Кентаудағы жылу орталығы қалыпты жұмыс істеп тұр

Кентау қаласындағы жылу энергоорталығы қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбай жаңа 2023 жылдың алғашқы күнін қоғамдық қауіпсіздік пен коммуналдық қызмет саласының жұмысшыларымен кездесуден бастады. Кентау қаласындағы жылу орталығының жұмысын тексерді. Қысқы маусым кезінде басқа өңірлерде жылу мекемелерінде орын алып жатқан төтенше жағдайдың алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды зерделеді. Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовқа Жылу орталығына қажетті құрылыс жұмыстары бойынша ұсыныс енгізуін тапсырды.
Кентау – еліміздегі моноқалалардың бірі. Мұнда 100 мыңнан астам халық қоныстанған. Кентау қаласындағы №5 жылу энергия орталығы қалыпты режимде жұмыс істеуде. Жылу беру температуралық кесте бойынша жүзеге асып жатыр. Орталықтандырылған жылуға қосылған 14 мың абонент бар. Барлығы толық жылу жүйесімен қамтамасыз етілген. Оның 106-сы бюджеттік мекемелер, 336 көпқабатты тұрғын үй, 2250 жеке сектордағы үйлер, 4 мыңдай коммерциялық нысан аталған орталықтан жылу алып отыр.
2022-2023 жылдары жылыту маусымын сапалы және үзіліссіз өткізу мақсатында Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен, №5 ЖЭО негізгі және қосалқы қондырғыларын, №7,8,11,12 қазандықтарын, №3 турбогенераторды ағымдағы жөндеуге қажетті қаржы қарастырылған. Қазіргі уақытта ағымдағы жөндеу бойынша барлық жұмыстар толығымен аяқталған.
Сонымен қатар, 2022-2023 жылдардағы жылу маусымына қажетті 90 000 тонна қатты отын (көмір), 700 тонна сұйық отын (мазут) және 20 тонна дизельге келісімшарт түзілген. Ол кестеге сәйкес жеткізілуде.
Айта кетейік, Кентаудағы №5 жылу энерго орталығы 1934 жылы салынған. Мамандардың айтуынша негізгі материалдық жабдықтардың 85 пайызы тозған. Бюджеттен бөлінген қаражат электр стансалары мен жылу желілері жабдықтарының ағымдағы жөндеу жұмыстарына ғана жетеді.
Бүгінде Кентаудан жаңа жылу орталығын салу мәселесі қаралуда. Жаңа жылу энергоорталыққа қатысты екі жоба жасалған. Оның бірі – жылу орталығын табиғи газға қосу, екіншісі – жаңа жылу энерго орталығын салу.
Түркістан облысының басшылығы сондай-ақ полиция жұмысымен танысты. Кентау қаланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша 50 бейнекамера орнатылған. Арман Жетпісбай Кентау қаласының әкіміне қала ішінде қауіпсіздікті қамту бойынша бейнекамераларды көбейтуді тапсырды.
Жолдар жабылды
Түркістан облысы аумағында қалың қар жауып, ақтүтек боран соғуына байланысты азаматтардың амандығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін облыстық полиция департаментінің қызметкерлері республикалық, облыстық маңызы бар жолдарға жұмылдырылды.
Облыстық ішкі істер департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Алмасхан Тастанбековтің айтуынша, қолайсыз ауа райына байланысты өңірдегі бірқатар жолдар жабылды.
Атап айтсақ, «Шолаққорған –Шаян» күре жолындағы Одаман асуы, «Шолаққорған – Кентау» жолындағы Ащысай асуы, Бәйдібек ауданының «Қошқар ата – Жарықбас – Бірлік» автожолы, Төлеби ауданындағы «Көксәйек – Нысанбек» жолы және республикалық маңызы бар «Шымкент – Алматы» автожолының Машат – Жамбыл облысы шекарасы аумағы жабық.
Осыған байланысты облыс тұрғындарын аса қажет болмаса жолға шықпауға шақырамыз. Сапар аса маңызды болған жағдайда көлікті мұқият дайындап, көп мөлшерде жанар-жағармай құйып, қосымша сыртқы киімдер, азық-түлік алу қажет.
Ерболат АЙНАБЕКОВ.