанда жаңа спектакль

«Шинель» спектаклі «елеусіз шенеуніктің» образы арқылы қоғамдағы әлеуметтік теңсіздікті көрсетеді.

2023 жылдың 21-22 қаңтарында Түркістан музыкалық драма театрында Н.Гогольдің «Шинель» шығармасы бойынша спектакль қойылады. Спектакльдің қоюшы режиссері – бірнеше халықаралық фестивальдердің жүлдегері, көпшілікке есімі таныс талантты Фархат Молдағали. Ол бұған дейін аталмыш театрдың репертуарындағы «Фариза» қойылымының сәтті сахналануына еңбек сіңірген.

Н.Гогольдің «Шинель» спектаклі «елеусіз шенеуніктің» образы арқылы қоғамдағы әлеуметтік теңсіздікті көрсетеді. Басты кейіпкер – Башмачкин  өмірінің соңына дейін тіршілік үшін күрескен. Оны кедейшілік пен өзгермейтін бірқалыпты тіршілігі әбден шаршатып, айналасы адам сияқты өмір сүруіне де мүмкіндік бермейді. Мазақтайды, қорлайды, намысын таптайды. Бірақ, ол еш қарсылық танытпастан соның бәріне көндігеді.  Яғни, адамдардың әлеуметтік деңгейі мінез бен қабілетке де байланысты болатынын аңғармай күн кешеді.

- Күндердің бір күнінде қорлық көріп, адамдардың озбырлығынан жапа шеккен шенеунік ескі шинелін жаңасына айырбастағанда ғана бас көтереді.  Дегенмен, қатігез қоғамның тегеурініне шыдамаған ол өлім құшады. Әрі қарай қиял-ғажайыппен жалғасатын спектакль көрерменге көптеген ой салатынына сенімдіміз, - дейді режиссер.

Бұл қойылымның басты ерекшелігі – барлық рольдерді Түркістан музыкалық драма театрының жас актерлары сомдайды. Атап өтсек, Акакий Акакиевичтің рөлінде Айбек Боранбаев, Петровичтің рөлінде Қадыржан Төреханов, Софья Федоровнаның рөлінде Айя Дәрібаева ойнайды. Сонымен бірге, Ақ-Сұлтан Әнуарбек, Мұзафар Ғалымжанұлы және театрдың жас актерлары мен балет әртістері де қойылымға қатысады.

Осы орайда пластика бойынша режиссер Шырын Мұстафина, педагог-кеңесші Ерлан Кәрібаев, композитор Ербол Нариманұлы, сахна суретшісі  Нурлан Тулешов, театрдың көркемдік жетекшісі Айнұр Көпбасарова сынды азаматтардың да «Шинель» спектаклін дайындауға атсалысқанын атап өту қажет.

 

Пікір қалдырыңыз